Торонтода Канада, АҚШ және Кореядағы қазақ ұйымдарының өкілдері бас қосты

Бүгін, 11:41

2026 жылғы 20 қарашада «Отандастар қоры» КЕАҚ Қазақстан Республикасының Торонтодағы Консулдығында Канада, АҚШ және Корея Республикасындағы қазақ мәдени ұйымдарының жетекшілері мен белсенділерінің кездесуін ұйымдастырды. Қатысушылар тәжірибе алмасып, Солтүстік Америкадағы қазақ қауымдастықтарының жұмысын жандандыру және бірлескен мәдени жобаларды іске асыру жолдарын қарастырды.

Кездесуге Торонто мен Үлкен Торонто өңіріндегі қазақстандықтар қауымдастығының белсенділері және Кореядан тәжірибе бөлісуге арнайы келген «Qazaq Nomad Korea» ұйымының өкілдері қатысты. Ванкувердегі «BC Qazaq Community», Нью-Йорктегі «Qazaq American Qaganat» ұйымдарының, сондай-ақ Калгари мен Оттавадағы қазақ қауымдастықтарының өкілдері онлайн қосылды.

Кездесуді ашқан ҚР Торонтодағы консулы Алмас Садыров ұлттық бірегейлікті сақтауда және Қазақстанды шетелде танытуда қазақ ұйымдарымен әріптестіктің маңызын атап өтті.

Кездесу барысында Қоғам вице-президенті Алибек Жұрқадам ұйымның қызметі мен жүзеге асырылып жатқан жобалары туралы ақпарат беріп, қатысушыларды аталған бастамаларға белсенді қатысуға шақырды.

Торонто мен Үлкен Торонто өңіріндегі қазақстандықтар қауымдастығының жетекшісі Мадина Кеңесбаева Қазақстан Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай Торонтода өткен мәдени кеш жергілікті отандастардың қолдауына ие болғанын айтты. Оның пікірінше, бұл кеш Канадада осындай ауқымды іс-шараларды жиі өткізуге жол ашты. Қауымдастық осы бағытта «Отандастар қорымен» байланысын нығайтуды көздейді.

Нью-Йорктегі «Qazaq American Qaganat» ұйымының жетекшісі Назар Али Бименов АҚШ-та 20-ға жуық қазақ ұйымы бар екенін және олардың бірқатарымен байланыс орнатқанын айтты. Ол Канададағы қазақ ұйымдарымен де әріптестік орнатып, Солтүстік Америка аясында ортақ жобаларды қолға алуға шақырды.

Ванкувердегі «BC Qazaq Community» ұйымының жетекшісі Динара Нусипакынова қауымдастықтың атқарған жұмыстарын таныстырды. Ол қазақ тілі мен домбыра үйірмелерін жүргізетін ерікті ұстаздар қажет екенін айтып, бірлесіп жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді.

Оттавадағы қазақ қауымдастығының өкілі Алибек Сагидулла Канадаға қоныс аударғалы жергілікті қазақ қауымының өміріне белсенді араласып келе жатқанын айтты. Балаларының ана тілі мен ұлттық дәстүрін ұмытпауы өздері үшін маңызды екенін атап өтіп, қауымдастықтың ортақ бастамаларды қолдауға және бірлескен іс-шараларға қатысуға дайын екенін жеткізді.

Калгаридегі қазақ қауымдастығының өкілі Анар Шакиева жергілікті қазақ қауымы шағын болса да, ынтымағы жоғары екенін айтып, басқа қалалардағы қазақ қауымдастықтарының іс-шараларына да қатысуға дайын екенін білдірді.

Кореядан кездесуге арнайы келген «Qazaq Nomad Korea» ұйымының жетекшісі Жанат Кадырова мен ұйым белсендісі Ли Есімгүл Канададағы қазақ ұйымдарының өкілдеріне Сеулдегі қазақ мәдени орталығының табысты тәжірибесін таныстырды. Атап айтқанда қауымдастық жұмысын жолға қою, мәдени іс-шаралар ұйымдастыру және демеушілермен әріптестік орнату тәжірибесімен бөлісті.

Кездесуді қорытындылаған «Отандастар қоры» КеАҚ вице-президенті Алибек Жұрқадам Канада мен АҚШ-тағы отандастарымыздың кәсіби білімі мен халықаралық тәжірибесін қазақ қауымының дамуына және Қазақстанмен мәдени, білім беру, ғылыми байланыстарды нығайтуға жұмылдыруға шақырды.

Мұндай кездесулер шетелдегі қандастармен байланысты нығайтып қана қоймай, ортақ жобаларды жүзеге асыруға және қазақ қауымдастықтарының ынтымақтастығын арттыруға маңызды мүмкіндік береді.

 

Торонтода Канада, АҚШ және Кореядағы қазақ ұйымдарының өкілдері бас қосты