Елбасының «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» мақаласы елімізді біріктірді - Болат Заутұлы

09 Сәуір, 2020

Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Президенті Елбасы  Н. Назарбаев жаңа жыл қарсаңында сөз сөйлеп, алыста жүрген қандастарға арнап «Алыстағы ағайынға ақ тілек» атты əйгілі хаты жарияланды. Тағдыр айдап шетелде өмір сүріп жатқан қандастарды елге шақырды. Көштің алғашқы қарлығашы 1991 жылы сәуір айында Монғолиядан атамекенге қоныс аударған қазақтар болатын. Сондай-ақ Елімізде өткен Дүниежүзі қазақтарының құрылтайларында Елбасы «Елге оралам деушілерге есігіміз ашық»  деп ақ тілек айтуы оларды тіптен қанаттандырды. Кешікпей-ақ ат басын атамекенге бұрған маңызы мен мағынасы ерекше және бір ұлы көштің керуені басталып кетті.

Ғасырлар тоғысында қазақтың айы оңынан туды. «Мың өліп, мың тірілген»  қазаққа Алла мейірім, шапағатын төгіп, еліне, жеріне  бостандық тиді. Тәуелсіз ел болдық, бір шаңырақ астына топтастық. Елбасының  салиқалы көші-қон саясатының нәтижесінде 1,3 млн-ға жуақ қазақ өз тарихи Отаны – Қазақстан Республикасына оралып, Қазақстан қоғамының дамуына үлесін қосуда. Елге ел қосылып, құт-береке орнады.

Тарихқа қайта оралсақ, 1992-1998 жылдары алғашқы көштің легінде елу мыңнан астам қандастарымыз атамекенге қоныстанды. Оларға барлық әлеуметтік жағдайлар еліміздің мүмкіншілігіне қарай жасалды. Алайда келген ағайындардың барлығы облыс, қала орталығынан алыс шет кеңшарларға ғана қоныстанды.

Бұл жылдары қандастарымыз тек Моңғолиядан ғана келді, олардың дені мал шаруашылығына жөнелтілді. Қолында заңды дипломы бар инженер, дәрігер, мұғалімдер түрлі мамандық иелері де «Өзге елде сұлтан болса да,  өз елінде ұлтан» бол деген қағида бойынша  алғашқыда  мал бақты. Алайда  ешкім ол үшін реніш білдірмеді.

Бірақ Қазақстанда басталған жекешелендіру шеттен келген ағайынға ауыр тиді. Олар азаматтығы жоқ деген желеумен жекешелендіруден үлессіз қалды. Жекешелендірудегі келеңсіздіктердің салдарынан  кеңшардың құты қашып, мал мен техника талан-таражыға түсті. Жұмыс орындары көптеп қысқарып, халық жұмыссыз қалды. Жаңа жағдайға бейімделе алмай, бұрынғы кеңшардың тірлігін аңсағандар не істерін білмей аңтарылып қалды. Қысқасы кеңшарлар аянышты халге түсті. Көшіп келгенде қандастар отбасына уақытша берілген баспаналар азаматтығы жоқ болғандықтан олардың жеке меншігіне берілмеді. Қандастарымыздың дені көп балалы отбасылар болатын, ауыл мектебінің шарасыз жағдайы оларды қатты алаңдатты. Нарықтық қатынастың өзгерістері жергілікті халыққа да оңай тимеді, ал жаңадан көшіп келген ағайынға тіпті ауыр соқты. Қысқасы осындай келеңсіздіктер мен әлеуметтік күрделі ахуал салдарынан орнығып, жайғаса алмаған ағайындар қалалы жерлерге жақын ауыл, аудандарға қайта көшуге мәжбүр болды.    

Дегенмен қандастарымыздың өзгелерден бір артықшылығы бар еді. Ол талай рет өмір киыншылығынан өтіп әбден шыныққан, қиындықты қасқайып тұрып қарсы алатын, оны жеңу үшін күресе білетін өжет, қайсар, жігерлілігі еді. Уақыттың талабымен үндесіп, ізденіп, талаптанып, кешікпей бар қиыншылықты жеңіп шығып, өз жағдайларын өздері жасады. Қиыншылық оларды шынықтырды. Осылай ауыр күндер артта қалды. Олар қиыншылықты Қазақстан халқымен бірге көріп, жеңіп шыққанына мақтанады.

