«Abai Uii» мәдени-іскерлік үйі әлемнің үш елінде ашылады

12 Шілде, 2021

2021 жылғы 12 шілдеде Нұр-Сұлтанда «Шетелде тұратын қандастармен мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайту туралы» тақырыбында брифинг өтті. Іс-шараға «Отандастар қоры» КЕАҚ вице-президенті Мағауия Сарбасов қатысты.

Брифинг барысында М.Сарбасов шетелде тұратын отандастармен мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтуға бағытталған жобалар туралы және ҚР АҚДМ мен ҚР СІМ қолдауымен іске қосылған «Abai Uii» мәдени-іскерлік үйлерін дамыту жобасы сәтті жүзеге асырылып жатқандығы жөнінде айтып берді.

«Қазіргі таңда «Abai Uii» 5 мемлекетте ресми түрде ашылып, жұмыс істеп жатыр. Енді 2021 жылдың екінші жарты жылдығында «Abai Uii» әлемнің тағы үш елінде, атап айтқанда Моңғолия, Ресей және Қырғызстанда ашу жоспарланған. Осы орайда Қоғам шетелдегі қандастарды қолдау шараларын барлық этникалық қазақтарға қатысты жүзеге асырып келеді. Қазір әлемде 250-ге жуық қазақ мәдени орталықтары бар. Бүгінде «Отандастар қоры» КЕАҚ мәдени-гуманитарлық шаралар ұйымдастыру мақсатында 71 қазақ мәдени орталығымен өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды», - деді Мағауия Сарбасов.

Сонымен қатар «Отандастар қоры» КЕАҚ вице-президентінің айтуынша шетелде тұратын қазақтар үшін қазақ тілін үйрету бойынша 31 онлайн-сынып ашылып, оның аясында 1163 адам оқытылған. Аталмыш курс шеңберінде 333 тегін онлайн-сабақ өткізіліп, 400-ге жуық қандас сертификаттарға ие болды. Ал, 2021 жылы 440 онлайн сабақ өткізіліп, 900 адам өз білімдерін арттырды.

Сондай-ақ қандастардың еліміздегі жоғары оқу орындарға және колледждерге түсуіне мүмкіндіктер жасалғанын атап өткен жөн, ол туралы шетелдегі отандастарымыз кеңінен хабардар.

«Abai Uii» мәдени-іскерлік үйі әлемнің үш елінде ашылады