Шетелдегі отандастар арасында «OQ Startup» үздік жобалар шығармашылық байқауының ЕРЕЖЕСІ
I. Байқаудың негізгі мақсаты
«OQ Startup» үздік жобалар байқауы ғылым, мәдениет, IT, бизнес, медиа, волонтерлік және басқа да шығармашылық және әлеуметтік бағыттағы жобаларға жан-жақты қолдау көрсетуге арналған байқау.
Негізгі мақсаты шетелдегі отандастар мен этникалық қазақтардың төл жобаларын Қазақстанда таныту, өзара байланыс орнатуына ықпал ету және шығармашылығына қолдау көрсету.
II. Байқауды ұйымдастыру және өткізу тәртібі
— Байқауға 15-30 жас аралығындағы шетел азаматы болып табылатын ұлты қазақ отандастар қатыса алады;
— Байқауға ғылым, мәдениет, IT, бизнес, медиа, волонтерлік және басқа да шығармашылық және әлеуметтік бағыттағы жобалар қабылданады;
— Қатысушы өз жобасын таныстыру үшін төмендегі материалдарды ұсынуы қажет:
1. Жобаның таныстырылымы:
— ұзақтығы 2 минуттан аспайтын көлденеңінен түсірілген MP3 немесе MOV форматындағы бейнеролик немесе көлемі 10 слайдтан аспайтын PPTX немесе PDF форматындағы презентация.
Бейнеролик немесе презентацияда жобаның негізгі мазмұны, өзектілігі, мақсаты, кімдерге бағытталғаны, іске асыру жолдары және күтілетін нәтижелері қысқаша әрі түсінікті түрде көрсетілуі тиіс.
2. Жоба туралы қысқаша анықтама (PDF форматында).
Анықтамада міндетті түрде келесі ақпараттар қамтылуы қажет:
— жобаның атауы;
— жобаның өзектілігі және шешуге бағытталған мәселесі;
— жобаның мақсаты;
— жобаның негізгі міндеттері;
— мақсатты аудиториясы (жоба кімдерге арналғаны);
— жобаны іске асыру тетігі және негізгі іс-шаралары;
— жобаны іске асыру мерзімі;
— күтілетін нәтижелері;
— жобаны іске асыру үшін қажетті ресурстар.
Егер жобаны іске асыру үшін қаржыландыру қажет болса, қатысушы PDF құжатында сұралатын қаражат көлемін және оның нақты сметасын көрсетуі тиіс. Сметада әрбір шығын бабының атауы, саны, бірлік құны және жалпы құны көрсетілуі қажет.
Ұсынылатын бейнеролик немесе презентация жобаны қысқа әрі нақты таныстыруға, ал PDF форматындағы анықтама жобаның мазмұнын толық түсіндіруге мүмкіндік беруі тиіс.
Байқауға іске асырылуы басталған, қазіргі уақытта жүзеге асырылып жатқан, сондай-ақ іске асырылуы жоспарланған жобалар қатыса алады.
Жоба бұрыннан іске асырылып жатқан жағдайда, қатысушы оның қазіргі нәтижелері, қол жеткізген көрсеткіштері және жобаны одан әрі дамыту жоспары туралы ақпарат ұсынуы қажет.
Ал іске асырылуы жоспарланған жоба бойынша оның мақсаты, міндеттері, іске асыру кезеңдері, мерзімі және күтілетін нәтижелері нақты көрсетілуі тиіс.
4. Жұмыстар Oqbaiqau@gmail.com эл-поштасында қабылданады;
5. Қатысушы жұмысын өзі туралы ақпаратпен қоса (Толық аты-жөні, азаматтығы, оқитын университеті мен курсы, жасы) 30 қазан 2026 ж. дейін жіберуі керек;
6. Қатысушы жұмысын жібере отырып Отандастар қорының әлеуметтік желілерінде (Facebook, Instagram, Telegram) және ресми сайтында жұмысының жариялануына келісім береді.
7. Байқауға жұмыстар қазақ, орыс немесе ағылшын тілінде қабылданады.
III. Байқау мерзімі
Байқауға шығармашылық жұмыстар 2026 жылғы 30 қыркүйектен бастап 30 қазанға дейін қабылданады. Қазылар алқасы байқау аяқталғаннан кейін 30 күннің ішінде жеңімпаздарды анықтайды.
IV. Байқаудың жұмысын қорытындылау және қатысушыларды марапаттау
Байқау қорытындысы бойынша үздіктер төмендегідей марапатталады.
— 1 орын – Ноутбук, диплом
— 2 орын – Планшет, диплом
— 3 орын – Смарт-сағат, диплом
— Ынталандыру сыйлығы: Үстел ойыны (Бестемше), марапаттау