«Абай әлемі» байқауы 1 атпадан кейін аяқталады

23 Маусым, 2020

Армысыздар, ардақты ағайын! Қадірлі қандас бауырлар! «Отандастар қоры» жер-жаһанға жариялаған халықаралық «АБАЙ ӘЛЕМІ» байқауының аяқталуына тура 7 күн қалды!

Қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаған ұлтымыздың ұлы тұлғасын ұлықтау арқылы иісі қазақты әлемге әйгілейтін игі шараға белсене атсалысайық!

Күні бүгінге дейін бізге алыс-жақын 5 мемлекеттен 33 бейнеролик келіп түсті. Байқауда бақ сынасуға ниет білдірген ағайынға айтар алғысымыз шексіз! Алайда аламанға ат қосқан қандастардың қарасы әлі де аз. Ойшыл ақын, ғұлама философ, кемеңгер ағартушы Абай Құнанбайұлы - ғаламдық тұлға!

Әлемдік әдебиетте «Планетарлық тұлға» деп танылған хакім Абайдың 175 жылдығы халықаралық деңгейде аталып өтуі тиіс. «Отандастар қоры» қолға алған байқау осы бағыттағы іс-шараның бірі.

Ендеше елдігімізді танытып, ұлтымызды ұлықтайтын шақта кежегемізді кейінге тартпай, байқауда бақ сынасайық! Жүзден жүйрік шығып, жүлде алғандар «Туған елге» тегін саяхат жасайды! Халықаралық сайыстан қапы қалмайық, қандастар!

Байқауға видеороликтер маусым айының аяғына дейін қабылданады. Байқау қорытындысы алдағы шілде айының алғашқы аптасында жарияланады!

? БАЙҚАУ ШАРТТАРЫ:

Әр қатысушы келесі 5️⃣ қадамды орындау керек:

1️⃣ Абай өлеңдерінің бірінен үзінді оқуы керек (кемінде екі-үш шумақ)

2️⃣ Абайдың «Қара сөздерінің» бірін таңдап, үзінді оқуы керек (кемінде бір абзац)

3️⃣ Абай әндерінің бірінен үзінді орындауы керек (кемі бір шумақ+ қайырмасымен)

4️⃣ Осының бәрін БІР видеоға түсіріп, өзіне ыңғайлы әлеуметтік желіге (Инстаграм, Фейсбук, ВКонтакте, Твиттер) салып, #OtandastarAbai175 хэштегін (МІНДЕТТІ ТҮРДЕ) жазып жүктеуі қажет.

5️⃣ Видеоның басында аты-жөніңізді, қай елден екеніңізді және жасыңызды АЙТЫП және ЖАЗЫП қоюыңыз керек.

? БАЙҚАУҒА КІМ ҚАТЫСА АЛАДЫ?

✅ Алыс-жақын шет елдердегі қазақ жастары

✅ Жасы 18 бен 35 аралығында болуы шарт

Ұлы ақынның ұлағатын паш етіп, Абайдың ғаламдық тұлғасы мен шығармашылығын дәріптеу арқылы күллі әлемге ұлтымызды ұлықтайтын байқауда баршаңызға сәттілік тілейміз!

«Абай әлемі» байқауы 1 атпадан кейін аяқталады