Қызылқұм сапары: кәсіпке деген адалдық (c) Нұрлан Усманов

Бүгін, 19:24

Баспасөз және бұқаралық

ақпарат құралдары қызметкерлері күні

 

Журналист мамандығы сырт көзге қызықты сапарлар мен кездесулерге толы болып көрінгенімен, шын мәнінде үлкен жауапкершілікті талап ететін күрделі де мәртебелі жол. Бұл кәсіп адам тағдырымен бетпе-бет келуді, әрбір сөз, әрбір кадр мен әрбір ойдың салмағын сезіне отырып, оған  асқан ыждағаттылықпен қарауды қажет етеді.

Мен журналистикаға кездейсоқ келген жандардың қатарынан емеспін. Мектеп қабырғасында жүрген шағымда газет-журналдарды құмарта оқып, радио мен теледидардан берілетін хабарлар мен бағдарламаларды қызыға тыңдап, жібермей көретінмін. Бала кездегі сол арман уақыт өте келе өмірлік мұратым мен саналы таңдауыма айналды.

Кәсіби қызмет барысында еліміздің түкпір-түкпірінде ғана емес, шетелдерде де талай мәрте болудың сәті түсті. Әр сапар – жаңа тағдыр, жаңа тарих, жаңа тағылым. Ал әрбір кейіпкер – өзіндік әлемі бар, тұтас бір кітапқа пара-пар тұлға. Кейде жылдар өте келе жүздеген сапардың ішінен санада санаулысы ғана сақталады. Мен үшін сондай ұмытылмас естеліктердің бірі — Қызылқұмда өткен күндер.

 

Қарапайым болмыстың ұлылығы

 

Осыдан жиырма үш жыл бұрын Өзбекстан телерадиокомпаниясы «Достық» студиясының шығармашылық ұжымымен бірге Қызылқұм қойнауына арнайы аттанған едік. Іссапардың мақсаты Өзбекстанда ең жоғары мемлекеттік марапат — «Өзбекстан Қаһарманы» атағына ие болған Серікбай Сағатов туралы очерк әзірлеу болатын.

Қызылқұм — адамның төзімі мен табандылығын сынға салатын өлке. Аптап ыстық, ұшы-қиыры жоқ қашықтықтар, жарықсыз түндер, байланыссыз иен дала... Осындай жағдайда тіршілік кешіп, маңдай терімен күн көріп жүрген жандардың әрқайсысын үнсіз қаһарман деуге болады. Сол жылы еңбегі жоғары бағаланған Серікбай Сағатовтың ғибратты ғұмыры соның айқын дәлелі еді.

Ол 1949 жылы Тамды ауданында дүниеге келіп, еңбек жолын бозбала шағында шопанның көмекшісі болып бастаған. 1970 жылдан бастап «Бірлік» ұжымшарының аға шопаны ретінде қаракөл шаруашылығын өркендетуге бар ғұмырын арнады. Жыл сайын жүзден астам қозы алып, олардың басым бөлігін асыл тұқымды мал ретінде сақтап қалуы — табанды тірлігінің нақты нәтижесі болатын.

Бізді тәнті еткені – оның қарапайым болмысы мен ақжарқын мінезі еді. «Өзбекстан Қаһарманы» секілді мәртебелі атаққа ие бола тұра, Серікбай аға бізді ешқандай даңғаза мен жасандылықсыз, кең пейілмен қарсы алды.

 

Тіршіліктің табиғи қалпы

 

Бұл сапарда шығармашылық топтың әр мүшесі өз ісіне асқан жауапкершілікпен қарады. Негізгі мақсат – кейіпкердің болмысын күнделікті тіршілігі, маңдай терімен атқарған еңбегі мен адами қасиеттері арқылы ашып көрсету болатын. Сондықтан Қызылқұмдағы қарапайым тұрмыстың боямасыз келбетін көрсетуге айрықша мән бердік. Әр кадрдың, әр сауал мен мәтіннің төңірегінде ақылдасып, пікір алмасып, ортақ шешімге келіп отырдық. Осындай шығармашылық ізденіс барысында журналист үшін ең басты өлшем – ақиқаттан айнымау екенін тағы бір мәрте ұғындық.

