Бүгін Көкшетау қаласында Ақмола облысы әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова және «Отандастар қорының» бірінші вице-президенті Талғат Адуов өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Іс-шараға Ақмола облысының Ішкі саясат басқармасының басшысы Алтынай Әмренова, Ақмола облысы ҚХА хатшысы Марзият Тохаева, «Отандастар қорының» Қандастарды қолдау департаментінің басқарушы директоры Ғазиз Тастаев пен Қандастарды ақпараттық қолдау орталығының үйлестірушісі Заут Болат қатысты.
Келісімге сәйкес уақытша бейімделу және орналастыру орталығының базасында «Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы» мен «Отандастар қорының» Ақмола облыстық фронт-офис мамандарымен бірлесіп, шет елдердегі қандастарға және Ақмола облысына қоныс аударған этникалық қазақтарға бейімдеу және ықпалдастыру қызметін көрсететін болады. Сонымен қатар, білім беру, спорт, бизнес және басқа да іс-шараларға жан-жақты ұйымдастырушылық және техникалық қолдау көрсетіледі.
«Отандастар қоры» шет елдерден көшіп келген қандастарды нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы бойынша оңтүстіктен-солтүстікке қандастарды көшіруге және олардың қоныс аударуына қолдау көрсетіп келеді. Қандастарды жаңа ортаға бейімдеу және оларды әлеуметтік қолдау жұмыстарына ықпал етуде. Бүгін жасалып жатқан меморандум аясында қандастарымыздың тарихи атамекеніне көшіп келуі барысында Ақмола облысының әкімдігі «Отандастар қорына» барынша көмегін көрсету, көші-қонды ұйымдастыру бағытында көшіп келетін адамдардың санына сәйкес қандастарға арналған мемлекеттік квотаның санын ұлғайтуға ықпал етпек», - деді Талғат Адуов.