- Қазіргі таңда заман талабына сай, мектеп қабырғасында зияткерлік ойындарды дамыту өзекті мәселе. Зияткерлік ойын – ой шығармашылығын дамытатын спорт түрі. Бүгінгі оқушының зерттеушілік дағдысы, жеке тұлғаның біліктілік қасиеттері осындай ойындар арқылы шыңдала түседі. Осы орайда аудандағы алыс-жақын ауылдарда тоғызқұмалақ интеллектуалдық ойынын дамытудың маңызы зор. Бұл зияткерлік ойыны – логикалық ойлау өнері. Сондай-ақ ойынның басты қасиеті – адам санасын жетілдіруге ерекше күш салады. Тоғызқұмалақ – оқушылардың ой-өрісін, сана-сезімін дамытып, адалдық, шынайылық, адамгершілік сияқты ұлттық құндылықтарды бойына ұялатады. Осы орайда көп жылдан бері Ортақұдық ауылы оқушы-жастарының бос уақытын тиімді өткізу мақсатында «Тоғызқұмалақ» атты үйірме ашып, шәкірттеріне осы ойынды меңгерту арқылы, ұстамдылыққа, төзімділікке, жігер-намысты шыңдауға, еңбектенуге тәрбиелеуга ат салысып жатқан кейіпкеріміз бар. Өскелең ұрпаққа тоғызқұмалақ ойынын ережеге сәйкес тиімді әдіс-тәсілдерін үйрету және сол арқылы ұлттық құндылықтарды бойына сіңіру сынды мерейлі мақсатты көздеген ұстазымыз Наурызбек Баратов.
-
- Наурызбек Пірманұлы 1993 жыл 21 наурызда Тамды ауданы Ортақұдық ауылында шаруа отбасында дүниеге келген. Алғашқы қызмет жолын 2015 жылы осы ауылдағы №14 мектепте дене шынықтыру пәні оқытушысы болып бастаған. 2023 жылдың қыркүйек айынан бастап мектептің оқу ағарту істері бойынша директор орынбасары қызметінде істейтін жас маман оқушыларды оқу білім мен қатар спортқа баулып, үстел теннисі бойынша ауданда, облыста, республикада бірнеше дүркін жеңімпаздарыды дайындаған. Кейіпкеріміз ұстаз ретінде ұлттық ойындарды дәріптеуге ат салысуда. Қазақ мектебінің оқушыларының ерекшелігін ескеріп, тоғызқұмалақ үйірмесін ашқан Наурызбектің үйірмесіне мектептің барлық оқушылары мүше болып, үзбей қатысуды дағдыға айналдырған.
Тоғызқұмалақ – қазақтың ұлттық ойыны. Бұл ойынды «Қойшылар алгебрасы» деп те атаған. Себебі тоғызқұмалақты алғашында өрісте қойларын жусатып жіберген ауыл қойшылары ойнайтын болған. Жерден ұя-шұңқырлар қазы¬лып, құмалақпен ойналған бұл ойын қазір он сегіз отаудан және екі қазаннан тұратын арнайы тақтайшада жүз алпыс екі таспен ойналатын ұлттық ойын. Тоғызқұмалақ ойыны – тақ сандар мен жұп сандардың өзара тартысы. Әр отау да тоғыз құмалақтан орналасады. Ойынды солдан оңға қарай кез келген отаудан бастап жүруге болады – дейді кейіпкеріміз Наурызбек Баратов.