Түсірілім кезінде әріптестеріміздің кәсіби шеберлігі айқын байқалды. «Дидар» бағдарламасының аға редакторы Анар Нәлібаева еңбек адамының шынайы болмысын, оның қадір-қасиетін ашып көрсетуді басты ұстаным етті. Бас режиссер Бахтияр Хусанов әрбір эпизодтың мазмұны мен көркемдік шешімінің үйлесім табуына ерекше мән берсе, тәжірибелі оператор Рустам Халықназаров шөлдің қатаң жағдайына қарамастан, түсірілімнің сәтті өтуі үшін бар күш-жігері мен тәжірибесін жұмсады. Сөйтіп, Қызылқұмдағы қарапайым еңбек адамының тағдыры мен тіршілік тынысы экраннан да, газет беттерінен де лайықты орын алды.

Кейіпкердің негізгі қыстауына жету үшін 200–300 шақырымдық жолды артқа тастауға тура келді. Киіз үйде қонып, Қызылқұмның тыныш түндерін бірге өткізіп, таңды да қатар қарсы алдық. Таңғы шықпен бірге оянған шопанның жуынып-шайынып, өмірлік серігі әзірлеген ас пен шайдан дәм татып, атына қонып, отарын өріске айдап шығуы — мұның бәрі камераға ешқандай жасандылықсыз, табиғи қалпында түсті. Ең қызығы, бұл арнайы қойылған көрініс емес, тіршіліктің өз ырғағымен өрілген шынайы сәттер еді.

 

Алау жанындағы сыр-сұхбат

 

Күндіз түсіріліммен айналыссақ, кешкісін мәтіндермен жұмыс істеп, түнде көрген-білгеніміз бен естігендерімізді саралайтынбыз. Күндіз көкжиекпен астасқан сары белестер, түнде жұлдызға толы аспан астындағы тылсым тыныштық – Қызылқұмның өзіне ғана тән әлемі еді. Электр жарығы жоқ иен далада, алау шоғының жарығымен өрбіген осындай үнсіз түндердің бірінде жалындаған алау басында өрбіген сыр-сұхбат сапардың ең әсерлі сәттерінің біріне айналды. Осындай мезеттерде Анар апайдың кейіпкермен тез тіл табысып, сауалдарды дәл әрі орынды қоя білуі, әңгімені табиғи арнада өрбітуі оның кәсіби шеберлігін айқын аңғартты. Сахара тыныштығын бұзған әрбір сөз бен толғам өмірдің өзінен туғандай терең әрі мағыналы естілетін.

Әсіресе, Серікбай ағаның шопандық тіршілігіне қатысты бір оқиға жадымызда өшпестей із қалдырды. Ол қыстың қақаған бір күнінде отарынан көз жазып қалып, қарлы боранда жаяу іздеп жүріп, зор қиындықпен қайта тапқанын тебірене баяндап берді. Қараңғы түн, көз аштырмас боран мен бағыт-бағдарды жаңылдыратын иен дала жайлы сөз қозғағанда, дауысы сабырлы шыққанымен, жанарынан бастан кешкен ауыр күндердің табы анық аңғарылып тұрды.

Осы орайда ол шопандыққа деген адалдық, кәсіптің өзіне тән жауапкершілігі мен жазылмаған заңдары жайында толғана отырып, «шопан таяғы» туралы ерекше тебіреніспен сөз қозғады. Оның айтуынша, таяқ — жай ғана еңбек құралы емес, шопан ғұмырының ажырамас белгісі. Қиын сәттерде жол көрсетіп, ауыр сынақтарды еңсеруге демеу болған осы таяқ шопан үшін қасиетті құндылыққа айналғандай еді.

Даланың даналығымен астасқан осындай тағылымды әңгімелер біз, журналистер үшін нағыз олжа еді. Өйткені дәл осындай шынайы сыр-сұхбаттар арқылы адамның ішкі әлемі, өз ісіне деген адалдығы мен болмыс-бітімі бұрынғыдан да айқын ашыла түседі.

