Санкт-Петербургтегі қазақтардың «Атамекен» ұйымын 30 жылдай басқарған Сәрсенғали Аққулұлы Құспанов ағамыз қайтыс болды деген қаралы хабар келіп жетті.
Сәрсенғали ағамыз 13 жасынан бастап ерінбей еңбек етіп, талай жылдардан бері қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, Санкт-Петербург қаласындағы бауырларымыздың басын қосып, көптеген ізгі шаралардың ұйтқысы болған еді.
Оқу ордасында жүріп «Қазақстандық студент жастардың ұйымын» және ұйым ішінен «Арай» студенттер ансамблін құрды. Кеңес одағы ыдырағаннан кейін «Қазақстандық студент жастардың ұйымы» қазақ диаспорасының «Атамекен» ұйымына ауысты.
Алыстағы ағайын Сәрсенғали ағамыздың бастамасымен «Наурыз» және Қазақстан Республикасының «Тәуелсіздік күнін» жыл сайын атап өтетін. Яғни, көненің көзі, асылдың сынығы болған асыл ағамыз басшылық қызметте жүріп, кейінгі жас буынға үлгі-өнеге көрсетті.
Ағамыз атқарған ерен еңбегі мемлекет тарапынан да, халық тарапынан да жоғары бағаланып, «Санкт-Петербургтің 300 жылдығына», Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 65 жылдығына», «Қазақстан халқы Ассамблеясына 20 жыл», Санкт-Петербург мемлекеттік университетінің директорының «Ұлтаралық қатынастардың дамуына қосқан үлесі үшін» естелік медальдарымен марапатталды.
«Отандастар қоры» және жеке өз атымнан сіздерге қайғыра көңіл айтамын. Марқұмның жаны жәннатта, топырағы торқа болсын!
«Отандастар қоры» КеАҚ вице-президенті М. Сарбасов