Аланияда Абай саябағы ашылды

11 Маусым, 2021

Түркияның Алания қаласындағы саябаққа қазақтың ұлы ойшылы Абай Құнанбайұлының есімі беріліп, ескерткіші бой көтерді. Абайдың 175 жылдығына орайластырылған шара ҚР Түркиядағы елшілігі, ҚР Анталия Консулдығы, Алания Муниципалитеті мен Аланиядағы Қазақстандықтар қауымдастығының ұйытқысымен өтті.

Салтанатты рәсімге Қазақстанның Түркиядағы Елшісі Абзал Сапарбекұлы, Алания муниципалитеті басшысы Адем Мурат Южел, Қазақстанның Анталиядағы консулы Мәулен Ыбырайкұлов, Қазақстанның Аланиядағы құрметті консулы Ахмет Джебежи, қала тұрғындары мен қонақтары қатысты.
 
Шарының шымылдығын түрген Қазақстандық Елші Абзал Сапарбекұлы, Абайдың 175 жылдығына демеу болып, саябақтың ашылуына қолдау көрсеткен Түркия еліне алғысын білдіріп, осы текті шаралардың екі ел арасындағы байланыстарды одан әрі нығаюына септігін тигізетіне сенім білдірді. «Руханиятымыздың темірқазығы, ұлттық болмысымыздың айнасы саналатын ұлы ойшыл мұрасының бауырлас Түркияда ерекше дәріптеліп жатқаны – біз үшін үлкен қуаныш» деп, Мемлекет басшысы Қасым – Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласындағы «Қазір айтып жүрген интеллектуалды ұлт қалыптастыру идеясы Абайдан бастау алды деуге болады. Ұлы ойшыл әр сөзімен ұлттың өресін өсіруді көздеді», – деген сөздеріне тоқтала келе, «Абай атамыздың артынан қалдырған өсиет – өнегесін түсініп, ұғына алсақ, халқымыздың және жалпы адамзаттың өркендеуі жолында өлшеусіз үлес қосатынымыз сөзсіз» деді.
 
Өз кезегінде, жүрекжарды тілектерін білдірген Алания муниципалитеті басшысы Адем Мурат Южел, «қала орталығындағы саябаққа Абай Құнанбайұлының есімін берілуі- қазақ және түрік халықтарының рухани әрі мәдени жақындығын дәлелі» дей келе, қазақтың ұлы ойшылының есімі Алания тарихында мәңгі сақталатынына назар аударды.

Ал, қазақстанның құрметті консулы Ахмет Джебежи, Алания тұрғындары мен қонақтары саябақ арқылы Абайды тануына түрткі болатынын жеткізді.
 
Шара Анталия, Алания қалаларында өмір сүретін отандастарымыздың ұйымдастырған концерттік бағдарламасымен жалғасты. Гүлнұр Ерманова мен балалар хорының орындауында «Көзімнің қарасы», Нұрлан Өтеповтың орындауында Абай Құнанабаевтың «Сегіз аяқ», Гүлнұр Ерманованың жеке орындауында «Айттым сәлем, Қаламқас» әндері шырқалып, ақынның өлеңдері оқылды. Мың бұралған қазақ қыздары «Қамажай» биін билеп, көрерменге таң қалдырды.
 
Айта кеткен жөн, Алания саябағында бой көтерген ақын ескерткішінің авторы Нұрлан Ахметов. Аталмыш шара, 2020 жылға жоспарланған. Дегенмен, пандемия салдарынан кейінге шегерілген болатын.
 
Еске сала кетейік, бұған дейін Анталияның Муратпаша ауданында да Абай саябағы ашылған болатын.
Өз кезегінде, Абай атындағы саябақтың ашылуымен Түркия Республикасының Сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоглу, ТР Ішкі істер министрі Cүлеймен Сойлу және Ұлттық қозғалыс партиясы төрағасы Девлет Бахчели және бірқатар лауазымды тұлғалардан құттықтау жедел хаттары келіп түскендігін атап өтеміз.
 
Ақпарат ретінде білдіретін болсақ, Алания қаласында 100-ге жақын ұлт өкілдері тұрады. Аталған саябақта Абай ескерткішімен қатар, түрік халқының отыздан астам ақындарының ескеркіштері бейнеленген.

Аланияда Абай саябағы ашылды