Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының жетекшісі Арман Сүйіндіков – атамекенді аңсап, үкілі үмітін арқалай келген қандастарымыздың бірі. Ол бүгінде өңіріміздегі қаракөздердің қатарын қалыңдатуға күш жұмылдырумен қатар, қазағымыздың ұмыт бола бастаған кейбір ұлттық құндылықтарын қайтадан жаңғыртуға көңіл бөліп жүр. Жақында жүрегі қазақ деп соққан азаматпен сұхбаттасудың сәті түсті.
– Қазақстан – өзге мемлекеттерде тұратын отандастарын көшіріп алып жатқан әлемдегі санаулы елдердің бірі. Бүгінгі күнге дейін тарихи Отанына бір миллионның үстінде қазақ қоныс аударды деген дерек бар. Өзіңіз өзге мемлекеттен көшіп келген қазақтардың бірі ретінде бұл көштің мән-маңызын ашып айтып берсеңіз.
– Атамекен – сыртта жүрген әр қазақтың ең басты арманы десем, қателеспеймін. Шынында да, еліміз 1992 жылдан бері шекарадан сырт өмір сүріп жатқан бауырларымызды жаппай көшіруге көп күш жұмсап келеді. Осындай игі істің нәтижесінде өткен отыз жылға жуық уақыт қаншама қазақ туған елімен қайта қауышты. Менің Кенжалы Сүйіндіков деген арғы атам 1930 жылдардағы аштық кезінде Ресейдің Түмен өңірін паналауға мәжбүр болған. Түрлі қиындықтарды бастан кешірген, бір үзім нанға зәру оның өзге елге барған кездері болыпты. Бірақ атам еңбексүйгіштігінің арқасында екі қолға бір күрек тауып, тұрмысын түзеп алған. Омбы мемлекеттік университетінде білім алып жүрген кезде өзімнің шыққан тегім туралы ойлай бастадым, Қазақстаннан келген студенттермен жақынырақ араласуға талпындым. Кейін туған жеріме оралу жөнінде арман пайда болды. 2006 жылы көшуге шешім қабылдар сәт жеткенде Қызылжарды таңдадым. Анам сол жақта қалды. Өмірінің біраз жылын ұстаздыққа арнаған ол Ресейдің еңбек сіңірген мұғалімі деген дәрежемен зейнеткерлікке шықты. Қазақстанға аттанарда маған батасын беріп: “Балам, сен әлі жассың, туған жерде барлық арман-мақсаттарыңды іске асыруға, өз ұлтыңмен бірге болуға мүмкіндік зор. Немерелерім де өзге елдің суын ішкенше, өз жерінде ұрпақ өрбітсін”, – деп шығарып салған еді. Сөйтіп, көптен аңсаған атақонысқа келіп, үйірімізге қосылып, үзілгенді жалғап жатқан жайымыз бар. 15 жылға жуық уақыт бойы Қызылжар өңірінің азаматтарымен дәм-тұзымыз жарасып, бақытты ғұмыр кешудеміз. Көгіміздегі аспанымызға, басқан топырағымызға, ішер суымыз бен татар дәмімізге ешкімнің таласы жоқ. Қанымызға сіңген еркіндікті ерекше сезініп, бұл жер өзіміздікі екенін жан-тәнімізбен түйсіндік. Жергілікті қазақтар да өзге елден келдің деп шеттеткен жоқ. Мемлекет тарапынан да біраз жеңілдіктер жасалды. Азаматтық алу, құжаттарды реттеу мәселелерін шешуге бір жылдай уақыт кеткенімен, туған топыраққа оралу қуанышы барлық қиындықтарды ұмыттырып жіберді.
– Мамандығыңыз тарихшы-этнограф екенін, көші-қон мәселесін зерттеп жүргеніңізді естідім. Қазақ тарихында бұған дейін болған көштер туралы не айтасыз?
– Қазақ елінің тарихына көз жүгіртсек, соңғы төрт ғасырға жуық уақытта өз ата жұртынан бірнеше рет көшуге мәжбүр болғанын көреміз. Оның алғашқысы, тарихта “Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама” деп аталатын оқиғадан бастау алады. Екіншісі, бір бүйірімізден – орыс, екінші бүйірімізден қоқандықтар қысқан кездегі жағдайлар. Осы бір қысылтаяң сәттен кейін ата-бабамыз өз жеріне қайта оралғанымен, кең-байтақ өлкені түгелдей мекендеу құқығынан айырылды. Тянь-Шаньның маңын паналады. Қытайлар басында қарсылық білдіргенімен, кейін қазақтарға қыстау, жайлауға жер бөліп берді. Бірақ ештеңеден күдігі жоқ қарапайым халық басында Қытайдың бұл саясатының терең сырын түсіне қойған жоқ. Жылытау мен Пекинде өкілдерін қабылдап, сый-сияпат көрсетіп, “көшіп келген жерінен кері жөнелтпегеніне риза болып отыра берді. Ал, негізінде, қытайдың жымысқы саясаты осыдан кейін басталды. 1864 жылы ойда-жоқта Ресей мен Қытай арасында “Батыс солтүстік шекараны тексеріп отыру шарттарының белгілері” деп аталатын шартқа қол қойылды. Онда: “Бұдан былай шаруалар қоныстанған жерлер екі елдің қайсысына белгіленген болса, бұл аумақ сол мемлекеттің қарамағына өтеді” деп шорт кесті. Жобаны жасау кезінде ешкімнің жергілікті халықтан пікір сұрамағаны айтпаса да түсінікті. Өйткені, бұл істің бәрі жасырын түрде жүргізілді. Сөйтіп, қазақ жері саудаға түсті.
