2021 жылғы 14-15 қазан аралығында Павлодар қаласындағы Естай атындағы Мәдениет сарайында «Қасиетті қазақ елі» халықаралық өнер фестивалі өтті. Фестивальға шетелде тұратын, сондай-ақ тарихи Отанына оралған қандастар қатысты.
Жыл сайынғы өтетін дәстүрлі фестиваль, биыл Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында өткізілді. Фестивальді Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы» қоғамдық бірлестігі өткізді.
Фестиваль аясында вокал-дәстүрлі ән айту, жыр мүшәйрасы, терме сайысы өтіп, қолөнершілердің үздік туындылары жиылған жұртшылыққа көрсетілді. Өнер фестиваліне еліміздің әр өңірінен келетін қандастарымыздан бөлек, Түркия, Моңғолия, Ресей, Қытай, Өзбекстан мемлекеттерінен 40 өнерпаз қатысты.
Шетелдегі дарынды қазақтардың қолөнер, сөз өнерін, ән мен термешілік дәстүрді меңгерудегі шығармашылық шеберлігіне баса назар аударылып, олардың ұлттық нақышта жасалған бұйымдары, кәдесыйлары, өлеңдері мен орындаушылық шеберлігі жұртшылыққа таныстырылды.
«Қасиетті қазақ елі» халықаралық өнер фестивалінің Гран-при иегері мен жүлдегерлерге арнайы төсбелгілер мен дипломдар, бағалы сыйлықтар табысталды.
Фестивальға қатысқан лауреаттарды марапаттау рәсімі өнер жұлдыздарының қатысуымен өткен Гала-концертпен аяқталды.