Бүгінгі қонағымыз Моңғолияның Ұлан-Батыр қаласындағы «Ел бірлігі» Үкіметтік емес ұйымының жауапты маманы – Сандуғаш Қариқызы. Ол тағам өнімдерінің технологы, педагогика ғылымының магистры.
Қандасымыз Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы мен «Отандастар қоры» ұйымдастырған жоба аясында ақ тағамдардың ішінде жасалуы оңай, тағамдық қуаты мол ұзақ сақталатын тамақтың бірі – мәйек ірімшік жасапты. Қазақтың бұл керемет те пайдалы тағамын әзірлеп, сіздермен бөлісуді жөн санаған Сандуғаш арнайы видео да түсіріпті. Соны сіздердің назардарыңызға ұсынамыз. Бірге істеп үйренейік, ағайын!
Сонымен, ірімшікті жасау үшін сүтті қазанға құйып аздап жылытады, пісірмейді. Осыдан кейін «мәйек» деп аталатын сүт ұйытқышты әлгі қазандағы сүтке салады.
Сүт 5-10 минут ішінде ұйып болады. Мұның өзі сүтті ашытпай ұйытып, тәтті дәмін сақтап қалу үшін аналарымыздың ойлап тапқан тапқырлығы.
Мәйек дегеніміз – ірімшік қайнататын сүтті тез, шымыр ұйыту үшін жас төлдің жұмыршағынан жасалатын ұйытқы. Бауыздалған төлдің жұмыршағынан өңезді қырып алады. Соған азырақ айран құйып, ішекке салып шаңыраққа іліп қойса, біраздан кейін ол ашып кебеді. Осы мәйекті жылы сүтке малып, шайқап бетін жауып қойса, сүт балдыр секілді ұйып қалады.
Ал сиырдың мәйегін соғым кезінде тұздап кептіріп қояды да, ақ шыққан уақытта ақ ірімшіктің жылы сарысуына салып 2-3 күн ашытып қояды. Осыдан кейін ашыған сары суды жылы сүтке құйып ұйытады. Мәйек салып ұйытқан сүтті пышақпен торлап тіледі де, қайната бастайды.⠀
Әрі-беріден соң ұйыған сүт бөлектеніп, сары суы іркіліп, ақ ірімшікке айналады. Бір бұрқ етіп қайнаған соң оттың қызуын азайтып ірімшік қызарғанша қайнатады. Осылай ірімшіктің сары суы да азайып, қызара қойылады. Содан кейін қазандағы қызыл ірімшікті сүзіп алып, сөреде кептіреді.