Құрметті ханымдар мен мырзалар!
Қадірменді отандастар!
Бүгін Астанада өтіп жатқан «Отандас ғалымдар форумы» – әлемнің түрлі елдерінде еңбек етіп жүрген қазақстандық ғалымдарды және еліміздегі ғылыми қауымдастықты тоғыстыратын маңызды алаң. Бұл іс-шара бізге ұлттық ғылымды дамытуға бағытталған идеялар мен тәжірибелерді біріктіруге үлкен мүмкіндік береді.
Ғылым – елдің экономикалық өсімінің, инновациялық серпінінің және жаһандық бәсекеге қабілеттілігінің басты тірегі. Қазіргі әлемде жаңа білім өндіру мен инновация жасау қабілеті мемлекеттің дамуын айқындайтын негізгі факторға айналды. Сондықтан ғылым жүйесін жетілдіру, халықаралық ынтымақтастықты нығайту біздің стратегиялық міндетіміз.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылғы Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңесте шетелдегі отандас ғалымдардың еліміздің дамуына қосатын үлесін ерекше атап өткен болатын. Президент олардың бастамаларына институционалдық және қаржылық қолдау көрсетілетінін мәлімдеп, Қазақстанда зерттеу жүргізуге шақырды. Бұл – ғылымның жаһандық кеңістікпен терең интеграциялануына жасалған маңызды қадам.
Форумның ұйымдастырылуына Қазақстан Сыртқы істер министрлігі белсенді түрде қолдау көрсетіп келеді. Министрлік шетелде жүрген отандас ғалымдарды біріктіру, олардың ғылыми ынтымақтастығын жолға қою және Қазақстанмен байланысын нығайту бағытында тұрақты жұмыс атқаруда. Сыртқы істер министрлігінің осы бағыттағы жүйелі еңбегі Форумның өз деңгейінде өтуіне елеулі үлес қосады деп сенеміз.
Бүгін біз отандас ғалымдардың тәжірибесін бөлісуге, жаңа бастамаларды қалыптастыруға және заманауи технологияларды бірге игеруге мүмкіндік беретін тиімді орта құрып отырмыз. Сіздердің кәсіби жетістіктеріңіз Қазақстанның халықаралық беделін көтеріп, ел имиджін нығайтуға зор үлес қосып келеді.
Форумды ұйымдастырған барша әріптестерге шынайы ризашылығымды білдіремін. Бұл платформа – жаңа серіктестіктердің, маңызды ғылыми жобалардың бастауы боларына сенемін.
Баршаңызға табысты жұмыс, жаңа ғылыми жаңалықтар және сәтті жобалар тілеймін. Сіздердің еңбектеріңіз Қазақстанның тұрақты дамуы мен интеллектуалдық әлеуетін арттыруға қызмет ететініне толық сенімдімін.
Назарларыңызға рақмет!