Қытайдан келген қандасымыз Тұнық Қаппарқызы Қытайдағы қандас бауырлар құрған «Бауырсақ» қайырымдылық қоры мен қоса жиналған ақшаны Нұр-Сұлтан қаласында коронавирус ауыруына шалдыққан адамдарға гуманитарлық көмек ретінде беру үшін «Отандастар қорына» хабарласып осы қайырымдылық іс-шараны іске асыру мақсатында көмек сұраған болатын.
Бұл түскен хабарлама бойынша жұмысты Қордың Қандастарды ақпараттық қолдау орталығы қолға алды. Тұнық Қаппарқызына аталған қайырымдылық іс-шарасын іске асыру үшін Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «№ 3 Көпбейінді қалалық аурухана» ШЖҚ МКК-ның директоры Жұлдыз Сейтқамзақызы Данбаевамен байланысқа шығып, мән-жайларды түсіндірген болдық. Өз тарапынан Жұлдыз Сейтқамзақызы Нұр-Сұлтан қаласы бойынша өзіне қарайтын 5 аурухана жайлы айтып және соның ішінде 3 аурухана COVID-19 ауруына шалдыққандармен жұмыс істеп жатқандығын айтты. Одан басқа ауруханаларға жетіспейтін медициналық құрал-жабдықтар мен медициналық бағыттағы бұйымдар қазіргі жағдайға байланысты өте қажет екендігін де айтып өтті. Осы жұмысты жалғастыра отырып Жұлдыз Сейтқамзақызы сатып-алушылармен, арнайы осы бағытта жұмыс істейтін қызметкерлермен байланыстырды.
Барлық алынған ақпарат демеушіміз Тұнық Қаппарқызына толық түсіндіріліп және арнайы осы бағытта жұмыс істеп жатқан қызметкерлерімен байланыстырып жұмысын әрі қарай іске асыруға бағыт бердік. Нақты атап айтқанда, «НЕОМЕДРЕМ» ЖШС-мен «Дефибриллятор-ДКИ-Н-10 АКСИОН» құралын 1 175 000 теңгеге және «Компания Архимед-М» ЖШС-мен 1500 жұп медициналық қолғапты 108 000 теңгеге алу үшін келісім-шартқа отырды. Келісім-шарт бойынша алынған заттар бірден Нұр-Сұлтан қаласы, Республика даңғылы, 50/2 мекенжайы бойынша орналасқан Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «№3 Көпбейінді қалалық аурухана» ШЖҚ МКК-ға жеткізіліп, медициналық қызметкерлерге соның ішінде осы мекеменің директоры Ж.С.Данбаеваға табысталды.
Тұнық Қаппарқызына Қытайдағы қандас бауырлар құрған «Бауырсақ» қайырымдылық қоры есебінен жоғарыда аталған медициналық құрал-жабдықтар мен медициналық бағыттағы бұйымдарға демеушілік көмек көрсетіп жатқаны үшін Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «№3 Көпбейінді қалалық аурухана» ШЖҚ МКК-ның және сол аурухананың директоры Ж.С.Данбаеваның атынан алғыс хат берілді.
Қандасымыз Тұнық Қаппарқызы қайырымдылық іс-шарасын іске асыруға қолдау көрсеткен Отандастар қорына алғысын білдіруде.