Кемел біліммен келешекке

26 Ақпан, 2020

Бүгін «Отандастар қоры» мен «Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының» ұйтқы болуымен шетелдік және Қазақстан Республикасына көшіп келген қандас студенттермен кездесу өтті.

Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде өткен жиынға университеттің Халықаралық байланыстар және инновация проректоры Ақбота Жолдасбекова, «Отандастар қорының» Вице-президенті Мағауия Сарбасов, «Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы» Ақмола және Нұр-Сұлтан қаласы филиалының басшысы Қарлығаш Хожамұратова қатысты.

ЕҰУ-да шетелдік студенттерге арнап дайындық бөліміне 2017-2018 жылдары 47, 2018-2019 жылы 193, 2019-2020 жылы 165 грант бөлінген. Дайындық бөліміндегі студенттер жатақханада тегін тұрады. ҰБТ-дан жоғары нәтижеге жеткен студенттер отандық өзі таңдаған кез келген оқу орнында білімін жалғастыра алады.

Кездесу барысында арнайы шақыртылған әр сала өкілдері студенттер қойған сұрақтарға жауап берді.

Биылғы ҰБТ-ға енген өзгерістер мен толықтыру туралы Ұлттық тестілеу орталығы директорының орынбасары Наужан Дидарбекова толық ақпарат берді.

Айсұлу Жамашова мен Нүрия Сәдуақасова Волонтерлар жылы аясында ел көлемінде өткізілетін шараларды атап өтіп, барша студенттерді волонтер болуға шақырды.

Жұмыспен қамту орталығының өкілі Айдана Құлжанова мен Бақыт Рақышова оқу бітірген жастарды жұмысқа орналастыру бағдарламаларын таныстырды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың профессоры, PhD,. Дәрігерлік ғылыми зерттеу орталығының директоры, Қытайдан келген қандасымыз Жанар Жеңісқызына сөз берілді. Бүгінгі өнегелі жастарға үлгі болатын Жанар Жеңісқызы білім жолындағы ізденістерімен бөлісті. Қытай, Қазақстан, Жапония, Оңтүстік Корея және басқада мемлекеттерде оқып, зерттеу жұмыстарын жүргізгені үлкен өмірге енді қадам басқан студенттерге күш-жігер бергендей болды.

Шара соңында «Отандастар қорының» Вице-президенті Мағауия Қанапияұлы студенттермен кездесуге уақыт тауып келген Жанар Жеңісқызына алғысын білдіріп, 2019 жылғы «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» конкурсының жеңімпазы болуымен құттықтады.

Кемел біліммен келешекке