Отандас ғалымдардың озық бастамалары

21 Қараша 2025

Жиынға әлемнің түкпір-түкпірінен келген 40-тан астам отандас ғалым және ел iшіндегі 100-ге жуық зерттеуші мен сарапшы қатысып, өз салаларындағы соңғы ғылыми жетістіктерін таныстырды. Бұл басқосу – «Отандастар қоры» жүзеге асырып отырған төртінші халықаралық жоба. Бұған дейін 2019 және 2023 жылдары әлем қазақтарын қауыш­тырған «Отандастар форумдары», ал 2024 жылы өзара іскерлік байланысын нығайтқан «Кәсіпкерлер форумы» сәтті өткен еді.

Шекараны еңсерген интеллектуалды байланыс

Форумға Сыртқы істер минис­тр­лігі Халықаралық ақпарат ком­и­тетінің Төрағасы Айбек Смадия­ров, Парламент Сенатының депутаты Ғалиасқар Сарыбаев, Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов, «Отан­дастар қоры» КеАҚ прези­денті Данияр Қадыров, Назарбаев Университетінің президенті Ах­мад Вакар және бір топ ғалымдар қатысты. Жиын басында Сыртқы істер министрлігі Халықаралық ақпарат комитетінің Төрағасы Айбек Смадияров форумның маңызына тоқталып, оның түрлі елде еңбек етіп жүрген қазақстан­дық ғалымдарды және еліміздегі ғылыми қауымдастықты тоғысты­ратын алаң екенін атап өтті.

– Бұл іс-шара бізге ұлттық ғылымды дамытуға бағытталған идеялар мен тәжірибелерді бірік­тіруге үлкен мүмкіндік береді. Ғы­лым жүйесін жетілдіру, халық­ара­лық ынтымақтастықты нығай­ту – біздің стратегиялық міндеті­міз. Форумның ұйымдас­ты­рылуына Қазақстан Сыртқы істер министрлігі белсенді түрде қолдау көрсетіп келеді. Министрлік шет­елде жүрген отандас ғалымдарды біріктіру, олардың ғылыми ынты­мақтастығын жолға қою және Қа­зақстанмен байланысын ны­ғай­ту бағытында тұрақты жұмыс атқаруда. Бүгін біз отандас ғалым­дардың тәжірибесін бөлісуге, жаңа бастамаларды қалыптас­тыруға және заманауи техноло­гияларды бірге игеруге мүмкіндік беретін тиімді орта құрып отыр­мыз. Сіздердің кәсіби жетістік­теріңіз Қазақстанның халықара­лық беделін көтеріп, ел имиджін нығайтуға зор үлес қосып кел­еді, – деді А.Смадияров.

Биылғы форум шетелде ғылым мен инновация саласында табыс­ты еңбек етіп жүрген отандас ға­лымдарды бір алаңға жинап, олар­дың тәжірибесін елдің ғылы­ми-инновациялық дамуына және стра­тегиялық мақсаттарына ба­ғыт­тады. Алыс-жақын шетел­дер­ден жиналған, өз саласында биік белестерді бағындырған қандас ғалымдардың еңбегін атажұрт­ында мойындау – ғылымның, білімнің және туыстықтың тоғыс­қан арнасы. «Отандастар қоры» КеАҚ президенті Данияр Қа­дыровтың айтуынша, «Отандастар қоры» – 2018 жылдан бері Сыртқы істер министрлігіне бағынысты ұйым ретінде әлемнің 30-дан астам елдегі 200-ге жуық қазақ мәдени орталықтарымен жүйелі түрде жұмыс істеп келе жатқан бірегей институт.

– «Отандас ғалымдар фору­мы» – сол стратегиялық бағыттың нақты қадамы. Біздің мақсат – Қа­зақстанды инвестициялық тар­тым­ды ел ғана емес, шетелдегі қандас ғалымдар әлеуетін көрсету арқылы елімізді ғылыми тартым­ды мемлекет ретінде де ілгерілету. Бүгінгі форум тек жүздесу емес, жаңа идеялардың, ғылыми сер­пілістердің, үлкен ынтымақтас­тықтың бастауы. Осы ретте, Форум барысында айтылған тың тақырыптар мен озық ойларың­ызды біріктіре отырып, Форум материалдарының жинағын шы­ғаруды жоспарлап отырғаны­мызды да атап өткім келеді, – деді Данияр Қадыров. 

