Ақын Жәркен Бөдешұлы атындағы халықаралық мүшәйра қорытындысы жарияланды

18 Желтоқсан, 2020

Жасампаз еліміздің жарқын болашағы - жас ұрпақ арасында ақиық ақын Жәркен Бөдешұлының шынайы шығармашылығын насихаттау және өнерге құштар өресі биік жастарға қолдау көрсету мақсатында ұлт руханиятына жанашыр кәсіпкерлердің қолдауымен, Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы және «Отандастар Қоры» КеАҚ, «Alash-CUP» қайырымдылық қоры бірлесе ұйымдастырды. Егеменді еліміздің ең басты мерекесі - Тәуелсіздік күні қарсаңында қазақ поэзиясына бұрылыс жасаған құбылыс ақын, саумал сағыныштың бойтұмарына айналған шайыр-жырау, «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Жәркен Бөдешұлының шығармашылығына арналған «Саркөбелек сағыныш» атты жазба ақындардың халықаралық мүшәйрасы мәресіне жетті.

Аталған жыр додасына Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларымен қатар еліміздің барлық облыстарынан және алыс-жақын шет елдердегі қандастарымыздың арасынан «өлеңге таласы бар» 40 жасқа дейінгі қырыққа жуық жас ақындар қатысты.

Өлең өлкесіне өзіндік өрнегімен келген өнерлі жастардың төл туындыларын сараптап-саралауға, әділетті бағалауға еліміздің көрнекті ақындары республикалық «Төртінші билік» басылымының бас редакторы Төлемырза Темірбекұлы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлтық университетінің оқытушысы Мұрат Шаймаранұлы, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының бірінші орынбасары Ақберен Елгезек, Қазақстан Жазушылар одағы Нұр-Сұлтан қалалық филиалының төрағасы Дәулеткерей Кәпұлы, республикалық «Ана тілі» газетінің бас редакторы Жанарбек Әшімжан және Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы мен «Отандастар Қорының» өкілі Серік Әбдуәлі сынды танымал тұлғалар қатысып, қазылық жасады.

Қазылар алқасының шешімімен Бас жүлде Қытайдағы қандастар арасынан жасындай жарқырап шыққан белгілі айтыскер ақын Ержанат Байқабайұлына берілді. Бірінші орын талантты жас ақын Әділет Ахметұлына (Алматы) , екінші орынды Төлеген Меллатұлы  (Алматы), Ризабек Нүсіпбекұлы (Нұр-Сұлтан) еншіледі. Ал, үшінші орынды Оразай Жеңісұлы (Моңғолия), Наурызбай Жарбосынұлы (Өзбекстан), Көкбөрі Мүбарак (ҚХР) есімді ақындар қанжығасына байлады.   

Сондай-ақ, жыр додасында аламанға атойлап ат қосқан Марлен Ғилымхан (БҚО, Орал қаласы), Мұқағали Мұханбетқалиұлы Сейітқазы (Қарағанды), Ділда Уәлибекова (Нұр-Сұлтан), Дүйсенәлі Әлімақын (Алматы), Үмітбек Бағдатұлы (Түркістан), Құндыз Тасқынбек (ШҚО) қатарлы талабы таудай ақындарға арнайы жүлде тағайындалды. Жеңімпаздардың барлығына ұйымдастырушылар тарапынан Құрмет громатасымен қоса ақшалай жүлде табысталады.

Мүшәйрада оза шауып, олжа салған жеңімпаздарды алдағы уақытта ақын Жәркен Бөдешұлының қатысуымен өтетін «Саркөбелек сағыныш» атты қорытынды шығармашылық кеште салтанатты түрде арнайы марапаттау жоспарланып отыр. Арқалы ақындар бас қосатын алқалы кеште бәйге алған жүлдегерлер жырдан шашу шашса, танымал өнерпаздардың қатысуымен Жәркен Бөдешұлының өлеңіне жазылған әндер шырқалып, жауһар жырлары  оқылатын болады.

Шығармашылық кештің өтетін орыны мен нақты уақыты алдын ала ақпарат құралдары арқылы жарияланады.

 

Ұйымдастыру  алқасы

Ақын Жәркен Бөдешұлы атындағы халықаралық мүшәйра қорытындысы жарияланды