«Елім менің аңсаған...» байқауының жеңімпаздары анықталды

03 Шілде, 2021


 
Бүгін елордада Атырау облысы Тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен, «Отандастар қоры» КЕАҚ және Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің қолдауымен ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына, ҚР тіл саясатын іске асыру жөніндегі 2020-2025 жылға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында шетелде тұратын қандастар арасында «Елім менің аңсаған...» атты көркемсөз оқу шеберлерінің байқауы өтті.

Байқауды Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова ашып, қатысушыларға сәттілік тілеп, қай уақытта болмасын ана тіліміздің орны бөлек екенін атап өтті. Сонымен қатар, «Отандастар қоры» вице-президенті Мағауия Сарбасов өнер бәйгесіне құттықтау сөзін арнап, Атырау облысы әкімдігіне ризашылығын білдірді.

Тіл сайысына Моңғолия, Өзбекстан, Қырғызстан мемлекеттерінен 13 қандасымыз қатысты. Ана тіліміздің айбынын асқақтатып, тіл тазалығын сақтап, шеберліктерін ортаға салған бәсекеге ақын, әдебиеттанушы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Қазақстан Жазушылар одағы Нұр-Сұлтан қалалық филиалының директоры Д. Кәпұлы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі С. Дүйсенғазы, Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің «Халықаралық әріптестік және интернационализация» бөлімінің басшысы, Phd докторы Қ. Әшірханова қазылық етіп, жүзден жүйрік шыққан таланттарды анықтады.

Қазылар алқасының шешімімен бас жүлде 100 000 тг – Жакейхан Арманбекке (Моңғолия), І орын 80 000 тг – Әділбек Нұрсұлтанға (Моңғолия), ІІ орын  60 000 тг – Перизат Болатханға (Моңғолия) және 40 000 тг мен Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің оқу гранты Балнұр Алибековаға (Өзбекстан), ІІІ орын 40 000 тг Хажайв Күміске (Моңғолия), Әлімжан Туребаевқа (Өзбекстан), Анора Мусабековаға берілді (Өзбекстан). 20 000 тг ынталандыру сыйлығымен  Азамат Жүсіпқалиев (Өзбекстан), Ақмарал Кеңесбаева (Өзбекстан), Наргиза Серикова (Өзбекстан), Нұрдана Қосмұрзаева (Өзбекстан), Әсем Аманова (Өзбекстан) және Алғыс хатпен – Сабина Самратова (Қырғызстан) марапатталды.

«Елім менің аңсаған...» байқауының жеңімпаздары анықталды