Серік Әбілұлы Қытайдағы қазақ радиосында ұзақ жылдар қызмет етіп, сол елдегі қандастардың мәдениетіне елеулі үлес қосқан тұлғаның бірі. Ол қазақтың таңдаулы 50 әнін қытай тіліне аудартып, ұлтымыздың кең тараған 500 күйі мен 200 халық әнін таспаға түсірген, онға жуық кітаптың, 100-ге жуық ән мәтіні мен көптеген әннің авторы, радио эфирінде 30-ға тарта роман оқыған танымал диктор, ақын, әнші, сазгер. Құлаққа жағымды қазақы қоңыр дауыс иесі Серік Әбілұлының атамекенге оралғанына да көп болған жоқ. Осыған орай, «ҚазАқпарат» тілшісі арнайы сұхбаттасқан болатын.
- Сіз ширек ғасырдай уақыт Қытайдағы қазақ радиосында қызмет атқардыңыз. Жалпы еңбек жолыңызды қалай бастадыңыз?
- Мен ең алғашқы еңбек жолымды аудандық мәдениет үйінен бастадым. Қанда бар қасиеттен шығар, өнерге бала күнімнен әуестеніп, бастауыш мектепте-ақ «әнші бала» атанып, ел көзіне түсе бастадым. Орта мектепте оқып жүргенде аудан, аймақ, тіпті өлке көлеміндегі жарыстарға дейін қатысып, жүлделі орындар алып, көптің алқауына ие болдым. Сөйтіп, орта мектепті бітірген соң-ақ, еш жерде арнайы кәсіптік білім алмасамда, аудандық мәдениет үйінде әнші болып бірден қызметке қабылдандым. Жұмыс жолым солай басталып кетті. Мәдениет үйінде жүргенде әдебиетке жақын болғандықтан болар, газет-журналдарда өлеңдерім жарық көрсе, радиоға «ерікті тілші» деген атпен ақпараттарым жариялана бастады. Сонымен қатар облыстық, аймақтық өнер байқауларында ән, терме айтудан бірнеше мәрте бас жүлде алып, танымалдығым арта түсті. Одан кейін аймақтық радио-телевизия мекемесіне диктор және тілші болып қызметке ауыстым. Аталған орында жүргенде, өнер және кәсіптік білім жағынан практикалық тәжірибелермен алға ілгерілеу болса да, ресми сауатым орта мектептік деңгейде ғана болды. Сондықтан Шыңжаң университетінің филология факультетіне сырттай оқу бөліміне түсіп, екі жарым жылдан кейін бакалавр дәрежесін алдым. Сөйтіп жүргенде 1994 жылы Шыңжаң халық радио станциясының 2042 үміткер қатысқан дикторлық емтиханында сынақтан өткен 2 адамның бірі болып, аталған радиоға жұмысқа қабылдандым.
- Бір сұхбатыңызда ең алғашқы аудиокітапты мен шығардым деген екенсіз. Сол туралы толығырақ етіп айтып берсеңіз...
- Шыңжаң халық радио станциясының қытай, қазақ, ұйғыр, моңғол, қырғыз тілдеріне ортақ «Әдебиет, көркемөнер бөлімі» дейтін мәдени бөлім бар. Сол бөлімге 2000 жылы басшының орынбасары болып тағайындалдым. Бұл оңтайлы сәтті пайдаланып, 60-70-ші жылдарда сәтсіз таспаланған неше жүздеген қазақ ән-күйлерін қайтадан жаңғыртып, сөздерін жаңалап, реттеп халықтың жақсы бағасын алдық.
Қытайдағы әр ұлт радиоларында әр күн сайын жарты сағат әдеби шығармалар (әңгіме, повесть, роман, өлең, дастан, т.б,) оқу деген дәстүр бар. Ол сонау 80-шы жылдардың ортасында басталған. Содан Абайдың 160 жылдығына орай «Абай жолы» романын үнтаспаға жазып, радиода беруге күш салдық. Абайды ол жақта шетелдік ақын деп «Абай жолын» халыққа ұсыну үшін көптеген құжаттар дайындау керек болды. Соған біраз жүгіріп, ақырында 160 күнге бөліп, 80 сағат оқылған әйгілі романды халық игілігіне ұсындық. Кейіннен Абай туындылары ЮНЕСКО тізіміне енгізілген соң Қытай да мойындап, «Абай жолы» радиода 4-5 қайталана таратылып, елдің ерекше ықыласына бөленді. Бұны менің ұлы ақынның туындыларын дәріптеуге сіңірген бір еңбегім деуге болады. Содан кейін, радиода оқылар романдар тізіміне біртіндеп «Көшпенділер» трилогиясы, «Махаббат қызық мол жылдар», «Менің Әуезовім» секілді Қазақстанның әйгілі жазушыларының шығармаларын енгіздік.
