Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында Түркия мемлекетінің Ыстанбұл қаласында қыркүйектің 23 күні Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының «Жаһандану өркениетіндегі қазақ әлемі» атты Кіші құрылтайы болып өтті.
Бұл жиынға Түркия елінде тұрып жатқан қазақ этносы мен оған таяу орналасқан Алмания, Австрия, Франция және Люксембург сияқты елдерден қазақ диаспора өкілдері қатысты.
Алыстағы ағайын бас қосқан алқалы мәжілістің соңында қандас бауырлар Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Үндеу қабылдады. Сол Үндеу мәтінін жұртшылық назарына ұсынып отырмыз.
«Жаһандану өркениетіндегі қазақ әлемі» атты
қазақтардың Кіші құрылтайына қатысушылардың Қазақ халқына
ҮНДЕУІ
Сыртта жүрсек те көкейден кетпейтін Атажұрт!
Аса қадірлі Қазақ халқы!
Қазір заманның келбеті өзгерді. Жаһан бейнесі бүгінде көз алдымызда басқа реңге айналып барады. Осындай тұста біз ұлттық ерекшелігіміз бен бірегейлігімізді сақтап қалуға тиіспіз.
Қашан да елдің мүддесі мен заманның талабын, ұрпақтың болашағын ойлай отырып, байыпты байлам жасаған халық озады.
Біздің Үндеуді сыртта тарыдай шашылып жүрген 5 миллионнан астам қандастарыңыздың үні деп біліңіздер.
Мақсатымыз – баршамыз болып, болашақты Атажұртпен бірге немесе оның мұраттарымен байланыстыра құру.
Қазақ халқының ғасырлар бойы аңсаған арманы – Тәуелсіздікке қол жеткізгеніне биыл 30 жыл толып отыр. Тарихи Отанымыз орда бұзар жігіттің жасында. Әлемдік өлшеммен, осы бір қас қағым сәтте жаһандық өркениетте қазақ әлемі өз орынын иеленді.
Төрткүл дүниені сүйіндіріп, ажал аждаһасындай болған ядролық полигонды ауыздықтады. Арқа төсіне әсем қала Нұр-Сұлтанды тұрғызды. Мәдени мұрамыздың бары мен жоғын қамтып, шынайы тарихымызды түгендеп келеді. Қазақ хандығының 550 жылдығы, Алтын Орданың 750 жылдығы халықаралық деңгейде, лайықты аталып өтті.
Сан мәрте тұс-тұстан дағдарыс қысқанда, ат аунар уақытта ақыл тауып, тығырықтан шығатын дамудың қазақстандық жолы батылдықпен жасалды. Қазақ елі ынтымақ іздеген жұрт үшін әлемдік бейбіт-сұхбат алаңына айналды. Кеше ғана әлемді алаңдатып отырған Ауғанстан мәселесі елордамызда талқыланды.
Біз, сыртта тарыдай шашылып жүрген қазақ диаспорасы осынау жаһандық өркениетте байсалдылықтың үлгісін байқатқан тарихи Отанымызды мақтан тұтамыз, оның жетістігі мен ықпалын бақылап, жүрегімізбен сезініп отырмыз.
Бүкіл әлемдегі қазақтардың бірлігін жариялаған Тәуелсіз Қазақстан – біздің басты құндылығымыз. Бүгінгі Жаһандану өркениетінде қандастарды тарихи Отанына оралтудың маңызы зор екенін білеміз. Атамекеніне қоныстанған қандастардың елдің демографиялық әлеуетін нығайтуға қосқан үлесі елеулі.
Біз үшін ұлттық бірегейлікті сақтау, ана тіліміз бен этностық мәдениетімізді дамыту – басты қағида. Атажұртпен мәдени-гуманитарлық байланыстың арта түскенін қалаймыз. Елбасының әр қазақты Көк тудың астына жинасам деген арманы – жүрегімізде.
Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы мен «Отандастар қорының» қазақ ұлтын ұйыстыру, қандастарды тарихи отанына қоныс аудару үрдісіндегі рөлі күн сайын артып келеді. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы – қазақ ұлтын ұйыстырудың бірегей институтына айналған.
Осы үндеуді еліміздің Тәуелсіздігін алғашқы болып таныған бауырлас Түркияның алып Ыстанбұл шаһарында жариялап отырғанымыз да айрықша мәнді.
Кемел халқы бар, кемеңгер қайраткерлері қалыптасқан қазақ елі – ғасырдан ғасырға жасай берсін! Тәуелсіздігіміздің тұғыры мәңгілік болғай!
Мимар Синан университетінің профессоры
Әбдіуахап Қара
Қазақ-түрік қоғамының басшысы Фазыл Топлу
Қазақ-түрік білім және зерттеу қоғамының төрағасы
Ертолқын Гайнетуллах
Кёльн Қазақ мәдени орталығының төрайымы Сәдия Сүрер
Қожа Ахмет Ясауи қорының басшысы Ильяс Сака
Ұлыкышла Алтай қазақ ауылын көркейту және қазақ мәдениетін
дамыту қоғамының басшысы Мұстафа Көк
Алтай қазақтары қоғамы басшысының орынбасары Берекет Четин
Конья Исмил қазақ түріктерінің мәдениеті мен әлеуметтік көмек және ынтымақтастық қоғамының төрағасы Мехмет Әлім
Зейтинбурну аудандық кеңес мүшесі Решиде Йүксел
Еуропа қазақ форумының басшысы Өмірхан Алтын
«Көк ту» қазақ мәдениеті қоғамының төрайымы Ләззат Мүләзімоглы
Ыстанбұл қаласы
2021 жылғы 23 қыркүйек
Сөйтіп, қандас бауырлардың Атажұртқа деген ықыласымен қазақтардың «Жаһандану өркениетіндегі қазақ әлемі» атты Кіші құрылтай өз жұмысын аяқтады.
Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы
«Отандастар қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы