2021 жылғы 5 сәуірде Нұр-Сұлтан қаласында Ыстамбұлдағы «Abai Üiі» мәдени іскерлік үйінің жетекшісі Динчтурк Серкан мен Fenerbahce жанындағы Қазақстан футбол академиясының бас үйлестірушісі Вургун Селим «Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы» РҚБ мен «Отандастар қоры» КеАҚ өкілдерімен Fenerbahce спорт клубы жанындағы Қазақстан футбол академиясын ашу жобасы бойынша бірлескен ынтымақтастық шеңберінде ресми кездесу өткізді.
Кездесуге «Отандастар қоры» КеАҚ Вице-президенті Мағауия Сарбасов, «Отандастар қоры» КеАҚ Қазақ диаспорасымен жұмыс департаментінің басқарушы директоры Әділбек Алпысбай, «Отандастар қоры» КеАҚ Шетелдегі отандастарды қолдау департаментінің басқарушы директоры Әлия Әбілдинова қатысты.
Кездесу барысында Мағауия Сарбасов Қоғамның қызметі туралы айтып, елдегі спорттың дамуына қысқаша тоқталды, сондай-ақ Fenerbahce спорт клубы Түркия мен Еуропадағы түрлі спорт жарыстарындағы жетістіктерімен таныс екенін атап өтті. Ол спорт клубының алдағы жұмысына сәттілік тілеп, бірлескен жұмысқа дайын екендігін білдірді.
«Abai Üiі» мәдени іскерлік үйінің аясында іске асқан бірлескен жобаның басты мақсаты – Қазақстанның талантты жастарын әлемдік футбол алаңына тарту, жастардың кәсіби шеберлігін арттыру және жан-жақты дамыту. Сондай-ақ, дарынды жастарды Еуропа мемлекеттері мен Түркияға шақыру мүмкіндігі қарастырылған. Қазақстан балалары Түркияның жазғы спорт лагерлеріне барып, ұмытылмас әсер ала алады. Сапар барысында спорттық жаттығуларға, футболшылармен танысуға және Fenerbahce стадионында өткізілетін спорттық іс-шараларға қатысады. Жас спортшыларды тәрбиелеу кезінде жаттығу сабақтары ағылшын тілінде жүргізіліп, шет тілін үйреніп әрі дамытуға да мүмкіндік болады.
Өз кезегінде, футбол академиясының делегациясы ҚР МСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы С.Ж. Сапиев пен Қазақстан футбол федерациясының Бас хатшысы А.С. Айтқожинмен ресми түрде кездесу өткізді.