Аштық, соғыс жылдарында да қазақтар Ресейге, Қытайға одан әрі орналасқан елдерге қоныс аударуға мәжбүр болды. Салдарынан бірте-бірте санымыз кеміп, әлемге тарыдай шашырап кеттік. Бүгінде бір Ресей елінің өзінде бір миллионға жуық қазақ тұрады. Іргедегі Қорғанда – 12, Түменде – 30 және Омбы облысында 100 мың қандасымыз өмір сүруде. Бұдан басқа түрлі өмірлік жағдайларға байланысты өз еркімен қоныс аударған отбасылар қаншама?
– Арман Масұғұтұлы, дүниежүзі қазақтары қауымдастығы көші-қон мәселесінде, жалпы әлемдегі қазақтармен байланыс орнатуда біршама істер тындырып жатқанын білеміз. Бірақ бәрін бірден көшіріп алып жатқан жоқпыз. Сондықтан шетте қалған қандастарымыз өз ана тілінен, ұлттық құндылықтарынан ажырап қалмауы үшін нендей шаралар атқарылуда?
– Өкінішке қарай, шетелде тұратын жастардың біразы қазақ тілін мүлде ұмытты деуге болады. Солардың бірі – мен едім. Қазақстанға көшіп келгенге дейін қазақша мүлдем сөйлеген емеспін. Құдайға шүкір, қазір тілім қайта сынды. Жат жұртта жүрген бауырларды тілді білмейді екенсің деп кінәлау да артық. Өйткені, көп елдер өздерінің мемлекеттік тілдеріне басымдық береді. Қауымдастық осы жайтты ескеріп, қазақ сыныптарын ашуға, ана тіліміздегі әдебиеттерді таратуға, үйірмелер ашуға көңіл бөліп отыр. Бұдан басқа ұлттық мерекелерде шетелдік қазақтардың басын қосуға тырысып, түрлі шаралар өткіземіз.
Сыртта жүргендер ғана емес, өңірімізге қоныс аударғандарға да қолдау көрсетеміз. Қандастарымызға құжат ресімдеу, азаматтық алу және бизнес ашу ісінде көмек беруге талпынамыз. Туған жерге келіп, аяғынан нық тұрып кеткен кәсіпкерлер де бар. Өзбекстаннан көшіп келген Жаңабай Пірманов деген азаматты көпке үлгі қылып айтуға болады. Бүгінде ол мал шаруашылығымен айналысуда. Өз ісін ашып, ел экономикасына пайдасын тигізіп жатқан осындай азаматтардың қатары қалың. Тұрғынжан Шәлен, Алмагүл Абдолхан, Сәлкен Сұлтанов есімді қандастарымыз елді көркейтуге атсалысуда. Олар қайырымдылық шараларында да үнемі белсенділік танытады. Карантин кезінде Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының өңірлік филиалы жомарт жандардың басын қосып, қиын жағдайға тап болған отбасыларға материалдық және қаржылай көмек көрсетті. Алыстан келген ағайындардың отбасыларына бетперделерді тегін таратып, жұмысқа орналастыру, азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселелерін шешуге тырыстық. Бұл істе шетелден көшіп келген бизнесмендер де белсенділік танытты.
– Сіз сыртта өскеніңізді айттыңыз. Шетелдегі қазақ пен еліміздегі қазақтың мәдениетіндегі, тұрмыс-салтындағы айырмашылық қандай?
– Айырмашылық жер мен көктей. 70 жыл бойы империяға тәуелді болғандықтан, қазақ халқының бір буыны еркіндікті толық сезінбей жетілді. Бұрынғы тарихи оқиғалардың өзін айтпаған күнде кеңес өкіметі қарапайым мылтық өндіруді бірнеше өңірге бөліп тастады. Ұңғысын бір шетте, қарауылын бір шетте, құндағын бір шетте, оғын бір шетте жасатты. Біріне-бірін тәуелді қылып қойды. Ал шетелдегі қандастарымыздың көбі еркін өсті. Тарихқа да, әдебиетке де, әнге де жүйрік. “Елге ел қосылса – құт” дейді ғой қазақ даналығы. Шеттен келген бауырларымызбен бірге елге рухани құндылықтарымыз да оралып, ұлттық мәдениетіміздің дамуында жаңа серпін пайда болғанын мақтанышпен айтуға тиіспіз. Шұрайлы тіліміз бен бай әдеби мұрамыз, діни сенім-нанымымыз, салт-дәстүрлеріміз, ұлттық қолөнер туындыларымыздың қатарына соңғы отыз жылдың ауқымында жаңа қазына болып қосылып, одан әрі байыта түскендей.
– Шетте жүрген, әлі елге келе қоймаған қазақтарға не айтасыз?
– Біреуге төреші болу оңай. Ал өзіңе-өзің сыншы болу одан да маңызды. Ең бастысы, қайда жүрсек те, әсіресе, жас ұрпақ қазақтың тарихи Отаны біреу-ақ, ол – Қазақстан екенін ұмытпауға тиіспіз. Өзге жерде жүрген замандастарыма тамырыңды тарихи Отаныңда жаюға тиіссің деп үнемі айтып жүремін. Олар туған елімен байланысын нығайтып, ата-салтын сақтап, ана тілін ұмытпай өсуі қажет деп есептеймін.
– Әңгімеңізге рақмет.
Сұхбаттасқан Гүлбике КУБЕНОВА, “Soltústik Qazaqstan”.
Суретті түсірген Амангелді БЕКМҰРАТОВ.
Дереккөз: http://www.soltustikkaz.kz/index.php/leumet/11934-atamekenge-oralu-shettegi-r-aza-ty-armany