Қандас студенттерге қолдау көрсетілді

08 Сәуір, 2020

Әлем халықтарының басына туған қиын жағдайды қазақстандықтар да жақсы біледі. COVID-19 коронавирусы әлемді шарпып, бейбіт өмірдің тыныштығы бұзылды. Осы індеттің алдын алуға байланысты барлық жерлерде төтенше жағдай режимі жарияланғанын жақсы білеміз.

Алайда алыстан арманын арқалап туған елінің білім нәрімен сусындап, Қазақстанның ең үздік ЖОО-да оқу үшін келген қандас бауырларымыздың саны жылдан-жылға артуда. Атажұртқа білім іздеп келген жастардың біразы Солтүстік Қазақстан облысы, Петропавл қаласы М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде оқиды. Карантин режимі басталғалы унверситеттің № 3 жатақханасында Моңғолия, Қытай, Өзбекстан, Ресей мемлекеттерінен келген 50 студент тұрып жатыр. Аталған жатақханада тұратын студенттердің жағдайлары жақсы, сабақтарын қашықтан оқиды. студенттер жатақхананың 19 бөлмесіне орналастырылған. Сонымен қатар академиялық ұтқырлықпен келіп, еліне қайта алмаған 3 студент те осы жатақханаға орналастырылған. Олардың да жағдайы жақсы.

Ата-аналарының аялы алақанынан алыс жүрген қандастарымыздың тұрмыс-тіршілігі мен күнделікті азық-түлік алуына қамқорлық танытып жатқан азаматтарымыз да бар. Атап айтсақ, «Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы» РҚБ Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының жетекшісі Арман Сүйіндіков пен «Отандастар қоры» КЕАҚ жанынан құрылған қандастарды ақпараттық қолдау орталығының СҚО бойынша фронт-кеңсесі.

Арман Сүйіндіковтің бастамасымен облыстағы жаны жайсаң, кәсіпкер азаматтар Бүркіт Жұмабаев, Ерлан Сұлтанбеков, Ақеділ Жуанышпаев көмек көрсетті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жер-жерде қолдау тауып жатқан #BizBirgemiz акциясын теріскейлік азаматтар да қолдайды.

«Осындай қысылтаяң шақта шетелден келген студенттерге қол ұшын созып, азық-түлікпен қамтамасыз етіп жатқан Солтүстік Қазақстандық кәсіпкер мырзаларға және Арман Сүйіндіков ағамызға, «Отандастар қорына» айтар алғысымыз шексіз», - дейді Моңғолиядан келіп  оқып жатқан журналистика мамандығының 1 курс студенті Айсұлу Қанат.

«Біз қашанда өз қандастарымызды қолдауға дайынбыз, ата-аналарынан алыс жүрген бауырларымызға қолдау көрсетіп, «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығармасақ» біздің азаматтығымыз қайда қалады»,- дейді «Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы» РҚБ Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының жетекшісі Арман Сүйіндіков.

«Расында да коронавируспен күрес жағдайында әлеуметтік көмек көрсетіп, қол созу нағыз ержүректердің ғана қолынан келетін іс», - дейді «Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы» РҚБ мен «Отандастар қоры» КЕАҚ Солтүстік Қазақстан облыстық фронт-офисінің сарапшысы Жазира Кокбас.

Сондай-ақ «Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы» РҚБ мен «Отандастар қоры» КЕАҚ Қарағанды облысының филиал басшысы Меруеш Башай Қарағандыда білім алып жатқан студенттердің қал-жағдайымен бөлісті.

Қарағандыдағы Экономикалық университет – Қазақстандағы беделді жоғарғы оқу орнының бірі. Аталмыш университетте шетелден келген қазақ жастары білім алуда. Қазіргі төтенше жағдайға байланысты осында ақылы білім алып жатқан студент жастар «Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы» мен «Отандастар қорынан» көмек сұрап өтініш жолдаған еді.

Студенттердің өтінішін ректор Ерқара Аймағамбетов қолға алып, ауқымды көмек көрсетті. Университеттен әр студентке 25 мың теңгеден қаржылай көмек көрсетіп, 2 айға дейін жатақханада тегін тұруына, сонымен қатар азық-түлік және оқуға қажетті құрал-жабдықтармен толықтай қаматамасыз етуге жәрдемдесті.

Елбасы төрағалық ететін ДҚҚ және «Отандастар қоры» атынан, шет мемлекеттен келіп дәріс алып жатқан қазақ жастары атынан Қарағанды Экономикалық Университеттің ректоры Ерқара Аймағамбетовке, оқу орнының оқытушыларына алғысымыз шексіз!

Еліміздегі әрбір университет, колледждерде шет мемлекеттен келіп оқып жатқан қазақ жастарының жағдайын ерекше бақылауға алып, төтенше жағдай уақында барынша қолдау көрсетілуін сұраймыз.

Қандас студенттерге қолдау көрсетілді