Синьцзяндағы этникалық қазақтар дәстүр мен мәдениетті сақтауда

29 Қазан 2025

Қытай Халық Республикасының Синьцзян-Ұйғыр автономиялық ауданындағы Іле-Қазақ автономиялық округі – этникалық қазақтар тығыз қоныстанған өңірлердің бірі. Ресми мәліметке сәйкес, мұнда қазақтар жалпы халықтың 26%-ын құрайды. Ал Қытай аумағында барлығы 1,5 миллионнан астам этникалық қазақ өмір сүреді.

Іле қаласында (қытайша атауы – Инин) тұратын Гүлнұр Кенжебекқызы — ағылшын тілі маманы, Іле-Қазақ автономиялық округінің Сыртқы істер басқармасында аудармашы болып қызмет етеді. Бірнеше шет тілін еркін меңгерген Гүлнұр халықаралық делегациялармен жұмыс істейді.

«Біз дәстүрімізді, салт-дәстүріміз бен мәдениетімізді сақтап, ұрпаққа жеткізуге тырысамыз. Үйде қазақ тілінде сөйлесеміз, ал жұмыста — қытай тілінде, өйткені барлығы түсіне бермейді. Әйелдер мен ерлер тең еңбек етеді, балаларға ерекше құрметпен қараймыз», – дейді Гүлнұр Кенжебекқызы.

Іле қаласындағы орташа айлық жалақы 5 000 юань шамасында (шамамен 340 000 теңге). Мемлекет тарапынан төмен табысты отбасыларға айына 300–600 юань көлемінде жәрдемақы беріледі. Сондай-ақ, мұқтаж жандарға тегін немесе жеңілдетілген тұрғын үй алу мүмкіндігі қарастырылған.

Қазаншы ауданы – Іле қаласының көне бөлігі, мұнда қазақ, ұйғыр, орыс және өзбек мәдениеттері тоғысқан. Тарихи ғимараттар, ұлттық тағамдар мен көптілді жазулар өңірдің көпұлтты болмысын айқындайды.

Қаладағы ерекше мәдени нысан – «Мың аккордеон» мұражайы. Оны орыс ұлтынан шыққан шебер әрі коллекционер Александр Зазулин негізін қалаған. Мұражайда 20-дан астам елден жиналған 800-ге жуық аккордеон сақталған. Мұнда түрлі этнос өкілдері қатысатын концерттер мен мәдени шаралар өтеді.

Этникалық қазақтар Синьцзянда өз тілін, мәдениетін және ұлттық дәстүрлерін сақтай отырып, заманауи қоғам өміріне белсенді араласуда.

Айта кетсек, 2025 жылғы 12–16 қазан аралығында Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы Елшілігінің ұйымдастыруымен отандық БАҚ өкілдері мен блогерлер үшін Синьцзян-Ұйғыр автономиялық ауданына пресс-тур ұйымдастырылды. Делегация құрамындағы қазақстандық журналистер Үрімжі, Фукан, Хоргос және Іле-Қазақ автономиялық округінде болып, аймақтың мәдени және әлеуметтік дамуы туралы материалдар дайындады. 

Синьцзяндағы этникалық қазақтар дәстүр мен мәдениетті сақтауда