ҮЛКЕН КӨШТІҢ БАСТАУЫ...

14 Қыркүйек, 2021

2021 жылғы 14 қыркүйекте 16:00-де Қазақстанға қоныс аударушылардың алғашқы легі келді. Жиыны 13 адам (3 отбасы). Қандастарымызды «Отандастар қоры» КЕАҚ өкілдері күтіп алып, Солтүстік Қазақстан облысына шығарып салды.

Сондай-ақ, 15 қыркүйекте көштің екінші легімен Қазақстанның Солтүстігіне бет алған Ираннан көшкен73 қандасымыз (20 отбасы) Маңғыстау облысы Ақтау қаласына ат басын тірейді.
Атажұртқа оралған бауырларымыз 20 қыркүйек сағат 16.00-де Нұр-Сұлтан қаласына Маңғыстау – Нұр-Сұлтан Нұрлы Жол бағытындағы пойызбен келеді. Қандастарымызды күтіп алу іс-шарасы ұйымдастырылып, алыстан келген ағайынға Нұр-Сұлтан қаласының көрікті жерлеріне экскурсия өткізіліп, арнайы ас беріледі.

Бұл көш ҚР Сыртқы істер министрлігі, Еліміздің Ирандағы Елшілігі және Горган қаласындағы Бас консулдығы мен Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы және «Отандастар Қоры» КЕАҚ ұйымдастыруымен, Маңғыстау және Солтүстік Қазақстан облыстары әкімдіктерінің қолдауымен жүзеге асырылуда.

Атажұртқа көшіп келген ағайындар мемлекеттік квота арқылы Еліміздің солтүстік аймақтарында орналастырылатын болады.

ҮЛКЕН КӨШТІҢ БАСТАУЫ...