Шетелдегі қандастарды қолдау – қазақ қоғамы үшін өзекті мәселелердің бірі. Содан болар, 2019 жылы қандас ағайынға көмек көрсету, елге қайтару практикасы, мемлекеттік бағдарламалар мен диаспоралық саясатты түсіндіру мақсатында этнобірегейлікті дамытуға бағытталған талдамалық зерттеу жұмысы жүргізілді. Жоба барысында отандық мамандар Түркияның шетелдегі өз отандастарын мемлекеттік қолдау ісіне көз жүгіртіп, солардың тәжірибесін сараптап көрді.
Мысалы, тіл мәртебесін – ел мәртебесі деп санайтын бауырлас жұрт тіл үйренуге баса мән береді. Диаспоралық саясатта түрік тілін білу, білмегенге үйрету жолын берік ұстанады. Ана тілін үйрету арқылы қандастарын қолдап қана қоймай, барлық ұйымдар жұмысын ілгерлетіп, тиімділігін арттырған. Осы бағытта Шетелдік түріктер мен туыстық қауымдастық басқармасы (YTB), «Мариф» қоры, Түрік ынтымақтастық координациялық агенттігі (ТИКА), «Жүніс Эмре» институты жемісті қызмет атқаруда. Шетелдегі диаспора өкілдерінен шыққан беделді, іскер азаматтар арқылы Түркия мемлекетінің абыройы асқақтап, беделі артып, инвестиция тарту бағытында нақты істер жүргізу жолға қойылған. Шетелдерде шамамен 140 мың компания түрік диаспорасына тиесілі. Түрік орталық банкінің мәліметтері бойынша, 2011 жылдан бастап Түркияға шетелде жұмыс істейтін және тұрақты тұратын түріктерден жыл сайын түсетін қаражат көлемі 1 млрд доллардан асқан. Жыл сайын шетелде тұрақты тұратын 2 млн түрік Түркияға келсе, олардың жартысы турист ретінде келеді. Себебі мемлекет өзге елде қос азаматтыққа тыйым салынған жағдайда түрік көшіп-қонушыларына Түркия азаматтарымен тең құқықтарға ие «Mavi cart» картасын қолдануға мүмкіндік берген. Бұл карта бойынша тек мемлекеттік қызметке қабылдау мен әскери қызмет өтеуге шектеу қойылған.
Енді өткен жылы «Отандастар қоры» зерттеу жұмыстарының нәтижесінде шетелдегі қазақтарды мемлекеттік қолдау бойынша алғаш рет «Қазақ картасы» ұғымын бұқараның талқылауына ұсынды. Бұл ұсыныс қазақстандық сарапшылар мен мамандардың қолдауына ие болды. Бастама қоғам сұранысына ие болғанымен, мемлекеттік органдар тарапынан қолдау тауып, нақты шешім қабылданбай жатыр. Мемлекеттік органдардың бұл мәселеде бір жүйеге келе алмауы қиындық туғызды. Мысалы, қандастармен тікелей жұмыс істейтін Қазақстан елшіліктерінің бір бөлігі «Қазақ картасын» қолдаса, кейбірі әлі ұстанымдарын айқындай алмай отыр.
«Қазақ картасы» шетелдегі бауырларымызға Қазақстан азаматтарымен бірдей, сайлау және сайлану құқығынан басқа, ел аумағында емін-еркін жүріп-тұруға, бизнеспен айналысуына, меншік иесі болуына, заңды түрде жұмысқа тұруына, тегін білім алуына, медициналық қызмет жүйесін қолдануға толық мүмкіндік беріп, қандастарымыздың тарихи Отанына деген қызығушылығын арттырады. Бұл өз кезегінде еліміздің экономикасы мен мәдениетінің қарқынды дамуына септігін тигізеді. Дегенмен, Қазақстанда шетелдегі қандастарымызды қолдауға байланысты саяси шешімнің жетіспеушілігі сезіледі.
Жалпы, шетелдердегі түріктер қоныстанған мемлекеттердегі озық технология, алдыңғы қатардағы жаңалықтар мен идеяларды тарихи Отанына жеткізуге ынталы. Мемлекет тиімді серіктестік ретінде өз қандастарына өндірістер ашып, жетістіктерді енгізу үшін ынталандыру жүйесін қалыптастырған. Бұл ретте «туысқан елдің озық тәжірибесін неге Қазақстанға енгізбеске?» деген сұрақ туындайды.
Мағауия САРБАСОВ, «Отандастар қоры» КЕАҚ вице-президенті