 

Шеберлікке бастар жол

 

Тәуелібай елінде бір апта бойы шопан ағаның тыныс-тіршілігін жақыннан танып, талай қызықты деректерге қанықтық. Төгілген тер де, төзіммен атқарылған жұмыс та зая кеткен жоқ. Сапар қорытындысында Серікбай Сағатовтың өмірі мен еңбек жолына арналған көлемді очерк «Нұрлы жол» газетінде жарық көрді. Ал «Дидар» бағдарламасы көрерменге тағылымы мол телехикая ұсынды. Қарапайым шопанның жанкешті тірлігі арқылы қалың жұртшылыққа Қызылқұмның боямасыз болмысын, еңбек адамдарының қайсар мінезі мен асқақ рухын жеткізе алдық.

Бүгінде сол күндерді еске алғанда, журналист мамандығының көпшілікке беймәлім қырлары ойға оралады. Оқырман газеттегі мақаланы қызыға оқиды, көрермен телебағдарламаны сүйсіне тамашалайды. Алайда оның ар жағында ұзақ ізденіс, жүздеген шақырым жол, адам тағдырына терең үңілу және қандай жағдайда да мамандыққа адал болу секілді бейнетке толы еңбек жатқанын екінің бірі біле бермейді.

Қызылқұм сапары біз үшін жай ғана іссапар емес, кәсіби шеберліктің нағыз мектебіне айналды. Сол жерде әріптестеріміздің өз ісіне адалдығын, шығармашылық ұжымның ортақ мұрат жолында жұдырықтай жұмыла алатынын және журналистиканың басты ұстанымы – өмір ақиқатын боямасыз жеткізу екенін бұрынғыдан да тереңірек түсіндік. Редактордың, режиссердің, оператор мен тілшінің еңбегі өзара сабақтасып, бір арнаға тоғысқанда ғана шын мәніндегі шығармашылық туынды өмірге келетінін сол сапарда айқын сезіндік.

 

Ең басты тағылым

 

Сапар барысында әріптестеріміздің кәсіби шеберлігі мен ұйымдастырушылық қабілеті жұмыстың жемісті өтуңне айрықша ықпал етті. Әсіресе, кейіпкердің табиғи болмысын ашып, еңбек адамының қадір-қасиетін танытуға деген ортақ ұмтылыс біз үшін үлкен тәжірибе мектебіне айналды. Журналист мамандығының ерекшелігі де осында. Ол тек ақпарат таратумен шектелмейді.

Журналист — халық пен қоғамның, еңбек адамы мен заманның арасын жалғайтын алтын көпір. Сондықтан бұл кәсіп иесінен білім мен біліктілікпен бірге қайсарлықты, сабыр мен төзімділікті, әділдікті әрі адам тағдырына бейжай қарамауды талап етеді.

Бұл естелік — Қызылқұм сапары жайлы сыр ғана емес. Ол — журналистік жолда түйген ең маңызды тағылымдардың бірі жайлы толғаныс. Сол сапар бізге жауапкершіліктің, адамға деген құрметтің және мамандыққа адалдықтың шынайы мәнін тереңірек ұғындырды.

Сол бір түнгі сыр-сұхбаттан кейін «шопан таяғы» мен үшін жай ғана еңбек құралы болып қалған жоқ. Ол өмірдің терең мәнін аңғартар ерекше нышанға айналды. Оның бойында жауапкершілік, сабыр мен таңдалған жолға деген адалдық тоғысқандай еді. Қызылқұмда шопан таяғына сүйенсе, журналист өз ар-ожданы мен кәсіби қағидаларына арқа сүйейді. Серікбай ағаның таяғы мен журналистің қаламының мұраты бір – екеуі де адамды ақиқатқа бастайды. Бәлкім, Қызылқұмнан түйген ең үлкен тағылым да осы шығар: шопан үшін таяқ қандай қастерлі болса, журналист үшін ар-ождан мен ақиқат та сондай қасиетті.

Нұрлан УСМАНОВ,

«Алтын қалам» ұлттық сыйлығы

халықаралық байқауының жеңімпазы

Өзбекстан Республикасы

 

Қызылқұм сапары: кәсіпке деген адалдық (c) Нұрлан Усманов