Отандық ғалымдар форумы­ның айқын әрі стратегиялық мақсаты бар: шетелдегі отандас ғалымдардың жаһандық деңгей­дегі жетістіктерін көрсету, Қазақ­станның ғылыми қауымдастығы арасындағы байланыстарды ны­ғай­ту, ұлттық ғылым мен инно­вация саясаты туралы маңызды жаңалықтарын бөлісу, сондай-ақ бірлескен зерттеу, технология трансфері және академиялық ұт­қырлыққа жол ашатын ұзақмер­зімді көпірлер салу. Бұл туралы жиында Назарбаев университе­тінің президенті Ахмад Вакар кеңірек айтып өтті.  

– Бүгін біз шекараларды ең­се­ретін интеллектуалдық байлан­ыстың қуатын көріп отырмыз. Германия, Америка Құрама Штат­тары, Жапония, Түркия, Корея, Моңғолия және басқа да елдерден келген ғалымдар – қазақ талант­тарының жаһандық деңгейде кең таралғанының дәлелі. Сіздер тал­қылайтын тақырыптар – жасанды интеллект, жасыл энергетика, цифр­лық медицина, қоғамдық ден­саулық, инновациялық матер­иалдар, жайылым жүйелерінің тұрақты дамуы ғылыми маңызға ие болуымен қатар, еліміздің бола­шағы үшін өте өзекті. Халық­аралық әріптестік, бірлескен зерт­теу бағдарламалары, сондай-ақ «100 ғалым» жобасы мен Qazaq International Science and Technology Association сияқты бастамалар арқылы біз білім еркін алмасатын, ал әлемдегі қазақ ғалымдары бел­сенді рөл атқаратын серпінді ғылы­ми экожүйе қалыптастырып келеміз, – дейді ол.

Жаңа есім, жаңа көзқарас

Форум аясында пленарлық сес­сиялар және «Ұлы дала» халық­аралық кітап шығару байқауының тұсаукесері өтті. Жоба аясында шық­қан қазақ қаламгерлерінің кітабын шығару үшін іріктеу байқау форматында өткен.  Яғни, шетелдегі қазақ қаламгерлері бұрын жарық көрмеген еңбектерін ұсынып, комиссия мүшелері жеңімпаздарды анықтайды. Үздік деп танылған кітап жобасын «Отандастар қоры» басып шыға­рып, кітапханаларға, шетелдегі қазақ ұйымдарына таратады. Биыл «Ұлы дала» халықаралық кітап шығару жобасының шең­берінде 9 кітап жарыққа шықты. 2023 жылдан бастап жоба аясында 30-ға жуық кітап жарық көріп, қа­зақ әдеби кеңістігіне тың есім­дер мен жаңа көзқарастар қосыл­ып келеді. Ал биылғы байқауға Ресей, Өзбекстан, Моңғолия, Қы­тай елдерінен 30-дан астам шығарма келіп түскен. 

– Отандастар, сіздерге қандас бауырларыңыздың сәлемін алып келдім. «Отандастар форумына» қатысушы ғалымдардың бәріне сәттілік тілеймін. Мамандығым құрылыс-инженер саласы болған­дықтан, оны терең зерттеп, ғылы­ми тілде жарық көруіне, қандас бауырларымызға сый-сияпатым болсын деген ниетпен «Құрылыс жұмысы» атты кітапты жазған едім. Бұл оқулық құрылыс сала­сын игергісі келетін азаматтар қазақша білім нәрімен сусындауы­на мүмкіндігінше көмек болады деп ойлаймын, – деп жылы лебізін білдірді Серікбол Съезханұлы. Ол – қазақ тілінде алғаш рет құрыл­ыс-ұжымдық іс саласында жарық көрген жаңа туындының авторы, моңғолиялық жас зерт­теуші.

Цифрлық технологияның жетістігі көп

Пленарлық отырыста Моңғо­лиядан келген Бәкей Ағыпар дәс­түрлі жайылымдық мал шаруа­шылығының құндылығы және заманауи технологиялармен ұш­тас­тыру мәселесі тақырыбында баяндама оқып, екі елдің ғалым­дарына қатысты ұсыныс айтты. 

