Ұлттық біріңғай тестілеу тұңғыш рет онлайн өткізілді

«Білім инемен құдық қазғандай», – дейді халқымыз. Ел ішінде білім алған оқушылар он бір жылдық білімін ұлттық біріңғай тестілеу арқылы анықтайды. Сынақтан алған нәтижесіне қарай жоғарғы оқу орнына түсу мүмкіндігіне ие болады. Тәуелсіздік жылдарынан бері Елбасы бастамасымен ел саясатының басым бағыттарының бірі ретінде қандастарымыз атажұртқа орала бастады. Осы жылдардан бері миллионнан астам азаматтың елге оралғаны көңілге қуаныш ұялатады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елге келгісі келетін қандастарымызға жағдай жасалатынын атап өтті.

Білім саласында қандас жастарды елге шақыру мәселесі өзектілігін жоғалтқан жоқ. Қандас жастардың Қазақстанда оқу үшін шақырту алу мәселесі Білім және ғылым министрлігі тарапынан бір ізді жолға қойылды. Бастапқыда елге келіп білім алса, кейіннен мамандығына қарай жұмыс істеп, отбасын құрып атажұртта қалуына жағдай жасалды. Десе де өзге елде сауатын ашып, мектеп табалдырығын аттаған жастарға елімізге келіп бірден ҰБТ тапсыру қиынға түседі.

Сол үшін Білім және ғылым министрлігі тарапынан талапкерлерді ұлттық біріңғай тестілеуге даярлайтын дайындық бөлімі ашылды. 2018-2019 жылдары 992, 2019-2020 жылдары 1300 қандасымыз дайындық бөліміне қабылданды. 2020-2021 оқу жылына республикалық бюджет қаржыландыратын білім беру ұйымдарының дайындық бөлімдеріне ұлты қазақ Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын азаматтарды оқытуға 1300 орын бөлінді.

Жыл сайын қандастарды қабылдауға арналған квота 2%-дан, 4%-ға өсті. Атажұртта білім алғысы келетін талапкер жастардың саны жыл сайын артып келеді. Биыл ҰБТ тапсыруға 2025 қандасымыздан өтініш келіп түскен. Қандас талапкер жастардың басым бөлігі ҰБТ ел ішінде тапсырды.

«Отандастар қоры» әлемдік пандемияға байланысты елге келе алмай ҰБТ тапсыру мүмкіндігінен шет қалған қандастарымыздың мәселесін көтерді. Жұмыс барысы үш ай уақытқа созылды.

Нәтижесінде Білім және ғылым, Сыртқы істер министрліктерінің, Ұлттық тестілеу орталығының қолдауымен, ҚР аумағында короновирустық инфекцияның пайда болуы мен таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысында шетелде қалған талапкер қандастарға ҰБТ «Онлайн» өткізу шешімі қабылданды. Бұған дейін елімізде ҰБТ онлайн режимде өткізілмеген. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл», – дегендей бірігіп атқарған жемісті қызмет аясында 733 қандасымыз 19 шілде онлайн ҰБТ қатысты. Қандас талапкерлердің онлайн тест тапсыруына атсалысқан барша мамандардың қызметіне ризашылығымды білдіремін», – дейді «Отандастар қорының» вице-президенті Мағауия Сарбасов.

Шеттегі қандас талапкерлеріміз «Отандастар қоры» көтерген мәселенің оң шешім табуына ықпал еткен Ұлттық тестілеу орталығы, Сыртқы істер мен Білім және ғылым министрлігіне алғысын жеткізді.

«Бүкіл әлемді жайлаған covid 19 індетіне байланысты шекара жабылып біз Қазақстандағы ұлттық біріңғай тестлеуге қатысу мүмкіндігінен шет қалдық. Дегенмен, «Отандастар қоры» мәселе көтеріп, ҰТО, Сыртқы істер мен Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен шетелде қалып қойған қазақ балаларына онлайн ҰБТ тапсыруға рұқсат берілді. Бұл бізге жасалған үлкен жеңілдік болды», – дейді Қазақ иновациялық гуманитарлық-заң университетінің тыңдаушысы Баян-Өлгей аймағындағы қандасымыз Ержан Аманжол.

Талапкерлер 2020 жылы 19 шілдеде өткізілген онлайн тестілеу барысының бейнежазбасын Ұлттық тестілеу орталығына жібермесе, тест нәтижесі шықпайды. Тестілеу нәтижесі тек бейнежазба қаралғаннан кейін ғана жарамды болып табылады. Бейнежазба Ұлттық тестілеу орталығының nct-kt@mail.ru поштасына жіберілмеген жағдайда, тестілеу нәтижесі жойылатын болады.

Қазақ еліндегі қандас жастарды ҰБТ дайындайтын оқу ордалары қиын кезеңде шетелде жүрген қазақ жастарын өз тарихи отанында оқып, білім алуына, болашағын қазақ елімен байланыстыруына зор мүмкіндік берді. Талапкер қандас жастар тесттен алған бағасына қарай ел ішіндегі оқу ордаларының студенті атанады. Бұл әр талапкердің тесттен алған нәтижесіне қарай жеке қаралады.

30 Шілде 2020

Кері байланыс

Записаться