«Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы» мен «Отандастар қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының бастамасымен «Қазақтың ұлттық тағамдары - Ұлы дала бренді» жаңа жобасы 2020 жылдың 23- мамырынан 23- маусымына дейін жалғасады.
Жобаның басты мақсаты - қазақтың ет-сүт және нан-ұн, емдік қасиеті бар тағамдарымен таныстыру, оларды әзірлеу, ұлттық тағамға деген қызығушылықты ояту, экологиялық таза өнімдерді пайдалану арқылы ұлт денсаулығын нығайту және халықаралық қауымдастықта қазақ тағамдарының француз, итальян, қытай, орыс дастарқанымен тепе-тең тұрарлық дәрежесін дәріптеп, лайықты орнын бекіту.
Ұлттық азық-түлік, ас-сулар ішінде ауруға ем, сауға күш беретін бие сүті - қымыздың алар орнын айрықша атап өтеміз.
«Ас-Арқау» компаниясының басшысы, «Kult.fora» рухани адамгершілік, мәдени құндылықтар қоғамдық қорының төрағасы Өнерхан Сансызбайдың қатысуымен 23-мамырда, сағат 18.00-де, ZOOM платформасы бойынша «Қазақтың ұлттық тағамдары - Ұлы дала бренді» атты онлайн конференция өтеді.
Қазақ халқы ежелден-ақ астың адамға қажетті дәрумендер мен минералдарға бай екендігін білген. Бұған «Ауру - астан», «Ас - адамның арқауы», «Ат - адамның қанаты, ас - адамның қуаты», «Астан үлкен емессің» т.б. мақал-мәтелдері де дәлел. Алайда біздер ақылман ата-бабамыз қалдырған өсиеттердің мәнін әлі толық түсініп болғанымыз жоқ. Шын мәнінде, қазақтың қолдан жасалған ұлттық тағамдары өте құнарлы, ерекше дәмді және адам ағзасына аса пайдалы.
Ұлан-байтақ Ұлы даланы мекен еткен қазақ халқының ас әзірлеуінде, оны тұтынудың қолданбалы технологиясында табиғи заңдылықтармен мінсіз үйлескен бірегейлік бар. Ол - жылдың қай мезгілінде болсын, ауа райына қарай желінетін астың құнары мен нәрін ұзақ уақытқа сақтау ерекшелігі. Пайдалы тағам дайындау, оны сақтау және дұрыс тұтыну технологиясы көші-қон жағдайында ұзақ өмір сүрудің негізі болды. Соның нәтижесінде, көшпелі қазақ иммунитет әлсіздігі, анемия, белқуат әлсіздігі, әлжуаздық дегенді білмей өткен. Демек ол кездегі адамдардың денсаулығының мықты, ағзаның қуатты болуы тұтынатын тағамдарына тікелей байланысты деуге толық негіз бар.
Қымыз сапасы, күш қуаты мен тұтыну мерзіміне қарай саумал, түнемел қымыз, құнан қымыз, дөнен қымыз, бесті қымыз, балқымыз, сары қымыз деп аталады. Мысалы, қызыл қымыз бұрындары халық емінде, сүйек, өкпе ауруын және әлсіздікті емдейтін аса маңызды дәрілік ас – тағамы болған. Бұл - дала халқының табиғи маңызды бренді!
Ұлттық тағам - ұлттық брендін қалыптастыру экономикалық тұрғыда да мол табыс әкелері сөзсіз.
2020 жылғы 30-мамырдан бастап, апта сайын, танымал аспаз, әмбебап кондитер Бану Серікқызының «Қазақтың ұлттық тағамдары - Ұлы дала бренді» жобасы аясында қазақтың ұлттық тағамдарын әзірлеуғе арналған шеберлік сабақтары өткізіледі.
Ендеше, алыс-жақын шет елдердегі қазақтарға арналған тың жобамыз мәдени кұндылықтарымыздың басым бағыттарының бастамасы ретінде көпшіліктің көңілінен шығып, әрбір отбасына ғана емес, тұтас ұлтымызға мол септігін тигізетініне сенімдіміз.