«Отандастар қоры» КЕАҚ вице-президенті Мағауия Сарбасовтың қатысуымен Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауын талқылауға арналған дөңгелек үстел өтті.
Қатысушылар Жолдаудың негізгі ережелерін талқылап, Мемлекет басшысы айтқан жаңа жоспарлар мен басымдықтарды іске асыру бойынша пікір алмасты. Білім, денсаулық сақтау, тұрғын-үй құрылысы мен өзге де жаңа серпін берілетін салаларға сенім білдірді. Іс-шара аясында ауған қазақтары жөнінде де мәселелер көтерілді.
Қоғам вице-президенті жиын барысында соңғы уақыттағы Ауғанстаннан мыңдаған босқын келеді, ол жақта мыңдаған қазақ тұрады деген жаңалықтың әлеуметтік желі мен мессенджерлерге тарағанын, ақпараттың шындыққа жанаспайтынын атап өтті.
«Азаматтарды тек ресми ақпаратқа, Сыртқы істер министрлігінің мәліметтеріне сүйенуге шақырамын. Себебі сарапшылардың айтуынша, өзін қазақпыз деп таныстыратын адамдардың көбі қазақ болмай шығады. Тіпті ол жақта ауған мемлекеттік мекеме өкілдеріне пара беріп, ұлтын растайтын құжатты қолдан істеп алуға болады деген де мәлімет бар. Біздің елшіліктегі қызметкерлер әр жағдайды жеке әрі мұқият қарап, елімізге көмекке зәру әр қанадасымыздың аман-есен оралатынына сенімдімін», - дейді «Отандастар қоры» КЕАҚ вице-президенті.
Кездесу соңында Қоғамның Жолдауды түсіндірудегі рөлімен қатар, шетелдегі отандастар мен Қазақстанға қоныс аударуды жоспарлап отырған қандастарды қолдауға бағытталған жобалар туралы айтылды.