– Жайылымдық мал шаруа­шы­лығы – қазақ пен моңғол хал­қының өзіндік ерекшеліктерін өзгелерден айқындайтын басты болмыс-бітімі, ұлттық келбеті. Қа­зақстандық академик Әбдір­ахман Омбаевтың мәліметіне сәйкес, Қазақстан ішінде жайыл­ымдық мал шаруашылығының әлі де сарқылмас қоры бар екен. Қа­зақстанда шөл және шөлейт ай­мақта жайылым жердің 100 млн гектардан астамы орналасқан. Оның 60 пайыздан астамы бүгінде пайдаланылмай тұр. Қазіргі за­ман­да жайылымдық жүйе бірқатар қиындыққа тап болып отыр. Біріншісі – жайылымның тозуы, дегредация, климаттың өзгеруі мен мал санының шектен тыс көбеюі. Екіншіден, ғылыми және цифрлық деректердің жетіспеу­шілігінен, жайылымды пайда­ла­нудың тиімді жоспарлау мүмкін­дігінің тетігін таба алмай отырмыз. Үшіншіден, экономикалық ынта­ландыру әлсіз. Төртіншіден, ауыл шаруашылығы бизнесіне деген жастардың қызығушылығы күн­нен күнге төмендеп барады. Де­ген­мен ғылым мен технология жайылымның жаңа мүмкіндігін әкеліп отыр. Анығын айтқанда, ғарыштық және спутниктік бақы­лау технологияларының берер игілігі көп. Екі елдің ғалымдары арасында деректер мен әдістеме­лер алмасу формасын құрайық, жайылымдық малдың экология­лық таза өнімдерін атап айтсақ, ет-сүт өңдеуге арналған шағын кластерлердің ғылыми экономи­калық негізін бірлесіп жасайық, – деді Бәкей Ағыпар. 

Медицина саласында отандық ғалымдардың жеткен жетістігі аз емес. Күрделі отаның адам денсау­лығын сақтап қалудағы сәтті шы­ғуы – медицина мамандарының басты жауапкершілігі. Жиында бұл сала тақырыбында медицина ғылымдарының докторы Шенол Жадик озық технологиялардың хирургия мен зерттеулерде қол­дан­ылуы аясында тәжірибесін бөлісті. Ол – ми ісіктері, балалар нейрохирургиясы, омыртқа және тамырлық хирургия жоғары білік­ті маман. Эндоскопиялық және минималды инвазивті операция­лар, толық дискіні алмастыру және омыртқа хирургиясына ро­бо­тотехниканы енгізуде сарапшы ретінде танылған. Қазір Кувейт госпиталінде кеңесші-нейро­хирург және омыртқа хирургі болып жұмыс істейді. 

– 25 жылдық кәсіби тәжіри­бемде ми жаңартулары бойынша көптеген ауыр операция орында­дым. Енді сол клиникалық шебер­­лікті ғылыми әдіспен ұш­тастыруға тырысамын. Медици­нада озық технологиялардың қолданылуы, әсіресе хирургияны түбегейлі өз­гертуде. Бұл жаңа­лықтар науқас­тардың жағдайына айтарлықтай әсер етеді, аурулар­дың асқыну­ларын әлдеқайда төмендетеді. Минималды инва­зивті операция­лар арқылы науқас тезірек сауы­ғып, ауырсыну мен инфекция­лардан жеңіл шығады.

Одан бөлек, медицина қыз­мет­керінің де көмекшісі деуге болады. Стресс пен психология­лық жүктемені азайтады. Айт­қым келгені, ЖИ тек автомат­тан­дыру құралы емес, жаңа ғы­­лыми жаңа­лыққа жол ашатын интеллектуал­ды серіктес дең­гейіне жетті, – деді сарапшы Шенол Жадик. 

Шетелде жүрген және ел ішін­дегі ғалымдарды ортақ алаңда то­ғыстырған форумда зерттеуші­лер өзара еркін пікір алмасып, ғылымдағы жаңа көзқарастар мен бағыттарды талқылады. Басқосуда диаспора ғалымдары өздерінің жинақтаған ғылыми тәжірибесін, инновациялық жобаларын ұсын­ып, оны Қазақстанның ғылыми ортасымен байланыстыруға мүм­кін­дік алды.

Дереккөз: Aikyn.kz

Отандас ғалымдардың озық бастамалары