Білім алып жатқан қандасымызға көмек көрсетілді

05 Сәуір, 2020

Қазір әлемнің көптеген еліне тарап үлгерген коронавирус ауруына байланысты елімізде төтенше жағдай жарияланды. Ірі қалалар мен облыс аумақтарында карантин режимі енгізілді. Бұл жағдай отандастарымызға, оның ішінде білім алып, оқып жатқан студент қандастарға да қиынға соғып жатыр.

Елордада карантин режимі енгізілгеннен кейін «Отандастар қорына» Нұр-Сұлтан қаласындағы «Шипагер» медициналық колледжінде ақылы бөлімде оқитын қандас студент хабарласып, өзінің қиын жағдайымен бөлісті. Осы орайда «Отандастар қорының» өкілдері колледж директоры, медицина ғылымдарының кандидаты Асель Адылкановамен байланысқа шығып, 4-курста білім алып жатқан қандасымызға көмек көрсету үшін хабарласқан болатын. Нәтижесінде Асель Мадениетовна студент қандасымызды ақылы бөлімнен босатып, оқуын тегін қылды. Сондай-ақ осынау қиын-қыстау кезде қаржылай қолдау да көрсетті.

«Біз қазір бәріміз қиын жағдайға тап болдық. Алайда еңсемізді түсірмей, ортақ мақсат аясында бірігіп, бір-бірімізге көмектесуіміз қажет. Біздің білім ордамызда оқып жатқан қандасымыздың жағдайын естіп-біліп, бірден қолдау көрсеттік. Елімізде қандай жағдай болмасын, бірлігіміз жарасса, кез келген қиындықтарды еңсереміз. Себебі біз біргеміз!», - дейді Асель Адылканова.

Өз кезегінде «Отандастар қоры» «Шипагер» медициналық колледжінің басшысы Асель Адылкановаға зор алғыс айта отырып, қиын шақта қандасымызға қолдау көрсеткен ерен еңбегі үшін ризашылығын білдіреді!

Білім алып жатқан қандасымызға көмек көрсетілді