Бір күні маған бір ой келді. Жалпы соңғы уақытта көп адам кітап оқығанды қоя бастады. Одан кейін қалың қытайша оқыған жастар өсіп келеді. Ал қариялардың кітап оқуға көздері шыдамайды. Сондықтан көпшілігі тыңдауға әуес екенін сезіндім. Тыңдау деген уақыт алмайды. Зерттеп көрсем аудиокітап деген әлі ешқайда шықпапты. Сөйтіп, ең алғаш рет Оралхан Бөкейдің «Атау кере» повесін шығардым. Тура сол кезде қазақстандық танымал ақын, баспагер Есенғали Раушанов бізге бара қалды. Есағаңмен ақылдаса келе, Бейжіңнен қазақша аудиокітаптар сериясын шығарайық деп шештік. Алғашқы тізімге «Атау кере» мен бірге Әуезовтің «Абай жолы», Әбіш Кекілбаевтың «Күй дәриясы», сосын Абайдың өлеңдері енді. Осы аудиокітап сериясы жоғарыда аталған бірнешеуімен шектеліп қалған жоқ. Жазушы Батырхан Құсбегиннің «Зуқа батыры», Есенберлиннің «Көшпенділері», Зейнолла Қабдоловтың «Менің Әуезовімі», Ә. Нұршайықов атамыздың «Махаббат қызық мол жылдары», Моңғолиялық жазушы Сұлтан Тәукейдің «Ақыр Жәнібегі», Шайсұлтан Қызырдың «Бұлаң дүниесі», «Дабылы», Мағаз Разданұлының «Алтайдың ақиықтары» және Ғаппар Біләлдың «Ғасырлық қуғыны» сынды 10 романды оқып, аудиокітап етіп шығардық. Оған қоса 20 бөлімді радио пьеса бір альбом болып тыңдарманымен қауышты.
- Бұл аудиокітаптарды оқыған дикторлар кім еді?
- Аудиокітапты танымал дикторлар Мұратбек Тесебаев, Еркін Әбішұлы, Қанат Ережепұлы және мен оқыдым.
- Жалпы өзіңіз радио эфирінде қанша роман оқыдыңыз?
- Мен басқа әдеби туындыларды(повесть, әңгіме, радио пьеса, өлең т, б.) қоспағанда радио эфирінен 30-ға жуық роман оқыдым.
- Сізді былайғы жұрт сазгер деп жатады. Қанша музыкалық туындының авторысыз?
- Иә, мен бір үлкен композициялық туындылар шығарған сазгер емеспін. Бірақ 30-ға тарта ән, 3-4 күй, оннан астам терменің авторымын. Одан бөлек 100-ге жуық ән мәтіндерін жаздым. Сондай-ақ, «Бесігім», «Құлын дауыс», «Ақыт жырлары», «Бауырым», «Әжемнің иісі» қатарлы өзім орындаған ән кассеталарымды көпшілікке ұсындым.
- Кітаптарыңыз да аз емес секілді...
- 4 жыр жинақтың, 4 публицистикалық кітаптың (әдеби очерктер, эсселер) авторы атандым. Шыңжаңдағы танымал қазақ өнер тұлғаларының өмірі мен шығармашылығын зерттеген «Шолпан», «Самал» атты екі кітабым жарық көрді. Сондай-ақ өзімнің рухани ұстазым танымал диктор Мұратбек Тесебаевтың өмірі жайлы «Дәриға» деген роман-эссе жазып оқырманға ұсындым.
- Биыл Абайдың 175 жылдық мерейтойы екенін білесіз. Ұлы ақынның туындыларын дәріптеуге бір кісілік үлес қостыңыз. Сол туралы айтып берсеңіз.
- 2017 жылы бір компанияның қаржылық қолдауымен Абайдың қара сөздерін қытайша, ұйғырша, қазақша үш тілдегі нұсқасын Бейжіңнен кітап етіп, аудио нұсқасымен қоса шығардық. Қазақшасын мен оқыдым, ұйғыршасын Шыңжаңдық ұйғыр диктор досыма, ал қытайшасын Бейжіңдік қытай дикторға оқыттық. Сол демеушінің қаржысымен қазақстандық Қасым Аманжол деген журналистің 10 бөлімді «Анық Абай» деректі сериалын қоса шығардық. Сондай-ақ, «Абай жолын» аудиокітап еттік және қарасөздері мен бірге өлеңдерін өзім оқып, халыққа ұсындық. Бұны өзіме атақ жинайын деп немесе жеке бастың пайдасы үшін істеген жоқпын. Бұл менің данышпан ақынның ұлы идеяларын, ойларын дәріптеуде орындауға тиісті азаматтық парызым деп білдім.
