Дайындық бөлімінің тыңдаушыларымен кездесу өтті

18 Мамыр, 2022

2022 жылы 18 мамыр күні әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің және Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің «Foundation» бөлімінің тыңдаушыларымен кездесу өтті. Кездесу барысында «Отандастар қорының» қызметкері Еңлік Бердірахманова ұлты қазақ шетел азаматтарына білім бағыты бойынша қандай квоталар қарастырылғандығы жөнінде ақпарат берді.

Онлайн жиын кезінде Ұлттық тестілеу орталығының директоры – Руслан Емелбаев Ұлттық бірыңғай тестілеуді тапсыру талаптарын түсіндірді. 2022 жылы ҰБТ тапсыруға 2 мүмкіндік берілетінін және тіркелу кезінде ұлты қазақ шетел азаматтарына Жеке сәйкестендіру номерінсіз (ЖСН) тіркелу мүмкіндігі берілгенін айтты.

Талапкерлердің көкейіндегі сұрақтардың басым бөлігі тіркелу кезіндегі қиындықтар жөнінде болды. Нақтырақ айтсақ, аты-жөндерін ауыстырып жазып алған студенттер де бар екен. Осы жағдайды өзгерте алмаған тыңдаушылар тиісті мамандардың байланыс номерлерін алып, өзгертетіндігін айтты.

Қоғамның «Қандастарды қолдау департаментінің» бас менеджері Еркебұлан Меңлібаев көші-қон саласы бойынша ақпараттармен бөлісіп, этникалық қазақтардың қандас мәртебесі, ыхтиярхат, азаматтық алу мәселелері бойынша тыңдаушылардың сұрақтарына жауап берді.

 

Дайындық бөлімінің тыңдаушыларымен кездесу өтті