Коронавирус індеті кезіндегі шағын және орта бизнестің проблемалық мәселелерін онлайн талқылау

06 Сәуір, 2020

2020 жылғы 6 сәуірде «Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы» РҚБ мен «Отандастар қоры» КЕАҚ-тың Шығыс Қазақстан облыстық фронт-офисі ұйымдастырған «Коронавирус індеті кезіндегі шағын және орта бизнестің проблемалық мәселелері» атты онлайн талқылау өтті.

Іс-шараға «Отандастар қорының» Бизнес және жобаларды акселерациялау департаментінен Анас Баққожаев, Талант Мағжаев, Қайрат Каратаев және «Отандастар қорының» Қандастарды ақпараттық қолдау орталығының меңгерушісі Болат Заутұлы, «Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы» мен «Отандастар қорының» Шығыс Қазақстан облыстық фронт-офисінің сарапшысы Аскерхан Хуанбай және ШҚО-дағы қандас кәсіпкерлер қатысты. Онлайн басқосуда қандас кәсіпкерлердің қазіргі таңдағы ахуалы мен бизнестің жай-күйі кеңінен талқыланды.

Жиынды ашқан Анас Ахатұлы Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының V құрылтайында Елбасы Н. Назарбаевтың тапсыруымен  «Отандастар қоры» құрылып, қазіргі таңда өз жұмысын республика көлемінде жүргізіп отырғанын айтты. Ол «Басты мақсатымыз елім деп келген әр қандасты жан-жақты қолдау» деп айырықша атап өтіп, қалыптасқан жағдайға тоқталды. Індет кезінде кәсіпкерлердің жұмыс қызметін жүйелеу мақсатында осы жиынның ұйымдастырылып отрғандығын жеткізді.

Онлайн кездесуде сөз сөйлеген Зайсан ауданы Дайыр ауылының тұрғыны Мамырбек Бірлік өз ойымен бөлісті. «Егін шаруашылығымен айналысамын. Тары өсіріп, өңдеп Қытай еліне экспортқа шығарамыз. Күніне 2 тонадан өнім шығара аламыз. Бір айда 200 тоннаға дейін шығарған кездеріміз болды. Шекара ашылып, жағдай қалыпқа түссе, жұмысты одан ары жалғастыра береміз. Тары аса қуатты өнім, ұлттық ас-ауқаттың бір түрі. Бұл ұлттық өнімге Қытай елінде және өз елімізде сұраныс өте мол. Біз тек халықтың сұранысын өтеп отырмыз. Алдағы уақытта жұмыс ауқымын кеңейтуге де болады. Биыл тарыны арнаулы қораппен шығарамыз. Қазір саудалануы тоқтап тұр. Бірақ, шикізатпен өнім шығарып жатырмыз», - деді кәсіпкер.

Аягөз ауданының Қосағаш ауылынан қосылған Мергенбек Әзікей: «Мен жылқы өсіремін. Өнімін күнделікті нарықта саудалап отырмыз. Жеңілдік, несиелермен қамтылғанымыз жоқ. Несиеге өтініш бердік, алайда ала алмадық. Жем-шөп, қораны және т.б. өз күшімізбен қамтамасыз етіп келеміз. Мен Моңғолия мемлекетінен келгенмін. Адал еңбегімізбен мал шаруашылығымен айналысып, Аягөз қаласын ет және сүтпен қамтамасыз етіп отырмыз», - деді.

Өскемен қаласында еңбек етіп, сауда-саттықпен кәсіп қылып отырған Жайнагул Хавдос та өз ойын ортаға салды. Оның айтуынша дәл қазіргі уақытта тұтынушылар аз, алыстан тауар тасуға мүмкіндік болмай тұр. Ол шағын бизнесті қолдаудың қажеттігін баса айтты. Жайнагул Хавдос мемлекет тарапынан жеңілдік несиелерін алуға қор тарапынан көмек қажет екенін алға тартты.

Онлайн кездесуде Болат Заутұлы сөз алып, қандастарды қолдаудың маңыздылығына тоқталып, сондай-ақ кәсіпкерлер арасында онлайн тренинг, түсіндіру жұмыстарын жүргізу, мемлекеттік бағдарламаларға қатысуға кеңес берудің маңызын жеткізді. Онлайн талқылауға қатысқан барлық кәсіпкерлер ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.

Коронавирус індеті кезіндегі шағын және орта бизнестің проблемалық мәселелерін онлайн талқылау