Наурыз құтты болсын!

22 Наурыз, 2021

ҚҰРМЕТТІ ОТАНДАСТАР!

Сіздерді Ұлыстың ұлы күні, Шығыстың Жаңа жылы – Әз-Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймыз!

Жаратылыс атаулыға жан бітіріп, жан-дүниені жаңғыртар жарқын мереке мерейіңізді асырсын!
Қазақстан Республикасы - алыс-жақын шет елдерде тұрып жатқан барлық отандастарымыз бен тарихи Отанына оралған қандастарымыздың ортақ атамекені.

Сіздер елден жырақта жүрсеңіздер де әркез көңіл көгінде, жүрек төріндесіздер. «Әр қазақ - менің жалғызым» дегендей, біз әрдайым Сіздердің амандық-саулықтарыңызды тілейміз.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың игі бастамасымен қолға алынған Ұлы көштің арқасында миллионнан астам қандасымыз атажұртқа оралып, қасиетті қара шаңырақпен қайта қауышты.

Ал, алыстағы ағайының амандығын ойлап, шекараның арғы шебіндегі бауырларды қолдау мақсатында «Отандастар қоры» КеАҚ көтерген тың бастама, игі идеяларды игеруге Сіздер де сүбелі үлес қосып, ізгі істерді қажымай-талмай қатар атқарып келесіздер. Ұлтты ұйыстыру жолындағы ерен еңбектеріңіз үшін баршаңызға риясыз ризалық білдіреміз.

Биыл ашық аспан көгінде көк байрағымыз желбіреп, бейбіт күннің шұғыласымен Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойына қадам бастық.

Ендеше, егеменді еліміздің ең басты құндылығы - Ұлы Даланың ұлық мерейтойын ала келген XXI ғасырдың 21-інші жылындағы Наурыз мейрамы барлық жақсылықтың бастауы болғай!
Тәуелсіз мемлекетіміздің тұғыры берік болып, тұлғасы биіктей берсін!

Мұраты асыл, мақсаты ортақ барша отандастарға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, баянды бақыт тілейміз!

Зор құрметпен, «Отандастар қоры» КЕАҚ

Наурыз құтты болсын!