Egemen Qazaqstan: «Атажұртта оқиды талай қазақ баласы...»

08 Тамыз 2026

Көпшілік көз тіккен осынау дарқан даланы қазаққа тезірек толтырудың тиімді тәсілі – атажұртына қандастарды қайтару, қоныстандыру еді. Тарыдай шашылған жұрттың қаншама миллионы жердің әр қиырында ғасырлап тұрақтап қалды. Ендігі үміт – бүгінгі буында. Ал оларды елге тартудың, табандап қалуға ықпал етудің ең игі әрі ізгі жолы – білім.

Қандастарға жеңілдік бар

Бұл ой бүгінде мемлекеттік саясаттың бір бөлшегіне айналып үлгерген. Бұлай деуімізге елімізде  жылдағы жоғары білім алуға бөлінетін гранттың 4 пайызы шетелдегі қазақтарға берілетіні түрткі болып отыр. Осы квота шеңберінде 2012 жылдан 2025 жылға дейін 12 000-ға жуық қандас қабылданған. Биыл нақты қанша грант қарастырылды? Осыған орай біз Ғылым және жоғары білім министрлігіне сұрау салған едік, жауапты ұйымнан: «Жыл сайын шетелдіктерді, оның ішінде қандастарды жоғары оқу орындарының дайындық бөлімдерінде оқуға қабылдау үшін 1500-ден аса грант бөлінеді. Бұған Қытай, Өзбекстан, Моңғолия, Ресей, Тәжікстан және Түрікменстаннан келген қандастар қабылданып, мемлекеттік стипендиямен, жатақханалардағы орындармен қамтылады. Дайындық бөлімінің бағдарламасы бойынша олар қазақ тілін, жалпы білім беру пәндерін оқиды, ҰБТ-ға толыққанды дайындық курсынан өтеді. Қандастар аталған дайындық курс­тарына әңгімелесу нәтижелері арқылы қабылданады», деген жауап алдық.

Иә, грант бар, жатақхана да, стипендия да беріледі делік. Бірақ алдымен оқуға түсу деген дүние бар ғой. Қандастар көбіне құжат қамымен жүріп, тіпті тестілеудің өзінен құр қалып жатады. Оның үстіне 4 пәннен тест тапсыру да оңайға соқпайды. Бұл мәселе де ескерілді. 2024 жылы қандастарды еліміздің ЖОО-ға қабылдау рәсімін жеңілдету мақсатында ҰБТ-ны өткізу мен ЖОО-ға қабылдау қағидаларына өзгерістер енгізілді. Соған сәйкес қандастар ҰБТ-да оқу сауаттылығы мен бейіні бойынша 2 пәнді ғана тапсыратын болды. Бұған қоса жаңа өзгерістерге сай қандастарды ЖОО-ға қабылдауда шекті балл жинау талап етілмейді. Осы өзгерістер нәтижесінде 2025 жылы аталған квота шегінде 2140 адам грант иегері атанды. Бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда 2,5 есе жоғары.

Біз грант дегенде әдетте бакалавриат деңгейінде оқуды ғана ойға аламыз. Ал ақиқатында шетелдерде бакалавр дәрежесін алып, енді елге магистратура, докторантура оқу үшін оралатындарға мүмкіндік бар-жоғын айта бермейміз. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында жауапты ұйымға хабарластық. Ғылым және жоғары білім министрлігі бұған: «2019 жылдан бастап «Білім туралы» заңға сәйкес қандастар стипендиялық бағдарламалар арқылы ЖОО-ға түсе алады. Осы арқылы қандастардың тек бакалавриатқа емес, жоғары оқу орнынан кейінгі білім алуға да мүмкіндігі бар. Бағдарлама бойынша жыл сайын республикалық бюджеттен 550 білім гранты көзделген, оның ішінде: бакалавриат – 490 грант; магистратура – 50 грант; докторантура – 10 грант», деп жауап берді. 

