Батыс Қазақстан облысы әкімдігі және «Отандастар қоры» КеАҚ өзара ынтымақтастық туралы меморандум жасасып, Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Серік Егізбаев пен «Отандастар қоры» КеАҚ вице-президенті Мағауия Сарбасов қол қойды.
Меморандумды келісуге БҚО Ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлыбек Даумов, БҚО Ішкі саясат басқармасы Этносаралық қатынастарды дамыту бөлімінің басшысы Қалаубек Темиров, БҚО Ішкі саясат басқармасы Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығы бөлімінің басшысы Анар Ермекова және «Отандастар қоры» өкілі Сәби Түйтебеков қатысты.
Меморандумның басты мақсаты – шетелдік және Қазақстан Республикасына қоныс аударған этникалық қазақтарға қолдау көрсету.
Екі тарап қандастардың қоғамдық бірлестіктерімен халықаралық үкіметтік және үкіметтік емес ұйымдарымен байланыс орнатуына, түсіндіру жұмыстары мен ақпарат алмасуда, мәдени сауаттылықты арттыру, білім беру, спорт, бизнес және басқа да іс-шараларға жан-жақты ұйымдастыруда қолдау көрсетуге келісті.
Сондай-ақ «Отандастар қорының» өкілі Сәби Түйтебеков БҚО «Қандастар үйі» меңгерушісі Мирас Жумагазиевпен және БҚО Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының өкілі Ерболат Сагиновпен кездесіп, қандастарға қолдау көрсету мәселелерін талқылады.