ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы биылғы жылдың 22-28 маусым аралығында «Отандастар қорының» қолдауымен шет елдердегі қазақ диаспорасы балаларына арналған қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша «Қазақстан - ата жұртым, қасиетім - ана тілім» атты XVII Халықаралық олимпиадасын өткізуде.
Әлемдік деңгейде таралған коронавирустық инфекция пандемиясының салдарынан, жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан Олимпиада ұйымдастыру комитетінің шешімі бойынша тұңғыш рет қашықтықтан өткізіліп отыр.
Олимпиада қазақ тілі мен әдебиетін терең білетін қазақ диаспорасы балаларының арасынан дарынды оқушыларды анықтауды, олардың ана тілі мен қазақ әдебиеті, қазақ халқының тарихы, мәдениеті мен өнері жөніндегі танымдық қабілеттерін арттыруды, әлемнің әр елінде тұратын қазақ жастары арасында достық байланыстың орнауына ықпал етуді, сондай-ақ қазақ диаспорасы өкілдері арасында қазақ тілін меңгерудің маңыздылығын арттыруды көздейді.
Сонымен қатар, олимпиаданың негізгі мақсаттарының бірі - қазақ жастарының еліміздегі жоғары оқу орындарында білім алып, болашақта елге оралуларына ықпал ету.
Олимпиада екі кезең бойынша өткізілді:
• 1 кезең – эссе жазу (берілген тақырып бойынша жазу);
• 2 кезең – шығармашылық өнер көрсету ("Қазақстан - ата жұртым, қасиетім - ана тілім" тақырыбына үй тапсырмасы музыка, театр, поэзия, кескіндеме және т.б. құралдарымен ерекше түрде).
Қатысушылардың саны бойынша биылғы Олимпиада рекордтық көрсеткішке ие. Ең көп қатысушы Өзбекстан Республикасынан болса, Бельгия елінен оқушылар тұңғыш рет қатысуда.
Ресей, Қытай, Иран, Қырғызстан, Монғолия, Өзбекстан, Түркіменстан мен Түркия елдерінен оқушылар жыл сайын дәстүрлі түрде Олимпиадаға қатысып, олардың ішінен ең білімпаздары жеңімпаз атанып, еліміздің жоғарғы оқу орындарында білімдерін жалғастыруда, ал олардың алғы буыны елімізде еңбек етіп қызмет жасап жатыр. Биылғы олимпиадаға қатысқан оқушылардың жалпы саны 146 қатысушы.
Олимпиада қазылар алқасының мүшелері еліміздегі танымал жоғарғы оқу орындарының ғалымдары мен белсенді білім қайраткерлерінен құралған.
Олимпиада қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің I, II, III дәрежелі дипломдарымен қоса бағалы сыйлықтармен марапатталады.
Бұдан бөлек, жақсы нәтижелер көрсеткен қатысушыларға «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының түрлі номинациялар бойынша тағайындалған дипломдары мен арнайы сыйлықтары беріледі, сондай-ақ «Отандастар қорының» сыйлықтары табысталады. Олимпиаданың барлық қатысушыларына қатысшы сертификаты беріледі.