Тұманбайдан бата алу

25 Мамыр, 2020

Бұл осыдан он төрт жыл бұрынғы әңгіме еді. Онда әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің Филология факультетінің бірінші курсында оқитынмын. Өлеңнен басқа өмір бар дегенге сенбей, өртетіп жүрген шағымыз. Бір күні факуллетте ақпарат тақтасына қазақтың ұлы ақыны Тұманбай Молдағалиевпен кездесу өтеді,- деп хабарландыру ілінде. Жырларын жөргегімізден жастап оқып, жаттап өскен, аңыздай болып елестейтін ақынмен кездесу кешіне ерекше асықтым. Шынын айтайын, Тұмекеңді аңыздай көргенім сонша, тірі болса да өмірде бар адамдай елестетпейтінмін, баяғыда бақилық болған шығар деп ойлайтынмын.

Факультеттің барлық студенттері жиналған үлкен залда кездесу басталды. Жалпақ жұрт жырына сусаған тірі Тұманбай алдымызда отыр. Кездесуді факультет деканы, әдебиеттанушы ғалым Қансеиіт Әбдезұлы басқарып жүргізді. Елді білмеймін, менің есіл-дертім ақында, Тұмағаңда. Оның әр сөздеріне таңырқап, жырларына елітіп отырмын...жан-жақтан қойылған сұрақтарға жауап беріп, студенттік шақтарының қызығын әңгіме етіп отырған адамның Тұманбай екеніне сенгің келмейді. Енді-енді қолымызға қалам алып, жыр әлеміне жорық бастаған менің мынау қазақ поэзиясының аңызымен кездесу сәттің бақыты әлі күнге есімде. Кездесудің орта тұсында өз өзіме ерік бердім, байқасам шыдап отыратын жағдайым жоқ. Қойын дәптерімді ала сала, тілкімдей бұрышына «мен Тұманбай атаға өлең оқып, батасын алғым келеді» деп жазып, жеделхатымды деканға жөнелттім. Арада аз уақыт өткесін, Қансейіт ағай «біздің факультеттің бірінші курс стунті, жолыңызды қуған жас ақын Талапбек Тынысбекұлы деген балаңыз, сізге өлең оқып, батаңызды алғысы келеді» деп мені шақырды, зал ду қол шапалақтап басылды, жалындап тұрған шағымыз, жүгіріп сахынаға шықтым. Ата жосынымен сәлемдесіп алғасын, қаламымнан туған жырларымды жатқа соғатын дағдылы әдетім бойынша бірден өлеңді зулаттым, басқаша ойлауға жүрегім дауаламаған болар. Сонда оқыған өлеңім:

Күзінен өмір қорқамын

Қоңыр күз бақтың құшағы,

Сүреңсіз сондай құсалы.

Көркінің қалмай нышаны,

Гүлдерден тозаң ұшады.

Күн санап солды еккен гүл,

Қасырет еді неткен бұл.

Көрікке құмар көбелек,

Қурайға қонбай шеттеп жүр.

Соратын шырын қадала,

Көрінбейді ешбір бал ара.

Жайқалған гүлдің орынын,

Жапырақ басқан сарыала.

Табиғат күзгі арпалыс,

Тырбанған тірлік сарқа күш.

Үзіліп түскен жапырақ,

Іздейді бақтан қалтарыс.

Салмады бұлбұл шалқып ән,

Исі жоқ гүлдің аңқыған.

Төңірек толы мол тұман,

Желменен ұшып қалқыған.

Сыйлаған баққа нәр, сәнін,

Келер деп көктем жортамын.

Танытса тірлік тарпаң үн,

Күзінен өмір қорқамын ,- атақты ақынның десі басып тұрды білем, арасында кідіріп қалып тұрдым.

Өлең аяқтап, зал қошаметінен кейін Тұманбай ата асықпай орнынан тұрып, маған бұрылып, «келе ғой, әкел маңдайды» деп шекемнен сүйіп, құшағына басты. Содан көпшілікке қарап «сөз таныйтыным рас болса мықты ақын болады, көп іздену, оқу керек, бердім батадмы» деді мейірлене шапағатын төгіп. Мен ішімнен күбірлеп, бетімді сыйпадым. Кейіннен тура осындай жағдай Астанада 2011 жылғы Дүниежүзі қазақтарының құрылтайында қайталанды. Қонақ үйдің кіре берісінде Тұмағаң бастаған Жәркен Бөдешұлы, Марфуға Айтқожина, Серік Қапшықбай, Исрайл Сапарбаев, Қайрат Құлмұхамед қатарлы біраз ақындар жиналып сусын ішіп, әңгіме соғып отырған орталарына барып амандық жасадым. Жағалай амандасып, қатарларына тұра қалып едім,- бұл қай бала,- деп сұрады Тұмағаң мені ишаралап.

Өзгенің жауабын күтпедім,- студенттердің ҚазҰУ да сізбен кездесуінде өлең оқып, батаңызды алған бала,- дедім төтесінен.

– әй, бәрекелді, онда өлең оқы,- деді, басқалары қоштап жатыр.

– кел бері, жаныма отыр,- деді Тұмағаң қасындағы орындықты нұсқап, лып етіп жайғаса қалдым.

– кітабың шықтыма бала?.

- Жоқ, аға. - Кітапқа толама өлеңдерің?.

- Жұқалау кітапша болып қалар. - -Алматыға барғасын хабарлас, кітабыңды өзім алғысөз жазып шығарып берем,- деді Тұмағаң. Төбем көкке жеткендей қуанып қалдым. Онда да жиналған жұрттың көзінше маңдайымнан сүйіп, батасын берді. Сол жылы күзде үлкен үйімді Атажұртқа көшіріп, қоныстың қамымен Зайсанда жүргенімде Тұмағам ит үрмеске тартып берді....одан бері кітабыңды шығарып беремін деп те ешкім айтпады....

Талапбек Тынысбек

Тұманбайдан бата алу