Ресейдегі Қазақстан Елшілігінің делегациясы Волоколамск қаласындағы қаһарман панфиловшыларға арналған мемориалға барды

13 Шілде, 2021

Елші Ермек Көшербаев бастаған Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Елшілігінің делегациясы Алматыда жасақталған Панфилов дивизиясының құрылғанына 80 жыл толуына орай салтанатты шараға қатысты.

Оған Мәскеу облысының Волоколамск қалалық округінің басшысы Михаил Сылка, Мәскеу облыстық думасының депутаты Владимир Вшивцев, қазақ диаспорасы мен жергілікті әскери-патриоттық жасөспірімдер бірлестіктерінің өкілдері қатысты.

Еске алу рәсімі барысында Елші 1975 жылы 6 мамырда құрылған қаһарман панфиловшыларға арналған мемориалға гүл шоқтарын қойды.

Салтанатты рәсімде сөз сөйлеген Елші Е. Көшербаев қаһарман панфиловшылардың ерлігі Ұлы Отан соғысының тарихына жаппай батырлық пен батылдықтың нышаны ретінде енгенін, сонымен қатар, Қазақстан мен Ресейде Ұлы Отан соғысында қаза тапқандарды аса құрметпен еске алатынын және әкелеріміз мен аталарымыз айтқан шындықты балаларымыз бен немерелерімізге жеткізу екенін атап өтті.

Өз кезегінде, Мәскеу облысы Волоколамск қалалық округінің басшысы Михаил Сылка Василий Клочковтың «Велика Россия, а отступать некуда. Позади Москва!» әйгілі сөздерін мысалға келтіре отырып, аймақ тұрғындары тек Волоколамск аумағын ғана емес, Мәскеуді жаудан қорғауға ерекше үлес қосқан Иван Панфиловтың қолбасшылығымен Алматыда құрылған дивизияның ерлігін еске алып, ерекше құрметтейтінін айтты.

Мерейтойға орай Елшілік делегациясы Бауыржан Момышұлының мүсініне, Мәңгілік алауға және Нелидово ауылындағы бауырлас зиратына гүл шоқтарын қойып, қаһарман панфиловшылар атындағы интерактивті мұражай-бункердің экспозициясымен танысты.

Мәскеулік ардагер-панфиловшылар тобының өкілі Галина Смирнова 25 жылдан астам уақыт бойы атқарып келе жатқан патриоттық қызметі туралы айтып берді. Оған Ұлы Отан соғысы кезінде қаза тапқан қазақстандық жауынгерлерді іздестіру және олар туралы еске алу шаралары ұйымдастыру кіреді. Қазіргі уақытта еліміздің мемлекеттік органдарына жинақталған электрондық деректер банкінен майданға Қазақстаннан аттанған 600 мыңнан астам сарбаз туарлы мағлұмат жіберілді.

1941 жылғы 12 шілдеде Алматыда 316-шы атқыштар дивизиясы құрылды. Оның қатарына 28 ұлт өкілдері кірді. Жауынгерлері Мәскеуді қорғау кезінде жасаған ерліктері үшін дивизия 17 қарашада Қызыл ту орденімен марапатталды, ал 23 қарашада генерал-майор И. Панфилов атына ие болды.

Ресейдегі Қазақстан Елшілігінің делегациясы Волоколамск қаласындағы қаһарман панфиловшыларға арналған мемориалға барды