«Отандастар қорының» бірінші вице-президенті Талғат Адуов пен Департамент директоры Ғазиз Тастаев Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтың қабылдауында болды.
Кездесу барысында қандастардың экономикалық-әлеуметтік бейімделеуі, жұмысқа орналастыру, мемлекеттік бағдарламаларға қатыстыру, қосымша мамандық игеру, этникалық қазақ жастарын оқыту, көршілес елдерде тұратын қандастарымыздың балаларына арналған жазғы лагерді елімізде ұйымдастыру сынды қандастарға қатысты өзекті мәселелері қарастырылды.
«Отандастар қоры» жұмысының тиімділігі мен нәтижелілігін арттыруға байланысты бірқатар жұмыстар ұйымдастырылды. Шетелдерден көшіп келген қандастарды нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы бойынша оңтүстіктен-солтүстікке қандастарды көшіруге және олардың қоныс аударуына қолдау көрсетіп келеміз», - дейді «Отандастар қорының» бірінші вице-президенті Талғат Мұбарақұлы.
Өз кезегінде қала әкімі Мұрат Әйтенов Шымкент қаласына 1991 жылдан бері көптеген қандастарымыздың елге оралғанын және ел дамуына өзіндік үлес қосқанын атап өтті. «Нұрлы көш» мемлекеттік бағдарламасы бойынша Өзбекстан елінен көшіп келген қандастарымызға арнайы салынған «Асар» тұрғын үй кешенінде 3800 отбасы, яғни 25 мындай қандастарымыз тұрақты тұрып жатыр. 8 мемлекеттен келген қандастарымыз Шымкент қаласында қоныстанғанын жеткізді.
Қала әкімімен кездесуден кейін Талғат Мүбәрәкұлы мен Ғазиз Жотабайұлы Шымкент қаласына көшіп келген қандастармен жеке қабылдау өткізді.
Қабылдау аясында Ауғанстаннан көшіп келген 83 жастағы Шариғат Шарапиден ақсақал Ауғанстанда бүгінгі күнге дейін 500 мыңға жуық этникалық қазақ тұратынын жеткізді. Олардың елге оралғысы келетінін, кейінгі жылдары әр түрлі жағдайларға байланысты Қазақстанға көшу үрдісінің азайғанын тілге тиек етті. Ең басты мәселе елге келген қандастардың тұрақты тіркеуге тұру мәселесінен бастап, ҚР азаматтығын алу жолындағы заң актілерінің күрделілігі мен қандастарды әуре-сарсаңға түсіргенін айтады. Сондай-ақ ең киыны әрі жанға бататыны біз өзіміздің қазақ екенімізді дәлелдей алмай бар уақытымызды құжат соңынан жүріп өткізіп, кедергіге тап боламыз. Сондықтан шетте қалған қазақтарымыз көшіп келе алмай жатыр.
«Қазақ екені туралы анықтама» сұрайды. Бұл мәселе елге келген қандастардың жеке басын анықтайтын құжаттар арқылы дәлелденеді. Шетелден келген қандастарымыздың көбінің құжатында олардың ұлты жазылмайды. Біздің Ауғанстан елшілігінен әкелген анықтаманы құзырлы орган қабылдамайды. Сендер қазақ ұлты емессіндер деп сенбеді. Өтінішім, сіздер сол Ауғанстан еліне барып өз көздеріңізбен көріп, зерттеу жұмыстарын жүргізіп, этникалық қазақтарымен танысуларыңызды сұраймын. Елге көшіп келемін деуші отбасылар өте көп оларға сіздерден ақыл кеңес, ақпараттық қолдау аса қажет, - дейді Ауғаныстаннан келген қандасымыз Шариғат Шарапиден.
Кездесуге қатысушылар тарапынан Қазақстанға көшіп келген қандастарға мемлекет қызмет көрсету, әлеуметтік қолдаулар туралы ақпараттардың жеткілісіздігі туралы мәселелер көтерілді.
Атажұтқа оралған ағайынның өтініш-тілегі қашанда «Отандастар қорының» басты назарында болады. Қандас бауырларымыз кездесіп жатқан құжат рәсімдеу мен ақпараттық қолдау шаралары алдағы уақытта өз шешімін табатынына сенім білдіреміз.