-
- Тоғызқұмалақ ойынын кәсіби деңгейде білмесе де әуесқойлығы арқасынан мектепте оқушы кезімнен қызығып, үйінде бар бір кітаптан үйренген Наурызбек жұмысқа кірген соң Қазақстан Республикасына арнайы барып, тоғызқұмалақ тақтасы мен ойын ережелері кітабын сатып алады. Кейін бауырларына, достарына тоғызқұмалақ тақтасын алдырып, санын көбейтіп, оқушыларға үйрете бастайды. Ауыл жастары қызыға үйренген соң мектепте тоғызқұмалақ үйірмесін ашады. «Тоғызқұмалақ» ойыншының жылдам ойлауына, есептеудің түрлі тәсілдерін меңгеруіне ықпал етеді және бабаларымыздың осал адамдар болмағанына көз жеткізеді. Ойын негізінен екі ойыншының арасында өтеді. «Тоғызқұмалақ тақтасы» деп аталатын арнаулы тақтада ойналады. Ойын мақсаты-ойыншы өз қазанына кемінде 82 құмалақ жинап жеңіске жету. Оқушылары арасында сайыстар өткізіп тұратын ұстаздың шәкірттері қазіргі кезде тоғызқұмалақ ойыны ережесін, ойнау тәсілін әуесқой ретінде жетік меңгерген. Жас адамды ойлылыққа, күрделі істің күрмеулі жібін тез шешуге дағдыландыратын, математикаға баулитын тоғызқұмалақ спорт түрін меңгерген ортақұдықтық оқушылар шахмат, дойбына да жақсы ойнайды.
Ұлттық ойындардың адамға тигізетін пайдасын халық ертеден-ақ білген. Ойындар атадан балаға, үлкеннен кішіге мұра болып жалғасып, халықтың дәстүрлі шаруашылық, мәдени, өнер тіршілігінің жиынтық бейнесі әрі көрінісі болған. Қазақтың ұлттық ойындары ойлау, жүгіру, секіру сынды элементтеріне бай. Ойындарды көп ойнап, жүгіріп, далада, таза ауада жүру – жас ағзаның дұрыс та сергек өсуінің көзі болған және де балалар ойын ойнаған кезде ерлікті, өжеттікті, батылдықты, шапшаңдықты сонымен қатар, мінез-құлық ерекшеліктерін, білек-күшін, дененің сомданып шынығуын қалыптастырады. Сондықтан ұлттық ойындарды оқу-тәрбие үдерісінде пайдалану қоғамдағы ұлттық идеологияны нығайтуда пайдасы зор. Жалпы қандай да ұлттық ойын болса барлығын қолдан кесе үйреткен жөн деп санаймын. Ауылда ойналатын ұлттық ойындар дүниеге қарай ашылған үлкен жарық терезе іспетті, ол арқылы баланың рухани сезімі жастық шақ өмірімен ұштастырып, өзін қоршаған, дүние туралы түсінік алады. Ұлттық ойын тынысын кеңейтіп, алысқа меңзейтін, ойдан-ойға жетелейтін, адамға қиялмен қанат беретін осындай ғажап нәрсе ақыл-ой жетекшісі, денсаулық кепілі, өмір тынысы шапшаң ойлау тәсілі. Ұлттық ойындар арасында оқушыларыма тоғызқұмалақтан басқа «Ханталапай», «Ақсерек-Көксерек», «Алшы», «Бестас» сияқты ойындарды ойнату арқылы оларды тапқырлыққа, жылдамдыққа, шапшаңдыққа, икемділікке, батылдылыққа үйретіп жүрмін. Алдағы уақыттада ұлттық ойындарды кеңінен үйретіп отырамын, - дейді әңгімесінде үйірме жетекшісі.
- Иә, Тамды ауданы Ортақұдық ауылында тоғызқұмалақ қанатын қеңге жайып, ауылдастардың сүйікті ойыны қатарында келеді. Жастардың зердесін ойлау жүйесін жетілдірудегі маңызды зияткерлік ойын түрі тоғызқұмалақ екенін үнемі ескерген жөн. Тоғызқұмалақ ойынын насихаттап, жұртшылыққа таныстырып жүрген Наурызбек Баратовтың жұмысына толағай табыс тілейміз.
-
- Автор: Гүлдана НАРЫНБЕТОВА
- Өзбекстан Республикасы