- Өнердің бәрі бір бойыңыздан табылады. Тіпті драматургия саласында да шығармаларыңыз бар...
- Драматургияда дегенде, радио-пьеса жанры бар ғой. Өзі жанды дүние болған соң оны халық сүйіп тыңдайды екен. Сондықтан бұл жанрға менде көп қалам тербедім. Радиоға жазушыларды шақырып, жыл сайын жиналыс ашып, 20 жылда мыңдаған бөлім радио-театрды эфирден ұсындық. Соның ішінде мен жазғаны отыздан астам болды. - Сізді домбырада жақсы ойнайды, көп күй біледі деп те естіген едік? - Әрине, кәсіби домбырашы емеспін. Алайда 100-ден аса қазақ күйін толыққанды орындай аламын. Бұл енді қанда бар қасиет деп айтуға болады. Себебі менің ата-бабаларымнан күйші, қобызшы, бақсы-балгер дегендер көп шыққан екен...
- «Ақ жауын», «Салтанат» секілді бірқатар танымал күйлерге арналған өлеңдеріңіз бар. Аталған күйлерді шерте отырып, өлеңін оқиды екенсіз. Бұндай идея қайдан пайда болды?
- Күйге өлең жазуды Жұмекеннен үйрендім десем болатын шығар. Өзім күй тартам. Күй біткенді жұрттың бәрі түсіне бермейді. Мен дарынды өнерпаздар туралы кітаптар жаздым дедім ғой. Сонда керемет күйшілермен бірге жүріп, олардың шығармашылығын зерттеу барысында бұған көзім анық жетті. Күйді әркім өзінің музыкалық сауатына, көңіл-күйіне, түйсігіне қарай қабылдайды. Орындаушы тыңдарманға шерткен күйінің тарихын, мазмұнын сөзбен түсіндіре кетуді ұмытпаса, онда күйдің құдіреті арта түседі. Сондықтан мен «Ақ жауын», «Салтанат» сынды бірнеше танымал күйге өлеңмен өрнек салдым. Күйді түсіне бермейтін адамдар өлеңімнің сөзінен шығарманың түпкі ойын біле алады. Осы жерде айта кетейін, күй мен әнді қолдау мақсатында «Керуен сазы», «Шаңырағымызда шалқыған әндер» деген атпен аудио таспада (CD дискімен) 500 күй, 200 әнді 2015 жылы халыққа ұсындым. Бұлардың барлығы оңайлықпен қолға келе салмады. Қаржысын тапқанда, саяси рұқсаттар, қолдаулар болмаса бір қадамға алға жүре алмайсың. Жанәбіл Смағұлұлы, Нұрлан Әбілмәжінұлы сынды ел ағаларының ерекше қолдауы арқасында бұл ұсынған игілікті жобаларымыз іске асты. Осы ағалардың қолдауы арқасында қазақ халық әндері, Қазақстан мен Қытайдағы қазақ композиторларының 50 танымал әнін қытай тіліне аударып, қытайдың белгілі әншілеріне орындаттық. Және сол 50 әнге толықтай бейнебаян жасатып, миллиард көрерменге ұсынуға мұрындық болдым. Ол клиптерге сол елдегі қазақ даласын түсірдік. Шыңжаңдағы қазақтардың атақонысы саналатын өңірлерімен ұлтымыздың салт-дәстүрін де енгіздік. Ондағы мақсұт бұл клиптерді 50 жылдан кейін көрсе де, клипке енген жерлердің түп иесі кімдер екенін білдіру болды. Қытайша нұсқаларын бүкіл Қытайдың әр өлкесіндегі мәдениет орталықтарына, кітапханаларына, радиоларына бестен, оннан тараттық...
- Шыңжаңдағы қазақ радиосының бұрынғы және қазіргі жәй-күйі қалай? Қысқаша тоқталсаңыз
- Техникалық жақтан көп даму бар. Ал мазмұны жағынан айтсақ көптеген өзгеріске ұшырады. Әр ұлттың радиоларында соңғы бес жылда ұлттық бояулар солғындады. Мысалы ұйғыр радиоларында қазақша, қытайша, ал қазақ радиосында қытайша, ұйғырша дегендей, бір-бірімен араластырып бере бастады. Радиоларыда, телевизиясы да солай болып кетті.
