Еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бері ес біліп, етек-жеңімізді жинадық. Дербес мемлекет ретінде шетте жүрген ұлты қазақ қандастарымызды елге шақырдық. 30 жылға жуық уақыттан бері 1 миллион қандасымыз атажұртына табан тіреді. Шежіре кеуде қазыналы тұлғалар қазақ халқының тарихы мен мәдениетін биікке көтеріп, ұлы мұраттардың орындалуына мұрындық болды. Бауырларымызбен бірге сақтап қалған салтымыз, ғұннан қалған ғұрпымыз күнделікті өміріміздің арнасымен келешекке жол тартты.
«Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады» дейді халқымыз. Шеттен келген қандастарымыз да теңіздей білімге тамшы болып қосылды. Жаңалықтың жаршысы болып, қазақ ғылымының дамуына өз үлестерін қосты.
Атап айтсақ, Әлібек Ыдырысұлы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Биомедициналық ғылыми-зерттеулер орталығының директоры. PhD доктор. ҚР Президентінің жанындағы Жастар кадр резервіне енген үш жүз білікті жастың бірі. Жанар Жеңісқызы әл-Фараби атындығы Қазақ ұлттық универститетінің профессоры. PhD доктор. 2009 жылдан бастап Ж. Жеңісқызы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Химия және химиялық технология факультеті, органикалық заттар, табиғи қосылыстар және полимерлер химиясы мен технология кафедрасында аға оқытушы, доцент және профессор.
Сейтхан Азатұлы «Байтұрсынұлы академиясы» мекемесінің академиялық кеңес мүшесі. 2015 жылдан бері, Назарбаев университеті, Инженерия мектебінде, R.L.D. Whitby және Vasileios Inglezakis сынды әлемге танымал профессорлардың ғылыми жобаларында, Постдокторант позициясында жемісті қызмет атқарып келеді. Ғылым мен өндіріс және шәкірт тәрбиелеуді қатар алып жүрген Сейтхан Азатұлы 3 докторанттың ғылыми жетекшісі.
Қытайдан келген қандас ғалымдар 2019 жылдың «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» республикалық байқауының марапаттауына Нұр-Сұлтан қаласына арнайы келді. Уақыттың тығыздығына қарамастан Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы мен «Отандастар қоры» ұйымдастырған іс-шараларға белсене қатысты. Шетелдік және Қазақстан Республикасына көшіп келген қандас студенттермен кездесуге қатысып, білім жолындағы жастарға ақыл-кеңесін айтты. Ұлттық академиялық кітапхана ішінен ашылған «Отандастар оқу» залының ашылуына да атсалысып, оқырман қуанышымен бөлісті.
Даладай дархан жүректі, теңіздей терең білімді, отанын сүйген қазақ ғылымының дамуына өз үлестерін қосқан қандас ғалымдар еңбегіне табыс тілейміз!