Ташкентте «Tүркі әлемінің рухани мұрасы: әдебиет – дәуірлер мен ұрпақтар сабақтастығы» форумы өтті

03 Қыркүйек 2026

2026 жылдың 2-3 қыркүйек күндері Ташкент қаласы және Ташкент облысында Өзбекстан және Қазақстан жазушыларының «Түркі әлемінің рухани мұрасы: әдебиет – дәуірлер мен ұрпақтар сабақтастығы» форумы өтті. Бұл форум тарихы, тағдыры бір туыстас әрі бауырлас елдердің әдеби-мәдени, достық байланыстарын одан әрі дамытуға бағытталды.

Өзбекстан Республикасы Мектепке дейінгі және мектеп білімі министрлігі, Өзбекстан Республикасы Мәдениет министрлігі, Ташкент облысы әкімдігі, Өзбекстан және Қазақстан Жазушылар одақтары, сондай-ақ Түркі мәдениеті және мұрасы қорының ынтымақтастығында өткізілген форум Өзбекстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығына, Бірінші Түркология конгресінің 100 жылдығына (Баку, 1926) және ұлы өзбек ақыны әрі ойшылы Әлішер Науаидың 585 жылдығына орай ұйымдастырылды.

Форумның бағдарламасы 2 қыркүйекте Ташкент облысы Бостандық ауданының, Қараманас ауылында басталып, онда жаңа оқу жылының басталуына және №34 жалпы орта білім беретін мектепке көрнекті қазақ жазушысы, драматург, аудармашы, қоғам қайраткері Рахметолла Райымқұловтың есімін беруге арналған салтанатты іс-шара өтті. Іс-шара аясында жаңартылған мектеп кітапханасы мен Р.Райымқұловтың мемориалдық бұрышы ашылды. 

3 қыркүйекте Ташкент қаласында «Түркі әлемінің рухани мұрасы: әдебиет – дәуірлер мен ұрпақтар сабақтастығы» форумының салтанатты ашылуы мен жалпы мәжілісі жоғары деңгейде өтті.

Іс-шара өзбектің ұлы ақыны әрі ойшылы Әлішер Науаидың ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімінен басталды. Содан соң форум аясында Өзбекстан Жазушылар одағында «Әдеби достық – мәңгілік достық» тақырыбында кітаптар көрмесі, сондай-ақ Бірінші Баку Түркология конгресінің 100 жылдығына арналған мұрағат материалдарының көрмесі ұйымдастырылды.

Форумның салтанатты ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев, Өзбекстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Хайриддин Султонов, Өзбекстан Республикасы Мәдениет министрі Озодбек Назарбеков, Қазақстан Республикасының Өзбекстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ералы Тоғжанов, Өзбекстан Жазушылар одағының төрағасы Сирожиддин Саййид, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов, Өзбекстан Ұлттық ақпарат агенттігінің Бас директоры Абдусаид Кучимов, сондай-ақ Түркі мәдениеті және мұрасы қорының президенті Ақтоты Райымқұлова қатысты.

Форумның тақырыптық сессиясы «Өзбекстан және Қазақстанның әдеби қарым-қатынасы: ортақ мұра, заманауилық және ынтымақтастықтың жаңа көкжиектері» тақырыбына арналды. Сессияда екі елдің әдебиеті арасындағы тарихи және бүгінгі байланыстар, ортақ әдеби-мәдени мұра, шығармашылық әріптестік, өзара аудармалар мәселелері талқыланды.

Филология ғылымдарының докторы, профессор Баходир Каримов «ХХ ғасырдың 20-жылдарындағы өзбек-қазақ әдеби байланыстары туралы» баяндама жасады. Сессияға Қазақстандық әдебиеттанушы, сыншы, публицист, филология ғылымдарының докторы, профессор Құлбек Ергөбек, Әлішер Науаи атындағы Ташкент мемлекеттік өзбек тілі және әдебиеті университетінің проректоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Нурбой Жабборов, Низами атындағы Өзбекстан Ұлттық педагогикалық университеті қазақ тілі және әдебиеті кафедрасының меңгерушісі Ергеш Абдувалитов, Қазақстандық жазушы әрі публицист, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Қанат Алтынбек баяндамалармен қатысты. Баяндамаларда екі халықтың әдебиеті арасындағы тарихи байланыстар, шығармашылық ықпал мен әдеби үдерістердің өзара байланысты тұстары қарастырылды. Сонымен қатар іс шараға «Түркістан» газетінің бас редакторы, ақын Бауыржан Бабажанұлы, «Өлке тынысы» ЖШС-нің бас директоры Ерлан Жұрынбаев, тағы басқалар қатысты.

Сессия шеңберінде Өзбекстанда және Қазақстанда жарық көрген жаңа кітаптардың таныстырылымы да жасалды. Форум екі мемлекеттің шығармашылық тұлғалары арасындағы әдеби байланысты одан әрі кеңейтуге, ортақ әдеби мұраны зерттеу мен  насихаттауға, өзара аудармалар мен бірлескен шығармашылық жобаларды дамытуға бағытталғанымен маңызды болды.

Форумның қорытынды құжаты Ташкент декларациясы Өзбекстан және Қазақстан арасындағы ұзақ мерзімді әдеби және мәдени ынтымақтастықтың нақты бағыттарын айқындауға бағытталып, құжатқа Өзбекстан және Қазақстан Жазушылар одақтарының төрағалары, сондай-ақ Түркі мәдениеті және мұрасы қоры президенті қол қойып бекітті.

 

Арухан АҚПАНБЕТОВА

«Нұрлы жол» газетінің тілшісі, Ташкент қаласы.

 

 

Ташкентте «Tүркі әлемінің рухани мұрасы: әдебиет – дәуірлер мен ұрпақтар сабақтастығы» форумы өтті