Димаш Құдайбергеннің әлемдік туры – мигранттар мен босқындарға қолдау көрсетуге бағытталған гуманитарлық бастама

08 Қазан 2025

Халықаралық көші-қон ұйымы (ХКҰ) өзінің ізгі ниет елшісі, әлемге әйгілі қазақстандық әнші Димаш Құдайбергенмен бірлескен жаңа жаһандық жобаны іске қосты.

Бұл бастама аясында Димаштың әлемдік туры тек музыка мерекесі ғана емес, сонымен қатар миллиондаған мигранттар мен еріксіз қоныс аударушылардың тағдырына назар аудартуға арналған маңызды миссия болмақ.

ХКҰ мәліметінше, әр концерт барысында көрермендер арнайы QR-код арқылы ұйымның қайырымдылық бетіне өтіп, гуманитарлық көмекке өз үлесін қоса алады. Жиналған қаражат көмекке мұқтаж жандардың өмірін сақтап қалуға және қауіпсіз болашақ құруға бағытталады.

«Музыка – бізді біріктіретін ортақ тіл. Біз көмекке мұқтаж адамдарға қолдау көрсету арқылы әлемді мейірімді ете аламыз», – дейді Димаш Құдайберген.

Халықаралық көші-қон ұйымының бас директоры Эми Поуптың айтуынша, Димаштың миссиясы көші-қонның адамзат тарихындағы ажырамас бөлік екенін және әрбір адам қоғамға өз үлесін қосуға лайық екенін еске салады:
«Димаш – адамдарды олардың шыққан жеріне қарамастан біріктіре алатын тұлға. Оның өнері мен гуманитарлық бастамалары адамзаттың біртұтастығын паш етеді».

Әлемдік тур 5 қазанда Нью-Йорктегі “Мэдисон-сквер-гарден” аренасында басталып, Мехико, Барселона, Лондон және Берлин қалаларында жалғасады.

Димаш Құдайбергеннің әлемдік туры – мигранттар мен босқындарға қолдау көрсетуге бағытталған гуманитарлық бастама