Осыған дейін «Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы» мен «Отандастар қорының» бастамасымен «Қазақтың ұлттық тағамдары - Ұлы дала бренді» жаңа жобасы басталған еді.
Қазақтың емдік қасиеті бар ет-сүт және нан-ұн тағамдарымен таныстыру, оларды әзірлеу, ұлттық тағамға деген қызығушылықты ояту, экологиялық таза өнімдерді пайдалану арқылы ұлт денсаулығын нығайту және халықаралық қауымдастықта қазақ тағамдарының француз, итальян, қытай, орыс дастарқанымен тепе-тең тұрарлық дәрежесін дәріптеп, лайықты орнын бекітуге бағытталған бастамамыз әлемнің түкпір-түкпіріндегі қандастар арасында кең қолдау тапты.
Онлайн-конференциямызда Швейцариядан, Германиядан, Ираннан, Түркиядан, Алматы, Нұр-Сұлтан, Павлодар қалаларынан және басқа елді мекендерден өздерінің жақсы тілектері мен пікірлерін жіберген қандастарымызға, отандастарымызға алғысымызды айтамыз!
Бізге жан-жақтан ұлтымыздың асыл да пайдалы тағамдары туралы фотолар мен видеолар келуде. Бүгін назарларыңызға солардың бірін ұсынуды жөн көрдік.
Сонымен алғашқы видеоны Францияның астанасы Париж қаласынаң Орталық Азия елдерінің ас мәзірін дайындайтын "Chez Mademoiselle" мейрамханасының иесі Гаухар Ассион ханым жіберді. Сонау алыс шетелдегі қандастарымыз ұлтымыздың дәстүрін ұмытпай, жобаға қолдау ретінде ақ дастарханын киелі сары бауырсаққа толтырып, үстелге ет пен қазы-қарта қойыпты. Ыстық ықыласпен қабыл алып, бізде жылы лебізімізді жолдаймыз!
Ал біз еске сала кетейік, "ЭКО бренді және салауатты өмір салты" жобасының жетекшісі, "Ас-Арқау" компаниясының басшысы, «Kult.fora» рухани адамгершілік, мәдени құндылықтар қоғамдық қорының төрағасы Өнерхан Сансызбайдың қатысуымен өтетін онлайн конференциялар әлі де жалғасуда. Кезекті кездесуіміздің уақытын қосымша хабарлаймыз.
20-ші маусымға дейін Ұлттық тағамдарымызды қазақстандық, әлемдік брендке айналдыру туралы нақты ұсыныстарыңызды, ой-пікірлеріңізді күтеміз! Байланыс үшін +7 775 174 15 72 (ватсап) жане ana.chak@mail.ru