Биыл ұлттың үнжариясына айналған қасиетті қара шаңырақтың құрылғанына 100 жыл толып отыр.
Тәуелсіз Қазақстан Республикасының бұқаралық ақпарат құралдары саласында Қазақ радиосының алар орны ерекше.
Радионың алтын қорында көненің көзі, асылдың сынығы болған дарынды да талантты тұлғалардың сұқбаттары, бұл-бұл көмей әншілердің әні мен дәулескер күйшілердің күйі және тағы басқа құнды мұраларымыз жинақталған. Баға жетпес рухани байлығымыз сақталған мәдени орданың қадірі мен қасиеті күн санап артып келеді.
Осыдан бір ғасыр бұрын тыңдарманмен қауышып, халық көңілінен шыққан мекеменің халыққа бергенінен әлі де берері көп екені сөзсіз. Елдің көңілін өсіріп, мемлекеттің мерейін асырған түрлі жобалар мен бағдарламалардың желісі үзілген жоқ.
Қазақ тілді радиожурналистиканың ірге тасы қаланған құтты ордада бірнеше аға буын журналистердің ұлағатты еңбек жолы кейінгі жас толқынға үлгі болады.
Былтыр Қазақ радиосы мен Отандастар қорының ынтымақтастығы негізінде «Қандастар» хабары тікелей эфирден таратылып, тыңдарманның ыстық ықыласына бөленді.
Отандастар қоры атынан және жеке өз атымнан ұжым қызметкерлеріне шығармашылық жетістік, мықты денсаулық, отбасыларына амандық тілеймін!
Ізгі ниетпен, «Отандастар қоры» КЕАҚ Президенті Н. Әбіқаев