Шетелдік оқу орындарындағы қазақ тілін оқыту жоғары мәртебеге ие

08 Маусым, 2021

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде «Шетелдік оқу орындарындағы қазақ тілін оқыту мен қандастарымыздың ана тілінде білім алуы» тақырыбында онлайн конференция өтті. Шараның негізгі мақсаты - шетелдегі этникалық қазақтардың білім алуына және тілін сақтап қалуына жағдай жасау, қазақ тілінің таралу аймағын кеңейту, шет елдердегі қазақтар арасында қазақ тілінің мәртебесін көтеру. Конференция модераторы - Халықаралық әріптестік және интернационалдандыру бөлімінің жетекшісі Қарлығаш Әшірханова Маштайқызы.

Алғы сөз Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің Басқарма төрағасы-ректор Саламат Нұрмұханұлы мен Атырау облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Әсия Қыстаубаеваға берілді. Саламат Нұрмұханұлы өз кезегінде: «Тіл – қай ұлттың болмасын тарихы мен тағдыры, тәлімі мен тәрбиесінің негізі, қатынас құралы. Сондықтан да бүгінгі конференциямыздың маңызы жоғары. Бүгінде аталған тақырыпта көтерілген мәселе мемлекет тарапынан үлкен қолдауға ие. Мысалы, ҚР стипендиялық бағдарламасы арқылы еліміздің жоғары оқу орындарында шетелдік қандастарымызды оқыту үшін биыл бакалавриатқа - 490, магистратураға -50, докторантураға 10 орын бөлініп, білім алуға мүмкіндік қарастырылуда. Бұл стипендиялық бағдарламаға құжат қабылдау 7 маусым -20 шілде аралығында жүреді. ҚР БжҒ министрлігі Болон процесі және академиялық ұтқырлық орталығы ұйымдастырып отырған бұл жеңілдіктер қандастарымыздың атамекенінде білім алып, тілін, дәстүрін терең меңгеруге көмектеседі.

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде қолдау шаралары жүзеге асырылып келеді. Қытай, Моңғолия, Иран, Өзбекстаннан келген қандас азаматтарымыз бірнеше жылдан бері білім алып жатыр. Барлық студенттерге сияқты бұларға жақсы жағдай жасалған, жайлы жатақханамен қамтамасыз етілген. Дайындық бөлімдері жұмыс істейді. Қандас студенттеріміз барлық пәндерді ана тілінде оқиды. Университет білім алушылардың мүмкіндіктерін кеңейтіп, қандас студенттерге арналған жобаларға ерекше көңіл бөлнуде» - деп өзекті тақырып төңірегінде жоспарлар мен жасалған жұмыстар бойынша қысқаша шолу жасады.

Конференцияның арнайы қонақтары ретінде шақырылған «Отандастар Қоры» КеАҚ өкілі - Нұрымжан Қасымұлы, Венгриядағы қазақ қауымдастығының төрағасы – Оңайша Мандоки, «Жолдастық» Астрахан облыстық қазақ мәдениеті қоғамдық ұйымының төрағасы, АТМУ Экономика институтының директоры - Равиль Каримович, Орынбор Бәйтерек қорының өкілі - Дана Сабитовна белсенділікпен қатысты.

«Отандастар Қоры» КеАҚ өкілі - Нұрымжан Қасымұлы Зум платформасында арнайы дайындалған презентацияда қазақ тілінің қолданылу аясы, тілді еркін меңгеру методикасына қатысты іс-шаралар мен жобалардың орындалу барысын ортаға салды. Келесі сөз кезегін алған Венгриядағы қазақ қауымдастығының төрағасы – Оңайша Мандоки қазақ тілінің шетелде құрметінің зор екендігін, отандастарымыздың өз тілінде білім алу жағдайы мен дамуы, қазақ мәдениетінің дәріптелуін мақтанышпен ортаға салды.

Шетелдік оқу орындарындағы қазақ тілін оқыту жоғары мәртебеге ие