Оңтүстіктегі оң өзгеріс

Жалпы, әлеуметтік қолдау негізінен туу көрсеткіші жоғары оңтүстік өңірде сұранысқа ие. Сәйкесінше түстіктегі көршілерімізден де талапкерлер көптеп келуі мүмкін. Себебі жыл са­­­йын оқуға қабылданған қандастардың қатарында Өзбекстан, Түрікменстан, Тәжікстаннан келгендері жиі ұшырасады. Ал бұл елдерден келген талапкерлер негізінен еліміздің оңтүстігіндегі ЖОО-ға құжат тапсырады. Сондықтан біз сол жақтағы университеттердің ресми сайттары мен жедел ақпарат алмасу құралына айналған әлеуметтік желілердегі парақшаларын қарадық. Сонда Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің жарнамасына көзіміз түсті. Видеода: «Шетелдік азаматтар мен қандастарға – 1 жыл бойы тегін жатақхана. Бұл мүмкіндікті Жәнібеков университетінен ғана ала аласыздар. Қабылдау сұхбаттасу арқылы жүреді», делінген.

Осыған орай аталған оқу орнына хабарластық. Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ баспасөз хатшысы Лаура Тастанбек: «Былтыр 2025–2026 оқу жылында біздің университетте барлығы 39 қандас бірінші курс студенті атанды. Оның 15-і мемлекеттен педагогикалық мамандықтарға бөлінген грант санының төрт пайыз үлесін құраса, 3-еуі ректор грантының иегері атанған. Ал алдағы оқу жылы бойынша талапкерлерден құжат қабылданып жатыр. Өзіңіз жоғарыдағы хабарландырудан байқағаныңыздай, қандастарға қолдау көрсетіліп келеді. Негізі шетелдік студенттер отандық ЖОО-ның бәрінде оқу барысында жатақханаға ақы төлеп тұрақтайды. Бізде биыл алғаш рет оларды бірінші оқу жылында тегін жатын орынмен қамтып отырмыз. Оқуға тапсырудан бастап, түсіп, бітіріп шығуына дейін қандастарға жеңілдік қарастырылған», деп атап өтті.

Оның айтуынша, университет қандас­тардың келуіне, грантқа түсуіне, сәтті тәмамдап шығуын барынша қалайды. Өйткені университет те мемлекеттік тапсырыс алып, оны толық игеруге мүдделі. Мысалы, жақында бір қандасымыз паспортын жоғалтып алып, соның себебінен оқуға тапсыруға шекарадан өте алмаған. Ал құжат қабылдау уақытының аяқталуына 1-ақ күн уақыт қалған. Талапкер мән-жайды ол Ө.Жәнібеков университетінің қабылдау бөліміне хабарлағанда ЖОО мамандары оның құжаттарын жедел онлайн қабылдап алуды ұйымдастырыпты. 

Грант неге игерілмейді?

Қолдау дедік, грант дедік, енді дәлелмен, нақты сандарды сөйлетейік. Қараңыз, шеттегі қазақтарға жан-жақты қолдау көрсетіп жүрген «Отандастар қоры» КеАҚ ұсынған дерекке сүйенсек, 4% квота шеңберінде қандастарға 2022 жылы – 2220, 2023 жылы – 2437, 2024 жылы – 2671, 2025 жылы – 2683, 2026 жылы 2497 грант бөлінді. Осы квота бойынша 2022 жылы – 654, 2023 жылы – 801, 2024 жылы – 1604, 2025 жылы 2140 қандас грант иеленген. Биылғы нәтиже енді шығады. Осы көрсеткіштерден көріп отырғанымыздай, грант иегерлерінің саны жыл санап артып келеді. Жақсы үрдіс. Десе де әлі күнге қандастарға бөлінген гранттың игерілуі 100 пайызға жетпеген. Мысалы, осыған дейін қандастарға бөлінген гранттың 2022 жылы – 29, 2023 жылы – 32, 2024 жылы – 60, 2025 жылы 79 пайызы игерілген. Осы жылғы көрсеткіш грант конкурсының нәтижесінен кейін белгілі болады. Гранттың игерілуінде де оң динамика бар. Дегенмен сол бар грантты әлі де толық игере алмауымызға, кейбір қандастарымыздың ақылы бөлімге түсуіне не себеп?