Көш қиындықсыз болған жоқ, әрине. Алайда, Елбасының тікелей араласуымен көш төңірегіндегі мәселелер уақытылы шешімін тауып отырды. Көш әлі жалғасуда.

Қандастарымыздың ішінде мамандығы барлар өздеріне жұмыс тапты, мамандығы жоқтары жаңа кәсіптің қыр-сырын меңгерді, жеке кәсіпкерлікпен айналысып, нәтижеге жетті. Сол жылдары туған балалар бүгін қазақ елінің жоғарғы және кәсіптік техникалық оқу орындарын бітіріп, əртүрлі мамандықты игеріп, ел экономикасын өркендетуге өз үлестерін қосып жүргенін мақтан етудеміз.

Бүгінде құдайға шүкір қандастарымыздың барлығының экономиқалық әлеуметтік жағдайлары жақсы деңгейге көтерілді. Киын-қыстау кезде елге қол ұшын беріп, қаржылай көмектесіп жатқан кәсіпкер азаматтар да жоқ емес.    

Әлде де өз шаруашылығын дамытқан ЖШС, кәсіпорын иелері, жеке кәсіпкерлеріміз көмектеседі дегенге сеніміміз зор. Барлықтарыңыздың істеріңізге табыс береке берсін.  

Енді міне төтеден келген жұқпалы індет короновирус аруы барша әлем елдерінің халықына қауіп-қатер төндіруде. Елбасының мақаласында айтқандай дүниежүзі бойынша 1,4 миллионнан астам адам осы сырқатқа шалдығып, ондаған мың адамның өмірі қиылып жатқандығы айтылды. Бұл қауіпті дерттің алдын алуға еліміз әлем елдері ішінен алғашқылардың бірі болып кірісті. Тиісті сақтандыру шаралары уақытылы жасалды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төтенше жағдай кезіндегі қабылданған шаралар туралы мәлімдемесіне орай елімізде карантин шаралары ұйымдастырылып, қалыптасқан жағдайға байланысты аз қамтылған отбасылар, мұқтаж жандар, табысынан айырылғандар, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен тұрмысы төмен азаматтарға әлеуметік көмек ретінде 42500 теңге мөлшірінде төлемақы берілуде. Бүгінде жұмыссыз қалып, қаладан өңірге қайтқан жастарға «Жұмыспен қамту жол картасы» аясында 85 мың теңге көтерме ақы беріледі. Сондай-ақ көпбалалы отбасыларға, жұмыссыздарға тұрмысты төмен отбасыларына азық-түлік тегін беру жұмыстары  жалғасып жатыр.

Осының барлығы мемлекет тарапынан халықымыздың экономиқалық тұрақтылығын сақтау үшін мүмкіншілігіне қарай жасалып жатқан игілікті іс-шараларының бірегейі болмақ.  Осы жұмыстың нәтижесінде індет елімізде кең етек алып кетуіне жол бермей, жағдайды күн сайын тұрақты бақылап карантиннің талап ережелерін бүкіл халық болып қатаң сақтап, қолдау көрсетуміз қажет деп ойлаймын.

Елімізде болып жатқан осындай қиын сәтте Қазақ елінің қара шаңырағының бір уығы ретінде бойында рухы, намысы бар, елім деп жүрегі соғатын, Отанын сүйетін қазақ біткен өз жүрек қалауымен көп ойланып, толғанып жатпай-ақ, індетке қарсы күреске қолдау көрсетуге міндеттіміз.            

Мұндай қадам әр қазақтың қалыптасқан жағдайдан аман-есен құтылуына  қосқан баға жептес үлесі болары сөзсіз!

«Отандастар қоры» КеАҚ Қандастарды ақпараттық қолдау орталығының меңгерушісі Болат Заутұлы

Елбасының «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» мақаласы елімізді біріктірді - Болат Заутұлы