Жалпы Қытай қазақтарының тілінде ұлттық бояу қанық деп жатады. Онысы рас болса да, ал өнер мен мәдениеттің дамуы жағынан ол жақтағы ағайындар мен бұл жақтағы қазақтарды салыстыруға келмейді. Өйткені Қазақстанда кез келген мамандықты оқуға мүмкіндік бар. Мысалы біз диктормыз десек, бізді оқытар арнайы кәсіптік оқу орыны болмады. Өздігімізше үйренумен жеттік. Қазақстандағы немесе басқа елдердегі атақты дикторлар дауысына еліктеумен өмір сүрдік. Яғни бізге жоқтан барды жасауға тура келді...
- Ол жақтың радиосының артықшылығы да бар шығар...
Артықшылығы дегенде... Қазақстан радиоларында ән мен күй өте басым сияқты сезіле береді. Ал Қытай жақтағы радиолардағы ортақ өзгешелік - мазмұнға бай деп айтуға болады. Қай тілдегі болсада солай. Мысалы қазақшасын айтар болсақ, көктемде ауылшаруашылық, мал шаруашылығы жайында көптеген бағдарламалар ұсынылады. Күз кезінде астықты қалай жинау керек деген сияқты мазмұндарға тоқталып, тыңдармандарға көптеп, тынымдық кеңес береді. Соған сәйкес сұхбаттар жасалады. Мысалы төлдеулік кезінде малды қалай төлдетеді. Қыс кезінде қысқы жем-шөпті қалай сақтайды, малды ауру-сырқаудан қалай аман ұстауға болады, деген секілді малға байланысты білімдер беріледі. Ал егістік, ауыл шаруашылығы турасында да бірнеше бағдарламалар бар. Бұлар қарапайым тыңдарманға өте қажетті. Сосын адам денсаулығы туралы тұрақты бағдарламалар бар дегендей. Ал Қазақстандық радиолар көңіл көтеретін бағдарламаларға көбірек мән беретін секілді...
- Қазақстанға қашан келдіңіз, қазір қайдасыз және болашақ жоспарыңыз жайында не айтасыз?
- Атамекенге 2014 жылы бір рет келіп, шығармашылық кеш өткізіп кеткенмін. Ал, 2018 жылы тамыз айында біржола көшіп келдік. Қазір Сарыарқаның төсінде, Есілдің жағасында, елордадамыз. Ол жақта жауапты қызметтер атқарған соң, армандаған туған отанға көшерде көптеген кедергілер болды. Ақырында Алла сәтін салып, аман-есен атамекенге табан тіредік.
Алдағы жоспарлар туралы айтар болсақ, дәл қазір бәлендей шаруалар тындыра қоймадым. Бірақ, әркім өзінде бармен іс қылады. Ақын, сазгер ретінде тәуелсіз отанымның шаттыққа толы күндерін жырласам деймін. Ал кәсіби диктор ретінде қазақ классиктерінің әдеби шығармаларынан аудиокітаптар шығарсақ дейтін ойлар бар. Сол арқылы қазақ руханиятына азда болса үлес қоссам деймін. Өйткені біз бұл жақтан бір нәрсе алайық деп емес, берейік деп келдік емес пе?!
Мен Қазақстанға аттанарда «Өрелі кер» деген әні бар өлең жазғанмын. Әрине өзіме арнап. Әр қазақ секілді жылқы түлігіне жаным жақын болғандықтан өзімді «кер» деп алдым. Бұл өлеңдегі «өре» дегенім замана сипаты.
Менің Қазақстанға келудегі ой, көңілім осы «Өрелі кердің» ішінде. Ендеше, бүгінгі ойымды осы өлеңмен қортындылайын.
«Өрелі кер»
Келеді елең қағып өрелі кер,
Кекілін жануардың өбеді жел.
Нардың да ізі қалған кеше күні,
Алдында асатұғын көп еді бел.
Қарамай күндізіне, түн ішіне,
Басқаның жүре бермей мінісіне,
Асқаның асулардан қандай ғажап,
Жолыңда жорға түссін жүрісіңе.
Барады өрелі кер белден асып,
Жүргісі келмеген соң енді адасып.
Өресін төресі алып тастар әлі,
Тел өсер, телқоңыр мен тең жарасып.
Өрелі кер, өрелі кер,
Тайыңда таңдай қаққан көп еді ел,
Өрелі кер, өрелі кер,
Қызыққан құлыныңда көп еді ел.
Өрелі кер, өрелі кер,
Арқаңды жауыр қылған көп еді ер,
Өрелі кер, өрелі кер,
Жаныңды жауыр қылған көп еді ел, өрелі кер»
Фото: Бауыржан Жуасбаев