«Отандастар қоры» қызметінің басым бағыттарының бірі – шетелде тұратын қазақ халқының ажырамас бөлігі болып табылатын қандастарға қолдау көрсету.
Барлық мемлекеттерге жайылып үлгерген жұқпалы коронавирус ауруына байланысты елімізде төтенше жағдай жарияланды. Ірі қалалар мен облыс аумақтарында карантин режимі енгізілуде.
Осыған орай, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы, «Отандастар қоры» мен «Дәстүр» сыйлығының иегері Қазипа Қалиқызының «HAZIFA» шеберлік мектебі бірлесіп, киім тігуді үйренетін шеберлік онлайн курсын әзірледі.
Бұл курстар шетелде тұратын ағайын үшін тегін болады және 2020 жылдың 2 сәуірінде (нақты уақыты қосымша хабарланады) басталады.
Оқу барысында Қазипа Қалиқызы өзінің 26 жылдық еңбек тәжірибесімен бөлісіп, киімді 3 өлшеммен кесіп-пішу бойынша авторлық методикасымен таныстырады.
Қазіргі кезде елімізде және шетелдегі бауырларымыз арасында тігіншілік өнерді заманауи үлгіде жаңғыртып жүрген азаматтар аз емес. Дегенмен, ұлттық қол өнерді игеруге талпынушылар санының артуы бізді әрқашан қуантады.
Курсқа қатысыушылар:
– Киімді кесіп-пішу, тігу мен өзгертудің оңай әдісін игереді;
– Перде, дастархан, төсек қаптар және тағы басқа үй бұйымдарын тігуді үйренеді;
– Кестелі бұйымдар мен құрақ көрпе сияқты заттарды пішіп-тігуді меңгереді;
– Ұлттық қолөнер және тігін өндірісіне араласуға, кәсіптенуге және шығармашылыққа бейімделеді.
Оқу нәтижесі бойынша жаңа кәсіп бастауына мүмкіндік беретін тиісті сертификаттар табыс етіледі. Дәріс алушылардың шығармашылық қабілеті артып, тігін өндірісіне жаңа толқын мамандар қосылатынына сенім мол.
Қосымша ақпаратты мына телефон нөмерлері арқылы алуға болады:
+7 702 382 38 08
+7 775 085 85 68