«Отандастар қоры» Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты ұйымдастырған «Диаспорамен жұмыс: жаңа форматтар» атты сараптамалық талқылауға қатысты.
Іс-шараға сондай-ақ ҚСЗИ-ның ғылыми қызметкерлері мен жетекші сарапшылары, «Рухани Жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институтының ғылыми қызметкері Мұхтар Баймағұлов, «Омбы қазақтары» Омбы аймақтық қоғамдық ұйымының Басқарма төрағасы Қуаныш Елеутаев, Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры Зиябек Қабылдинов, Нью-Йорк университеті жанындағы қазақстандық «Номад» клубының президенті Дархан Мұңайтбасов және басқа да сарапшылар қатысты.
Онлайн форматта өткен жиын барысында шетелдегі қазақ диаспорасының мәселелері мен келешегі, диаспоралық саясаттың негізгі трендтері талқыланды.
Талқылау кезінде «Отандастар қоры» КЕАҚ вице-президенті Мағауя Сарбасов қазақ диаспорасымен жұмыстың қазіргі жай-күйімен жан-жақты таныстырды.
«V Дүниежүзілік қазақтар құрылтайы кезінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев шетелдегі қазақтарды қолдау жөнінде бірқатар нақты тапсырмалар берген еді. Осы орайда «Отандастар қоры» Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығымен бірлесе отырып, шетелдегі этникалық қазақтарды және тарихи Отанына оралған отандастарды қолдау бойынша жүйелі жұмысты жалғастыруда. Мысалы ҚР Үкіметі шетелдегі этникалық қазақтарды қолдау жөніндегі 2018-2022 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын қабылдады және вице-премьер бастаған ведомствоаралық комиссия құрылды. Талдамалық зерттеулер нәтижесінде отандастарымызды әлеуметтік-экономикалық қолдау шараларының кешені үшін қажетті мәліметтер мен материалдар, негіздемелер мен ұсыныстар әзірленді. Жүргізілген зерттеулер нәтижесінде барлығы 246 ұсыныс дайындалды», - деді Мағауия Сарбасов.
Сондай-ақ, сараптамалық талқылау барысында қатысушылар экономикалық және әлеуметтік-мәдени ынтымақтастықты орнатудағы қазақ диаспорасының медиативтік әлеуетін, Қазақстанның сыртқы саясаттағы «жұмсақ күші» ретіндегі қазақ диаспорасының мәселелерін талқылады.