Іс-шараға бірқатар Мемлекеттік органдар, «Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы» РҚБ, отандық бұқаралық ақпарат құралдарының басшылары және журналистері, қоғам қайраткерлері мен сарапшылар қатысты.
«Отандастар Қоры» Вице-президенті Мағауия Сарбасов жиынға қатысушыларға Қоғам Президенті Нұртай Әбіқаевтың сәлемін жеткізіп, жыл бойы атқарылған жұмыс туралы баяндама жасады.
«Қоғам жұмысы мәдени-гуманитарлық, ақпараттық-консультациялық, білім беру және жастар бағыты, зерттеу-талдау, халықаралық институттармен жұмыс, ақпараттық бағыттар бойынша жүргізіледі. Қоғам мәдени-гуманитарлық байланыстарды және шетелдегі қандастардың Қазақстанға деген қызығушылығын арттыру мақсатында «Мәдени іскерлік үйлер» желісін құру жұмысын қолға алуда. «Abai Uii» мәдени-іскерлік үйі 6 мемлекетте ашылды. Қоғам жанындағы Қандастарды Ақпараттық қолдау орталығына 2021 жылы 5600 өтініш келіп түсті. Қандастар мәселесіне қатысты тиісті мемлекеттік мекемелермен 55 іс-шара өткізілді. Шетелдегі бауырларымызбен өзара іс-қимыл және елге оралған қандастарды қолдау мәселелері қазақстандық қоғамның күн тәртібінде өзекті мәселеге айналып, жоғары саяси әлеуметке ие болды, - дейді Мағауия Қанапияұлы.
Сонымен қатар, ол алдағы жылы Қоғам алдына қойылған міндеттер мен мақсаттардың маңыздылығына тоқталып өтті.
Осы ретте биылғы жылы қалың елге қалтқысыз қызмет етіп, елге сіңірген ерен еңбектері үшін «Отандастар қоры» КЕАҚ Қарағанды облысы бойынша фронт-кеңсе сарапшысы Меруеш Башайқызы, Індет күрт өршіген кезеңде Нұр-Сұлтан, Алматы жастарымен бірлесе ұйымдасқан ерікті жастарға бастамашы болған қандасымыз Алтынгүл Мәден, Нұр-Сұлтан қаласында коронавирусқа шалдыққан науқастарға гуманитарлық көмек көрсеткен қандасымыз Тұнық Қапарқызы, Қоғамның ШҚО бойынша фронт-кеңсе сарапшысы Әскерхан Хуанбай, Пандемия кезінде аз қамтылған 210 отбасын азық-түлікпен қамтамасыз еткен Амандос Наурызханға «Халық Алғысы» медалі берілді.
«Қандастарды қолдау» бағыты бойынша елжандылық танытқан Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті, Ішкі істер министрлігінің Көші-қон қызмет комитеті, қоғамдық ұйымдар, отандық жоғарғы оқу орындары, мүдделес мекеме өкілдері мен белсенді жұмысымен көзге түскен Қоғам қызметкерлеріне «Отандастар қорының» КЕАҚ Президенті Нұртай Әбіқаевтің «Алғыс хаты» табысталды.