10 мамыр күні “Отандастар Қоры” КеАҚ басшысы Абзал Сапарбекұлы Түркияға іс-сапары барысында Анкарадағы қазақ диаспорамен кездесті.
Кездесу барысында Абзал Сапарбекұлы жиналған қауымды «Отандастар қорының» мақсат-міндеттерімен таныстырып, шетелдегі қазақ диаспорасымен бірлесіп жұмыс атқару, «Киелі Қазақстан» жобасы аясында жастармен байланыс орнату, шетелдегі талантты, танымал қазақтардың базасын құру, Қазақстанға инвистиция тарту, қазақ мəдени орталығын ашу мəселесін қарастырды.
Сонымен қатар білім бағыты бойынша этникалық қазақтардың дайындық курстарына қатысуы, Болонский процесінің Стипендиялық бағдарламасына құжат тапсыру, онлайн қазақ тілі курстарына тіркелу, Түркияда оқып жүрген қазақ студенттерімен бірге қазақша сөйлеу клубтарын ашу, «Отандастар қоры» ұйымдастыратын сайыстарға белсенді түрде қатысу және бірігіп ҚР белгілі азаматтарына арналған жобалар дайындау (поэзия кештері, сурет салу, кітап оқу, т.б.) бойынша жоспарлар талқыланды.