Бүгін «Отандастар қоры» және Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының ұйымдастыруымен белгілі жазушы, этнограф Болат Бопайұлының салт-дәстүрі туралы 10 кітабының таныстырылымы өтті.
Салтанатты жиынға жазушы, түрколог-ғалым Тұрсынхан Зәкенұлы, әнші, диктор Серік Әбілұлы және Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы мен «Отандастар қоры» қоғамның өкілдері, қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар қатысты.
Іс-шара аясында елімізге елеулі еңбек сіңірген Болат Бопайұлына «Мәдениет саласының үздігі» атағы беріліп, арнайы төсбелгі табыс етілді. Жиының ашылу сөзінде Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының орынбасары Әділбек Алпысбай этнограф ғалымның еңбектерін атажұртқа қосқан сүбелі үлес деп бағалады.
Сонымен қатар «Отандастар қоры» КеАҚ вице-президенті Мағауия Сарбасов мырза да қазақтың салт-дәстүріне қатысты көптеген еңбек жазып жүрген Болат Бопайұлын бүгінгі марапатымен құттықтап, шығармашылық табыс тіледі.