«Отандастар қоры» КеАҚ Ком­муникация және халықаралық ынты­­мақтастық департаментінің басқарушы директоры Дидар Болат бұл сұраққа жауапты түсіну үшін алдымен оң динамикаға қалай қол жеткізгенімізді ұғуымыз керек екенін жеткізді. Жоғарыдағы көрсеткіштен байқағанымыздай, 2023 жылға дейін бөлінген гранттардың игерілу деңгейі 50%-ға да жетпеді. Бұл жағдайдың бірнеше негізгі себебі бар.

«Орта білім беретін мектептер тек Өзбекстанда (370 мектеп), Моңғолияда (43 мектеп) бар, алайда олардың өзінде қазақ тілінде негізінен тек қазақ тілі мен әдебиеті пәндері ғана оқытылады. Екіншіден, ақпараттық-түсіндіру жұмысының әлсіздігі байқалады, гранттар мен квоталар жөніндегі мәліметтерді кеңінен тарату қажеттігін көрсетеді. Жоғарыда мемлекеттік қолдау түрі ретін­де қандастарды оқуға қабылдау талап­тарының 2024 жылы жеңілдетілгені айтылған ғой. Бұл өзгеріске Парламентте жанашыр депутаттардың мәселе көтеруі мен ұйымымыздың жауапты министр­­­лікпен тұрақты, табанды, жүйелі жұмыс жүргізуінің нәтижесінде қол жеткіздік. Сол арқылы грантқа түсушілер саны да, гранттың игерілу көрсеткіші де артты. Осындай қолдау шараларын күшейте берген абзал», дейді Д.Болат.

Өзбекстаннан оралып, атамекенінде мамандық алып, тарихи Отанының өркендеуіне еңбек етіп жүрген қандасымыз Атабек Сейітов мәселенің мәнісі әріде екенін айтты. «Гранттар неге артылып қалады? Иә, мүмкіндік жасалып жатыр. Әрине, екі кезеңнен ғана өтетін болғаны – көп көмек. Алайда сол әңгімелесу мен бейінді пәннің өзінен өтерде таныс-тамырға тартатындар табылады. Өзім ондай қағажу көрмесем де, жақын адамдардың өмірінен біліп жүрмін. Солардың жанайқайын ашып жеткізгім келді. Әлбетте мен өз біліміммен түстім, жұмыс істеп жүрмін. Сондай шетқақпайлар, аяқтан шалу бірді-екілі кездесіп қалады. Қазір қай салада да ашықтық пен әділдікке басымдық беріліп жатыр ғой. Соның негізінде осы сыбайластықты түбірімен тыйсақ, әлі талай қандастың елге келуіне, қалып, қызмет қылуына жол ашыла түсер еді, гранттар артылып та қалмас па еді», дейді А.Сейітов.

Түйін. Иә, оң өзгеріс бар. Нәтижесі де анық көрініп тұр. Алайда бөлінген гранттардың әлі күнге дейін толық игерілмеуі бұл бағыттағы жұмысты жанашырлықпен жетілдірудің алдағы уақытта да ауадай қажет екенін айғақтайды. Өйткені игерілген әр грант – бір жастың ғана емес, елге оралған бір отбасының, ұлттың демографиялық, зияткерлік әлеуетінің артуына қосылған үлес. Білімге салынған инвестицияның түпкі нәтижесі – тарихи Отанына орнығып, еліміздің дамуына қызмет ететін білікті азамат.

 

АвторыАйдана ШОТБАЙҚЫЗЫ

Материал egemen.kz сайтынан алынды.

Дереккөз: egemen.kz

Egemen Qazaqstan: «Атажұртта оқиды талай қазақ баласы...»